Back

Шығыс Қазақстан халқы тасқынға қарсы ел болып күресудің жарқын үлгісін көрсетті

Наурыз айынан бері Шығыс Қазақстан облысын су тасқыны жан-жақтан қыспаққа алғаны белгілі. Осы бір айтып келмейтін апат шығысқазақстандықтардың береке-бірлігін арттыра түскеніне куә болдық. Осындай сын сағатта көршілер бір-біріне көмек көрсетіп, бейтаныс адамның өзге біреу үшін басын бәйгеге тікті. Бұдан асқан адамшылық қасиет бар ма?

Өңірдегі су тасқынын ауыздықтау ісіне 3 мыңнан астам еркітінің қатысып, ақысыз-пұлсыз жұмыс істегенінен облыс тұрғындарының сана-сезімі қаншылықты өскенін байқауға болады. Бір айда мыңға тарта үйді қызыл су басқанда – апаттан зардап шеккен адамдардың жігері құм болып, өмірден баз кешкенін көрмедік. Қайта жігерленіп, уақытша қиындыққа қасқайып қарсы тұрды. Бір-біріне көмек қолын созып, жігерлендіре түсті.

– Біздер 1994 жылы бұданда қатты су тасқынын бастан өткергенбіз. Сондықтан өзендер арнасынан асып, су басқанда біздер саспадық. Үйге су кірген бетте барлық заттарымызды биікте тұрған шкафтарға жинастырдық. Бір-бірімізге барынша көмек қолын создық, – дейді шығысқазақстандықтар.

Осы ретте қарапайым халық ШҚО Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкері Бейсенғали Дүйсенбаевтың ерлігін тәнті болғандарын да жасырмай айтты. Ол қызыл суды кешіп жүріп, жұрттың қорадағы ірі қараларын қауіпсіз жерге айдап шығарған.

Ер заматтарды былай қойып, Зырян ауданы әкімнің орынбасары Жанна Асқарқызы, жергілікті мектептің оқу ісі бойынша меңгерушісі Айгүл Башаева және әкімдік қызметкері Наталья Зайцевалар 30 наурыз күні Малеевка елдімекенін су басқанда күн-түн демей құтқару жұмысына қатысып, жұмыс істегенін айта кетуіміз керек.

Сонымен қатар су өзен бойына жақын маңдардағы үйлерді су басқанда тұтас ауыл тұрғындар жұдырықтай жұмылып су басқан үйлердің жертөлесі мен аулаларды судан тазарту, судың арнасын басқа жаққа бұру, адрестік көмек көрсету сынды алғашқы кезеңдегі көмектерді көрсетіп, табиғат апатының зардабын мейлінше төмендеткенін айтуға тиіспіз. Осылайша шығысқазақтандықтар табиғат апатына қарсы ел болып күресудің жарқын үлгісін көрсетті.