Back

Ермекбаев: “Зайырлы қоғам – діни ынтымақтастықты қамтамасыз етеді”

Таяуда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жұмыс сапарымен Қырғызстанда болып, Бішкек қаласындағы «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында өткен «Қазіргі заманауи зайырлы мемлекеттегі Ислам» тақырыбында ұйымдастырылған халықаралық конференцияға қатысып қайтты.  

Конференция жұмысы Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Конференция барысында Нұрлан Ермекбаев Алмазбек Атамбаевқа және осындай маңызды шараны ұйымдастырған Қырғыз Үкіметінің өкілдеріне алғыс білдіре отырып, Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасты жан-жақты дамытудың маңыздылығын атап көрсетті.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев өз сөзінде радикализм көріністеріне қарсы күрес бағытын көрсете отырып, деструктивті діни ағымдар идеяларының насихатталу мәселесін көтерді.

–  Кеңес үкіметі кезеңінің өзінде  біздің  халықтарымыздың арасында  адамдардың дінге деген көзқарасына қарамастан, бейбітшілік пен толеранттылыққа бағытталған діни дәстүрлер қалыптасқан болатын.  Біз діни мұраларымызды заман талаптарына сәйкес бейімдеп, бүгінгі және келешек ұрпаққа жеткізуге тиіспіз. Тек зайырлы қоғам ғана көпконфессиялы ортада өзінің діни теңдігін қамтамасыз ете алады, – деді министр.

Министр халықаралық ынтымақтастықты тереңдету  және діни негізде экстремизмнің алдын алу саласында тәжірибе алмасу мен бірлескен шараларды қабылдау мақсатында діни қызмет саласын реттейтін Орталық Азия елдерінің ведомостволары арасында Халықаралық Консультативтік кеңес құру туралы ұсыныс білдірді. «Біз, мемлекет қайраткерлері, ғылым мен дін жолындағы тұлғалар – бәріміз діни экстремизм мен радикализм тарапынан туындайтын қауіп-қатерлерге қарсы бірігуіміз керек… Мұндай Кеңес өңірлік форматта бірлескен тиімді жұмыс тетіктерін қалыптастыруға жол ашады. Бірлесіп шешімдерді жүзеге асыру арқылы деструктивті күштерге қарсы тұра аламыз», – деп атап өтті ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.

Сондай-ақ, ол конференция қатысушыларын мемлекеттің және діндердің өзара әрекеттесуінің қазақстандық моделін қалыптастыру бағытында Қазақстан Үкіметі тарапынан атқарылып жатқан шаралармен таныстырды. Заңды түрде жұмыс істейтін барлық діни бірлестіктермен ынтымақтастық орнату арқылы азаматтардың ар-ождан бостандығын, сенім мен еркіндігін қорғауға бағытталған нақты шараларды, заңдық нормаларды, мемлекет қолға алып отырған  жұмыстар туралы айтты.  Министр қазақстандық қоғам этносаралық және дінаралық келісімді сақтаудың бірегей үлгісін ұзақ жылдық тәжірибесі арқылы қалыптастырғанына назар аударды. Министрдің пікірінше, дәстүрлі қоғамның ең үлкен ерекшелігі – өзара сыйласымдылық пен жауапкершілік. Ұлттық құндылықтар мен толранттылықты үнемі ақпарат арқылы кеңірек насихаттаудың, әсіресе жастарға түсіндірудің маңызы зор.

Осындай оңтайлы тәжірибенің негізінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дәстүрлі дін көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастама жасады. Қазіргі зайырлы мемлекеттерде исламның орны мен рөлін талқылау конференцияның басты тақырыбына айналды. Ермекбаев қазақстандық зайырлы қоғамды қалыптастыруда мемлекеттік саясаттың айрықша ықпалы болғанын, Президент Назарбаевтың діни мәселеге жіті назар аударып, қоғамды ұйыстыруға айрықша үлес қосқанын жеткізді. Зайырлы қоғам дініи ынтымақтастықты қалыптастыратынына тоқталған министр, конференцияға қатысушы елдер өкілдерін алдағы уақытта өзара бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

«Ислам – ежелден зайырлылықты жақтаушы дін. Террористер мен экстремистер ислам атын жамылып, өзінің ішкі мүддесін ойлайтын топтарға ергендер. Ислам мен террористік іс-қимыл бір-бірімен қабыспайтын кереғар ұғым». Бұл осы конференцияға қатысушылардың ортақ байламы.

????????????????????????????????????

Қатысушылар мемлекеттердің ұлттық мәдени ерекшеліктерін сақтау, теріс діни құндылықтардың таралуын болдырмау және діни салада демократиялық басқарудың тиімділігін арттыру қажеттілігін әңгіме арқауы етті. Олар, сондай-ақ, экстремизммен бірлесіп күресудің ортақ үлгісін қалыптастыру туралы да айтты.

Конференцияның ашылу салтанатында Орталық Азия бойынша Еуропалық Кеңестің арнайы өкілі Петер Буриан, Үндістанның сыртқы істері жөніндегі мемлекеттік министрі Мушабар Акбар, Өзбекстан Президентінің кеңесшісі Рустам Камилов, Мысыр Араб Республикасының Мәдениет министрі Хельми Намнам, Тәжікстан Республикасының Дін істері комитетінің төрағасы Сулаймон Давлатов және Әзербайжан, Бельгия, БҰҰ, ЕҚЫҰ келген басқа да мәртебелі меймандар өз ойларын ортаға салды. Әр ел өзінің ішкі және аймақтық проблемаларын бүкпесіз айтып, діни экстремистік топтардың ақпараттық мүмкіндікті пайдаланып, әртүрлі қауіп-қатерді үнемі ушықтыруға күш салатынын жеткізді. Оған қарсы тұрар шара – ақпараттық ағынды бақылу әрі әр ел өзінің дәстүрлі қоғамын қорғау жолында барынша жіті жұмыс істеу. Меймандардың басым бөлігі халықаралық ынтымақтастықтың аса маңыздылығын ашалап айтты. Орталық Азия елдерінің өкілдері аймақтағы діни ахуалды бірлесіп бақылауға уағдаласты.

Конференция жұмысына 19 елдің дін саласындағы уәкілетті органдарының басшылары, беделді халықаралық ұйымдардың өкілдері және танымал шетелдік исламтанушы сарапшылар қатысып, ислам әлеміндегі күрделі де өзекті мәселелерді талқыға салды. Олар бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе – жат ағымдармен күрес кезінде ағартушылық бағытты дұрыс пайдалана білудің аса қажет екендігін аңғартты.