Back

Толеранттылық пен конфессияаралық келісім – тұрақтылық тірегі

Қазақстан егемендік алған 26 жылдың ішіндегі ең ірі жетістігіміз бен ерекше маңызды жеңісіміздің бірі не екенін білесіз бе? Біз айтар едік, бұл – елімізде діни наным-сенім еркіндігі мен діни бостандықтың толықтай бекуі деп. Иә, солай.

Біле білсеңіз, тарихта дінаралық татулыққа қол жеткізген мемлекеттердің саны санаулы ғана. Ал біз бұған айналасы 26 жылдың ішінде қол жеткіздік. Оңай болған жоқ. Сынақтардан, қиындықтардан өттік. Күш-қуатымызды, қажыр-қайратымызды жұмсадық.

Осыдан небары 30 жыл бұрын бір кезгі КСРО-ның қол астындағы халықтар діннен біржолата қол үзуге шақ тұрған. Діни өмірден алыстап, атеизмге қауышуға аз қалғанбыз.

Егемендік алуымыз Қазақстанда тұратын ондаған ұлт пен ұлысқа 70 жылға созылған атеистік өмірден кейін өз діндерімен қайта қауышуға мүмкіндік берді. Бұл Тәуелсіздіктің бізге берген сыйы, бақыты деп санаймыз.

Ілгеріде айттық. Дінаралық татулықтың кілтін табу оңай емес. Бұл өте нәзік мәселе. Салғырт қарағанды көтермейді.

Осы 26 жылдың ішінде Қазақстан – келісімді діни қатынастардың жоғары деңгейіне қол жеткізді. Осының нәтижесінде біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі азын-аулақ елдердің санатына кірдік.

Бұл өз алдына. Біздің жолымызбен жүргісі келетін мемлекеттер пайда болды. Еліміздің конфессияаралық келісімдегі аса қажетті тәжірибесі әлемге танымал болып отыр қазіргі күні.

Дінаралық татулық дегеніміз не? Бұл әрі-беріден соң теңдік. Діндегі теңдік. Араздасу жоқ, түсінісу бар.

Байқасаңыз, осы уақытқа дейін мемлекет саяси-әлеуметтік өмірдегі діннің игілікті рөлін арттыруға күш салды. Оның имандылық, рухани және әлеуметтік функцияларын күшейтті.

Бір дінді шетке шығарып, келесісін төрге оздырған жоқ. Тең қарады. Осының арқасында елімізде дінге сенушілер мен діни нанымдағылар көбейіп, діни бірлестіктер қызмет атқаруда. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін хал-қадірінше қосып отырғандары бәрімізді қуантады.

 

Ынтымақты болудың бір жолы

Бүгінгі таңда Қазақстанда татулығы мен ынтымағы жарасқан, мақсаты мен мұраты ортақ 120-дан астам ұлт пен 20-ға жуық конфессия өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.

Қателеспесек, 2006 жылдан бері елімізде қасиетті Құрбан айттың бірінші күні мен Православие Рождествосы 7-ші қаңтар демалыс күндері болып бекітілді.

Осы арада тілге тиек етер бір жайт бар. Иә, ресми деңгейде дін мемлекеттен бөлек деп жария етілген. Алайда, шын мәнінде, біз оларды бір-бірінен оқшаулау алмаймыз.

Біздіңше, бұлар бір-бірімен тығыз байланыстағы түсініктер, тіпті өзара серіктес деп айтсақ артық емес.

Өздеріңіз де білетін боларсыздар, дінаралық қатынас саласындағы еліміздегі салиқалы, салмақты мемлекеттік саясаттың іргетасы, ол – біріншіден, ырықтандырылған (либералдық) заңнамалар, екіншіден, барлық діни наным-сенімге құрметпен қарау және үшінші, діни пікір алуандығы (плюрализм).

Міне, аталған үш шарт, жалпы алғандағы, Қазақстандағы дінге сенетін азаматтардың дін ұстану бостандығы принципін, олардың құқығын және елдегі рухани бірлікті нығайтуды іске асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.

Еліміздегі ар-ождан бостандығы бағытындағы зайырлы мемлекеттік саясаттың негізгі 3 принципін де атап айтуымыз керек, бұлар: бейтараптылық, тағаттылық және тепе-теңдік принциптері.

Дінаралық татулыққа қалай қол жеткіздік?

Біздің тәжірибемізден үлгі алғысы бар әлем елдерін осы сауал қызықтырады екен.

Осы орайда сарапшы мамандарды мазалайтын бір сауал бар. Біздің ел қандай принциптерге басымдық берді?

Айтайық. Бұл бірінші кезекте елдегі діни бірлестіктердің ішкі іс-шараларына тұмсық тықпау, қандай да болмасын діни ұстанымды бір-бірімен сәйкестендірмеу және де теңдік, тең мүмкіндік мәселелерін қамтитын мемлекеттің дүниетанымында бейтараптылық (немесе нейтралитет) принципіне басымдық беру.

Толеранттылық мәселесін де мемлекеттік тәуелсіздік алғалы бері насихаттап келеді. Тегін емес. Осы түсініктің мәні мен мазмұнын түсінбейтін әлі де бар. Көпшілігі төзімділік деген түсініктің шеңберіне сыйғызып қояды.

Ал анығында толеранттылық дегеніміз өзгелердің діни сеніміне шыдамдылықпен, төзімділікпен қарау ғана емес, сонымен қатар олардың сеніміне сый-құрметпен қарау дегенді білдіреді.

Егер беріден алсақ бұл ұстаным, азаматтардың дінге сенушілер мен атеистердің бір-біріне деген қарым-қатынастарына, ал әріден алсақ, тұтас мемлекеттік тәртіп шеңберінде әртүрлі діндер мен зайырлы ұйымдардың бір-бірімен тізе түйістіріп, бейбіт өмір сүруіне де қатысты.

Ал тепе-теңдік принципі дегеніміз не? Мұны да түсіндіре кетелік. Тепе-теңдік немесе паритеттік принципі заңда көрсетілгендей, өзге діндердің де құқығы бірдей болатындықтан, мемлекет қандай да бір болмасын діни бірлестікке басымдық бере алмайды. Неге? Өйткені, діни бірлестіктердің барлығы заң алдында тең. Міне, солай.

Тәуелсіздік алғалы Үкімет дінді ұстанатын және оны ұстанбайтын азаматтардың арасында, бұдан сырт түрлі деңгейдегі діни бірлестіктер арасында өзара төзімділік пен құрмет қатынастарын орнықтыруға жәрдемдесті, жәрдемдесіп те келеді.

Тағы бір жайт…

Маман болғаннан кейін түрлі шараларға қатысасың. Халық дінге қатысты сауалдарды көп қояды. Айталық, дін бүгін кімге керек, дін тек дін қызметкерлеріне, ия болмаса, діндарларға ғана қажет пе деген сұрақты жиі естимін.

Негізінде қазіргі таңда дін біздің бүкіл қоғамға, бәрімізге қажет. Дінсіз адам болуы мүмкін, бірақ дінсіз қоғам әсте болмайды. Себебі, дін –қоғамдық құбылыс. Ендеше мемлекет те одан шет қала алмайды.
Керең десеңіз, тарихқа үңілелік. Әйгілі Наполеон Бонапарт императорлық таққа келгенде француз халқына өз дінін қайтарып, дін жолына рұқсат бергенде, “дінсіз халық – мұхитта компассыз жүзіп жүрген кемеге тең” – деген екен.

Міне, ендеше дін – әр кезде, әр уақытта ұлттың рухани-мәдени тірегі, қауымды топтастырушы құрал болған және болып қала да бермек. Дін – ұлттың қасиетті сипаты. Ұлттың ең бірінші қасиетті сипаты – тіл болса, екіншісі – дін деп есептейміз.

Дінаралық татулықтың жарқын көрінісі – Қазақстан

Қазіргі Қазақстан – күллі әлемдік діндердің: буддизмнің, христиандықтың және исламның, зороастризмнің де, иудаизм мен индуизмнің айтар ойы мен жазар пікірін бір арнаға тоғыстырған өзіндік күлтөбеге айналып отыр.

Осы уақыттың ішінде біз күллі әлемге өзіміздің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ордасы екендігімізді дәлелдедік.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ұйытқы болуымен елордамыз Астанада сонау 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съезі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл да біздегі діниаралық татулықтың жарқын көрінісі іспеттес.

Міне, осы съездерге қатысқан әлемдік және ұлттық діндердің басшыларымен тілдескен болатынбыз. Барлығы бірауыздан рухани ынтымақ мен дінаралық келісімді орнатуда Қазақстаннан алатын тәжірибе мен үлгінің мол екендігін талай мәрте атап өткен еді.

Атқарған ісіміздің жемісі ретінде, нақтылап айтсақ, діндер мен мәдениеттер арасындағы әлемдік диалогқа себепші болған біздің Астана съезінің үлгісі Біріккен ұлттар ұйымының бас ассамблеясының резолюцияларында атап көрсетілді. Біле білгенге, бұл – үлкен жетістік.

Діндер арасындағы диалогты қамтамасыз ету, діни құрмет пен діни толеранттылықтың іргесін нығайту – еліміздің ішкі және сыртқы саясаттағы шешуші басымдықтарының бірі.

Ілгеріде айтып өткен ауқымды діни форумдардың Қазақстанда өтуі – халқымызға, Елбасымызға деген үлкен құрмет пен зор сенім. Бастысы бүгінді таңда сол сенімді толықтай ақтап келеміз.

2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съезі тұрақты түрде қабылдап келе жатқан елордамыз Астана шартараптағы күллі дін өкілдерінің басын қосып, ортақ игі мәмілеге шақыратын өзіндік рухани орталыққа айналды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Қазақстанның брендіне, “бет-бейнесіне” айналды десек артық емес.

 

Сөз соңында
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бізді жаңа көкжиекке бастарына сенімдіміз. Рухани жаңғырудың астында үлкен мазмұн, айрықша мақсат жатыр. Рухани жаңғыру демек, рухани қуатқа ие болу.

Діни сеніміне адал, дінді берік ұстанған азаматтың бойына ерекше күш-қуат пен жігер болады. Діни сенім өз кезегінде адамның жүрегіне әдептілік пен имандылықты ұялатады, санасын тазалық пен сабырлыққа шақырады. Нағыз діндар адамның сана-сезімі, дүниетанымы, тіпті азаматтық позициясы өзгеше де ерекше қалыптасады.

Бастысы, шын таза діндар азаматтар мемлекетке аса ерекше ықыласпен, құрметпен қарайды, билікке мойынсұнады және де отаншыл келеді. Міне, осындай кезде «Рухани жаңғыру» түсінігі де өзекті екенін ұғынамыз.

Тоқ етерін айтқанда, дінаралық татулықтың өзегінде мемлекеттік деңгейдегі саясат жатыр. Елдің бірлігі мықты болса, ендеше оның болашағы да айқын. Мемлекет басшысының саясатының басты бағыты да осы. Осы себепті де,  біз ойымызды тазартып, рухымызды күшейтіп, рухани жұтаңдықтан арылуға барынша күш салуымыз керек.

Жасырары жоқ, дін туралы ақиқатты соңғы жылдары ғана түсініп біле бастадық. Діни ұстанымдар өмірімізге енді-енді орнығып, ықпалы күшейіп келеді. Бұл өз кезегінде біздің тұрмысымызға да әсер ететіні анық. Ақиқаты: біздің болашағымыздың жарқын да баянды болуы біржағынан дінімізге де байланысты екеніне көзіміз жетті. Ендігі мақсат діни наным-сеніміміз, діни сауатымызды арттыру. Және осыдан туындайтын дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту және рухани тәрбие шаралары аясында толерантты мінезді дамыту. Мұның барлығы әзіргі қоғам үшін аса маңызды. Елімізде қалыптасқан конфессияаралық келісімнің сақталуы да аталған факторлармен тығыз байланысты.

Аманбек Мұхашев

дінтанушы, Мәдениеттер мен діндердің
халықаралық орталығының
бас сарапшысы