Back

Қостанайдағы оқушы қыз кісі қолынан қаза тапты

Қостанайдағы №11 орта мектептің оқушысы, 16 жасар Оксананың денесі 17 наурызда табылған. Оның денесінде көптеген пышақ жарақаты болған. Оның мүрдесін әкесінің туған әпкесі үйден тауып алған. Оқушы қыз көзі тірі кезінде сол әпкесімен бірге тұрған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ng.kz сайтына сілтеме жасап.

13 жыл бұрын ағасы жұбайын өлтіргені үшін сотталып, қарындасы олардың қызы – Оксананы өз қамқорлығына алған. Екі жыл бұрын Оксананың әкесі бостандыққа шыққан.

– Отбасы бұрынғыдай Денисовкада тұрды. Оксана 1 жас 8 айлық болған кезінде әкесінің қарындасы қамқорлыққа алған. Одан кейін олар Қостанайға көшіп, жақсы үйде тұрды. Оқушы қыз сүйкімді, ақжарқын мінезді еді. Ол регби спортымен шұғылданды. Болған жайды естіген мектептегілер есеңгіреп қалды, – дейді №11 орта мектебінің директоры Гүлмира Ілиясова.

Оксананың таныстары мен достары оның 17 наурызда жаттығуда болып, кешке үйге келгенін айтады.

«Ол сағат түнгі оннан кете ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі топқа үйде әлдебір жанжал, айқай-шу шыққанын жазды. Болған жайды кейін айтатын шығар деп ойладық. Одан кейін ол із-түссіз кетіп, кейінірек өлі күйінде табылды», – дейді оның сыныптастары.

Тағы бір нұсқа бойынша, Оксананың әпкесі үйден шығып кеткен. Үйге қайтып келгенде Оксананың денесі көптеген жерден жарақаттанып, бақилық болып кеткенін көрген. Достарының айтуынша, полиция қызметкерлері қазір екі адамнан күдіктенуде: оның бірі – амнистия бойынша уақытынан бұрын бостандыққа шыққан Оксананың әкесі, екіншісі – қамқорлыққа алған әпкесінің жолдасы, яғни Оксананың өгей әкесі.

Қостанай облыстық ІІД адам өлімі болғанын растайды, бірақ анық-қанығын әзірге жариялаған жоқ.