Back

Шығысқазақстандықтар жемқорлыққа қарсы

Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға қатысты ІІ Конгресс өтіп, басқосуға ШҚО Мәслихатының депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, азаматтық ұйым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысып, сыбайлас жемқорлықтың түбіріне балта шабуға қатысты өз ойларын ортаға салды.

Маңызды шара барысында қоғамдық өмірімізде сыбайлас жемқорлықтың қалай қалыптасатыны және оған қарсы бастамаларды қоғамды қалай тартудың жолдары сөз болды.

Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту бағытында жергілікті БАҚ өкілдерінен тұратын азаматтық белсенді топ қалыптасқан-ды. Бүгінде осы топ мүшелері жемісті жұмыс істеп, өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бойына қан жүгіртіп отырғанын айта кетуіміз керек.

Журналистер қауымынан құралған бұл топ облыс тұрғындарынмен қоян-қолтық жұмыс істеп, жемқорлық қоғамның өзегіне түскен құрт екенін жан-жақты түсіндіріп, тиімді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі таңда топтың түрлі әлеуметтік желілерде заң бұзушылықтар мен бюджет қаржысын жымқыру оқиғаларды әшкерелеріп, жемқорлықпен белсенді жұмыс жүргізуде.

Сонымен қатар бұл топ өңірдегі мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларының тиімді іске асуына мониторинг жүргізіп, бармақ басты, көз қысты оқиғаларды жолын кесуге қатысты халықтың ұсыныс-пікірлерін жинақтап, жемқорлықпен жүйелі күресудің жолдарын талдап, таразылап отыр.

– Облыста бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары сапалы, уақытында аяқтау ісі қоғамдық бақылауға алынған. Осылайша облыс тұрғындары сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесіп күрес жүргізудің арқасында жақсы өмірге тезірек қол жеткізетінін түсініп келеді, – дейді ШҚО бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы және мемлекеттік қызмет істер жөніндегі департаменттің басшысы Жанна Қабдолдақызы.