Back

Бишімбаев 10 жылға сотталды

Астана соты бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевті 10 жылға бас бостандығынан айырды. Үкімді сәрсенбі күні ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы Әділхан Шайхисламов шығарды.

14 наурызда үкім шығарған судья 37 жастағы Бишімбаевті Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлімі («Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық ету, сол сияқты қылмыстық топты құру не оған басшылық ету»), 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы («Топ болып немесе астыртын сөз байласып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салуды ұйымдастыру») бойынша айыпты деп таныды.

Сот сонымен қатар Бишімбаевті өмірбойы мемлекеттік басшылық қызметті атқару құқығынан айырып, қылмыстық жолмен алынған мүлкін тәркілеуге үкім кесті.

Сот үкімі бойынша, Бишімбаев жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Жаза мерзімі ол қамауға алынған 2017 жылдың 10 қаңтарынан есептелмек. Сотта прокурорлар Бишімбаевті 12 жылға бас бостандығынан айыруды, оған қоса мүлкін тәркілеуді сұраған болатын. Ал экс-министр өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып отыр.

 

Бишімбаев: “Сіздің алдыңызда кінәлі екенімді сеземін…”