Back

“Қайтадан су басуы мүмкін…”. Ахметов Зырян ауданына келді

Зырянды қайта су басқан жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіретін арнайы орындар дайындалып жатыр. 

Бұдан бұрын Зыряндағы бірнеше өзен арнасынан асқан. 400-ден аса тұрғын – үйді су шайған. Әлі күнге дейін 135 үй су астында. 

 Өткен аптада ауданның 811 тұрғыны құтқарылды. Соңғы мәліметке сәйкес 474 тұрғын үйлеріне оралыпты.

Өңір басшысы Даниал Ахметовтың айтуынша, Зырянды қайта су басуы мүмкін. 

– (Зырянда) әлі қар жатыр. Алдағы күндері күн жылынады. Өзендер тағы арнасынан асуы мүмкін. Бұл болжам ғана. Дегенмен, дайын болуымыз керек. Ахуал әлі де ауыр. Осы себепте тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіретін мыңдаған орын сайлап қойдық”, – дейді Ахметов. 

Ауданда тасқын зардаптарын жоюға 400-ге жуық адам жұмылдырылған. Бұлардың арасында коммуналдық қызмет өкілдері, құтқарушылар мен еріктілер бар. 

Осының нәтижесінде Быково ауылындағы су шайып кеткен көпір қайта қалпына келтірілді. Бұдан сырт Бұқтырма, Вторушка, Грянушка өзендерінің жиегіне тас төгіліп, құм қапшықтармен бекітілді. 

Күн кеше Малеевск ауылындағы дамбыдан асып төгілген төгілген судың биіктігі 7 метрге жеткен. Әзір су қоймасының іргесін бекіту әрі ернеулеріне су жіберетін құбырлар орнату жұмысы жүргізілуде.

Ахметов бүгін Зырян ауданына келді. Әкім аудандағы тасқын зардаптарын жою мақсатындағы жұмыстармен танысатын болады.