Back

Қайрат Нұртас: «Әке болып, ақыл айтып үйде отырғым келеді»

Қазіргі таңда қазнетте қызу талқыға түскен тақырыптардың көшін, Қайрат Нұртастың жанұясы жайлы жаңалықтар бастап тұр. Осы уақытқа дейін, отбасын көпшілік көзінен тасада ұстаған әнші үшін, 10 жыл бойы олар жайлы тіс жармау оңайға соқпаған. Енді, Хитмен құпияның барлығын ашуға дайын. Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасында айтылды.

Қайрат 10 жылға жуық жұбайы мен балалары жайлы, ешбір жанға тіс жармаған еді. Алматыда жанұялық концертін өткізген әнші, бұл сәтті ұзақ күткенін айтады.

– Бұл концертке жанұяммен шыққан себебім, жұртқа жанұямды таныстыру болды. Жанұямды таныстырдым, отбасымды көрсеттім, 10 жыл жасырған әйелімді көрсеттім. Енді халықтың алдында бетім ашық. Құдайға шүкір енді күнде суретке түсіп, күнде мақтанамын, – дейді Қайрат.

Олай болса, жанұясымен жақынырақ танысайық. 10 жыл жасырған жұбайы Жұлдызды бүгінде жұрт жақсы таниды. Қайраттың тұңғышы Сезім осы жылы 10 жасқа толады. Екінші қызының есімі – Алау! Бос уақытында би өнерімен шұғылданады екен.

Анасынан аумай қалған Нарұл, жарасамды жұптың үшінші баласы. Хитменнің кенжесі – Хан есімді балақай, әкесінің аузынан түсіп қалғандай. Ал, немерелерін сахнаға шығару продюсер Гүлзира Айдарбекованың идеясынан туындапты.

– Балалар сол концертке барасыңдар деген күннен бастап, өздерінің талғамымен… Жаңағы біреуі би, біреуі пианиносын, біреуі әнін дайындап, бәрі өздерінің қалауымен бізден бұрын дайындалып, әкесіне өздерінің көмегін тигізді. Осылайша немерелерім бәрімізді қуантты, – дейді Айдарбекова.

– Әке болып үйде отырғың келеді. Ақыл айтқың келеді. Отбасыңмен бірге әрқашанда қастарыңда болғың келеді. Біреу айтқан екен: «Тракторист болса да, күйеуім күнде қасымда» – деп. Сол сияқты мен де күнде қастарында болғым келеді, – дейді Қайрат.

Бірақ, қос астанамызда қатарынан 4 концерт өткізген Қайраттың демалуға уақыты тапшы.

 

Дереккөзі: stan.kz