Back

1,5 адам қазақстандық телеарналарды қарамайды

Қазақстанда 600 мыңға тарта отбасы «сұр» спутниктік тарелкаларды пайдаланып жүр. Жалпы елімізде мөлшермен 1,5 миллион адам қазақстандық телеарналарды қарамайды. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

Жалпы отырыста министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» атты заң жобасын таныстырды.

Кейін халық қалаулысы Әлия Сапарова еліміздегі азаматтардың біраз бөлігі «сұр» тарелкаларды пайдаланып, отандық БАҚ таратқан ақпараттардан тыс қалып отырғанын атап өтті. Осы орайда ол Дәурен Абаевтан аталған салаға қалай бақылау жүргізетінін сұрады.

«Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасы бойынша аталған салада лицензия мен өзінің спутниктік жүйесі жоқ, операторларға тыйым салу нормасы ұсынылып отыр. Аталған норманы қолдай отырып, бір нәрсені анықтағым келеді. Яғни,  аталған норма «сұр» спутниктік тарелкасы бар азаматтарға қалай әсер етеді? Аталған саланы қалай бақылауға алмақсыздар?»  – деді депутат.

Осы орайда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі аталған сала ақпараттық қауіпсіздік үшін өте маңызды екенін атап өтті.

«Бұл мәселе еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты. Қазіргі кезде 600 мыңға тарта отбасы «сұр» тарелкаларды пайдалануда. Бұл жерде жады картасы пайдаланылады. Ал онда қазақстандық телеарналар орнатылмаған. Осы орайда шамамен 1,5 миллион адам Қазақстанның ақпараттық кеңістігінен тыс қалып отыр, яғни олар қазақстандық телеарналарды қарамайды және елімізде не болып жатқанын білмейді», – деді министр.

Абаевтың айтуынша, ел тұрғындары «сұр» тарелкаларды пайдалануды жалғастыруда. Себебі, бұл сала елімізде заң жүзінде реттелмеген.

«Сондықтан бұл мәселені өзекті деп білеміз. Осы құрылғыларды пайдалануды адамдар жалғастыра береді. Бұл тұрғыда тұтынушыларға ықпал етудің ешқандай шаралары бізде қарастырылмаған. Алайда біз осы карталарды таратып жүрген адамдырды құқықтық кеңістікке шығарудамыз. Олар шынымен де Қазақстанның құқықтық кеңістігінен тыс қалып отыр. Электронды төлемдер арқылы төленген ақша басқа елдерге кетіп – жатыр», – деп түйіндеді сөзін министр.

Сондай-ақ, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарының сұрауына жауап бермейтін шенеуніктердің жалақысы төмендетілетін болады.

«Олардың қызметінің тиімділігін бағалау бонустық-балдық жүйеге келтірілуде. Сол себепті, егер ол жауап бермесе, тиісінше, рейтингі құлдырайды, нәтижесінде, еңбекақысы да кемиді. Меморгандардың қызметі тиімділігінің өлшем-критерийлерінің бірі – БАҚ-пен жұмыс болады. Мемлекеттік қызметшілерге арнайы KPI, тиімділік көрсеткіштері белгіленеді, ол өз жұмысында соған сәйкес келуге міндеттенеді. Басшылар оның KPI көрсеткіштеріне жауап беретін-бермейтінін қарап отырады. Жауап бермесе, жұмыстан босата алады», – деді Дәурен Абаев.

Заң жобасының негізгі бағыттары

 

Аталған заң жобасы бұқаралық ақпарат құралдары, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұқаралық ақпарат құралдары мен коммуникациялар саласындағы өзгерістер бірнеше бағыттарға арналған.

 

Біріншіден, ақпарат саласында азаматтардың құқықтарын:
– субтитрлеуді немесе сурдоаударманы кеңінен қолдану арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдардың ақпаратқа қолжетімділігіне құқықтарды пайдалану мүмкіндігін кеңейту;
– «баланың жасына сәйкес келетін ақпарат» деген ұғымды заңнамалық тұрғыдан бекіту;

– баланың бейнесін және дербес деректерін баланың өзінің немесе оның заңды өкілдерінің келісімінсіз пайдалануды шектеу жөніндегі нормаларды енгізу жолымен қамтамасыз ету.

2) БАҚ қызметі үшін:
– болмашы бұзушылықтар бойынша БАҚ қызметін   тоқтата тұру және таралымды тәркілеу түрінде әкімшілік жазалау шараларын алып тастау;
– олардың ауызша және жазбаша сұрау салулары бойынша БАҚ  ақпарат ұсыну процесін ретке келтіру;
– БАҚ-пен жұмыс істеуді жүзеге асыратын уәкілетті тұлғалардың немесе бөлімшелердің мәртебесі мен функцияларын айқындау;
– баспасөз басылымдарының уәкілетті органға міндетті дананы электрондық түрде ғана ұсынуы жолымен жағдай жасау.
3)  Отандық телевизия және жарнама нарықтарын:
–  спутниктік телерадио хабарларын тарату операторларының қабылдағыш қондырғыларын таратумен айналысатын тұлғаларды телерадио хабарларын тарату субъектілері ретінде заңнамалық тұрғыдан айқындау;
– мемлекеттік органдар мен ұйымдарда жария түрде көрсету үшін тек қана отандық теле-радиоарналарын тарату жөніндегі талаптарды енгізу;
– мемлекеттік тілдегі жарнаманы тең мөлшерде бөлу жөніндегі нормаларды нақтылау жолымен дамыту.

4) Коммуникацияны:
–  мемлекеттік-жекешелік әріптестік рәсімін жетілдіру арқылы ақпараттандырудың сервистік моделі бойынша көрсетілетін қызметтерді алу;
– мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне қойылатын талаптарды қайта қарау, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке міндетті сынақ рәсіміне жататын объектілерді анықтау жолымен дамыту.
Мәжіліс депутаттары осы отырыста Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының  қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасы, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңның жобасын ілеспе түзетурлерімен жұмысқа алып, бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгіледі.