Back

Ұрпақ тәрбиесінде қарттардың орны бөлек

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына орай өткен салтанатты жиынға қатысты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс басшысы А. Баталов қарияларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың бұдан әрі де жалғаса беретінін,  айта келе:

– «Өсетін елдің қарты – қазына болар» деген даналық сөз бар. Тәуелсіз елдің ұлағатты ұлын, инабатты қызын тәрбиелеуде – қазыналы ата-әжелердің орны бөлек.  Өздеріңіздей аға тұтар – алдыңғы буынның жүріп өткен жолы – болашақ  үшін үлкен өмірлік мектеп. РеспубликалықАрдагерлер ұйымының қарқынды жұмысына облысымыздың ардагерлері де белсенді араласуда.Бүгінде құрамында 215 мыңнан астам зейнеткер бар, олардың 181-і Ұлы Отан соғысының ардагері.«Көп жасағанна сұрама, көпті көргеннен сұра» дегендей, біз әрқашан өмірлік тәжірибесі мол аға буынды үлгі тұтып, келелі істі бастауда кеңесіп отырамыз.Әлі де алдымызда қорған болып, әр ісімізге сәтті қадам тілеп жүре беріңіздер. Ел бірлігі мен тұтастығына, Ұлы Даламыздағы өркениетті істерге қосар үлестеріңіз мол болсын! – деді.

Осы жиында облыстың 40 ардагеріне көп жылғы еңбегі, өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін Орталық кеңестің «Құрмет белгісі», ҚР ардагерлер ұйымының 30 жылдық мерейтойлық медалі, облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары берілді.

Салтанатты жиын сахнасында облыс әкімдігінің қолдауымен шыққан, облыс ардагерлерінің жетістіктерін паш ететін «Қариясы бар ел – қазыналы ел» атты жинақтың тұсауы кесілді.

Жиын соңы мерекелік концертпен аяқталды.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі