Back

Қазақ-өзбек сауда-экономикалық байланысы жаңа деңгейге көтерілді

Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 16-17 қыркүйекте Өзбекстанда мемлекеттік сапармен болғаны белгілі. Бұл сапардың екі ел үшін де маңызы зор болғаны сөзсіз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік басына Шафкат Мирзиёев сайланғаннан кейінгі Ташкент қаласына жасаған алғашқы сапары болды. Осы жылдың ішінде екі Президент алты рет кездессе,  төрт  рет Шавкат Мирзиёев Қазақстанға ресми сапармен келген болатын.  Осының нәтижесінде көршілес әрі бауырлас елдердің қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтеріліп, маңызды келісімдерге қол жеткізіліп отыр.

Өзбекстан елімен шекаралас Оңтүстік Қазақстан облысы үшін де бұл сапардың орны ерекше екені айқын. Сондықтан да, қазақстандық ресми делегацияның құрамына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та еніп, көрші мемлекеттің үш облысымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Сонымен қатар, Ташкент қаласында екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен қазақ-өзбек бизнес форумы өтіп, қазақстандық тауарөндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Іскерлік кездесуге Оңтүстік Қазақстан облысынан өңір басшысы бастаған 150-ден астам кәсіпкер қатысып, тиісті мәмілелер жасасты.

Бауырлас ел Елбасымызбен қазақстандық делегаттарды сән-салтанатымен қарсы алып, меймандостықтың нағыз үлгісін көрсетті. Бір күн бұрын Ташкент қаласының көшелерін жайқалтып, қазақ пен өзбектің туын қатар іліп, қазақ басшысына деген жылы сөздерін жарқыратып жазды. Міне,  осы көңіл – бауырлас елдің достық қарым-қатынасының нық екенін айқындай түскендей.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулердің  игі дәстүрге айналғанына ерекше тоқталып, Өзбекстанға жасаған осы сапарын «тарихи сапар» деп атады.

– Аз ғана мерзімде осымен алтыншы рет жүздесіп отырмыз. Бұл – біздің стратегиялық серіктестігіміздің, екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамуының жарқын мысалы, – деді Мемлекет басшысы.

Рас, бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында әріптестік байланыс арта түсті. Мәселен, биылдың өзінде бекеттер ашылып, екі елдің арасында жаңадан пойыз бен автобустар қатынап, кедендегі бірқатар акциздік төлем алынып тасталды.

Бұл жолғы Мемлекет басшысының жұмыс сапарында да  10 маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінде екі ел Президентінің қатысуымен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Ташкент облысының хокимы Бабаев Шукурулло мен Сырдария облысының хокимы Ашурматов Ойбек және Джизак облысының хокимы Исмолилов Сайфуддин арасында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара түсіністік туралы меморандум түзілді.

Екі елдің ғасырдан бері жалғасқан достық қарым-қатынасы жанданған іскерлік жиында ОҚО кәсіпкерлері мен өзбекстандық бизнесмендер арасында сауда-экономикалық туралы 7 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша құны 1,2 млрд доллар құрайтын бірнеше келісімдер түзілді. Сондай тиімді келісімдердің біріне еліміздегі 200-ден астам дәрі-дәрмек шығарумен айналысатын «Химфарм» акционерлік қоғамы қол жеткізді. Еліміздегі бұл  саладағы жетекші кәсіпорын бұған дейін көрші Қырғызстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Монғолия сынды елдерге өз өнімдерін экспорттап келген болса, енді міне Өзбекстанға өз өнімін шығармақ.

Айта кетейік, жыл басынан бері  Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көрші елмен  қарым-қатынасты күшейту мақсатында бірқатар келіссөздер жүргізіп, іскерлік жиындар өткізді. Мәселен, Елбасының тапсырмасына сәйкес трансшекаралық Өгем өзенінен суды бірігіп, пайдалану мақсатында Өзбекстан мемлекетімен келіссөздер жүргізіліп, ауызсу бөліп алуға келісім жасалды. Нәтижесінде, алдағы бес жылда Оңтүстік Қазақстан облысының 700 мыңға тарта халқы бар үш ауданы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілетін болады.

Өзбекстан күнгей кәсіпкерлері үшін 32 миллиондық тұтынушысы бар ең жақын нарық. Сондықтан да тауар айналымын арттырып, кәсіпкерлікті бірлесе дамыту мақсатында наурыз айында Ж.Түймебаев бастаған оңтүстікқазақстандық делегация Өзбекстанға ресми сапармен барған болатын.

Аймақ басшысы бастаған жұмысшы топ осы іс-сапар кезінде, Өзбекстанның Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл және су шаруашылығы министрі Заир Мирзаевпен кездесті. Сөз басында Премьер-министр орынбасары – Ауыл және су шаруашылығы министрі облыс әкімінің Ташкентке арнайы жұмыс сапарымен келгеніне алғысын білдіріп, елдің Тәуелсіздік алған жылдардан бергі әл-ауқатын көтерудегі жетістіктері мен оны одан әрі дамыта түсудегі жоспарларымен бөліскен-ді.

Өз кезегінде, сөз алған аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы Оңтүстік Қазақстанда өмір сүретін өзбек ұлттарына жасалған жағдайдың бірқатарын баяндап, туысқан елмен арадағы байланысты түрлі бағытта дамытуға ниетті екенін жеткізген болатын.

– Оңтүстік Қазақстан облысын Өзбекстанда жақсы дамыған жеңіл өнеркәсіп, өндіріс, ауылшаруашылығы салаларындағы жетістіктер қызықтырады. Аталған салаларда тәжірибе алмасып, бірігіп еңбек етсек, қос мемлекетке де тиімді жобалар жүзеге асады деген сенімдемін. Мәселен, сіздер де жасап шығарылатын ауылшаруашылығы тракторларын сатып ала алып, Өзбекстанның сауда үйін ұйымдастыруымызға болады. Немесе арнайы жұмысшы тобын құрып, шекаралық аймақтағы кейбір мәселелерді реттеуге қатысты ұсыныс бар. Өйткені, Қазақстан – сіздер үшін өзге мемлекеттерге шығатын қақпа іспеттес. Мәселен, өткен жылдың өзінде, 9 млн. 400 адам қазақ-өзбек кеден бекетінен өтіп, өзге елдерге бет алыпты. Сондықтан, Оңтүстік өңірі мен Өзбекстанның барлық салада мүмкіндіктерін біріктіруі керек деп есептеймін, – деді Ж.Түймебаев.

Вице-премьермен болған отырыста өңір басшысы қос мемлекеттің туризмді дамытудағы ортақ мүдделері мен шекаралық аймақта орын тепкен ОҚО аудандарының ауыз су мәселелерін де талқыға салды.

Осы ретте, айта кеткен жөн, Оңтүстік Қазақстаннан Өзбекстанға экспортталған тауарлардың құны былтыр 274 млн. АҚШ долларын құраса, аталған республикадан өңірімізге импортталған өнімдердің қаржысы 375 млн. долларға жеткен.  Өзбекстанға сапары кезінде ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Ташкент қаласының әкімі Рахманбек Усмановпен кездесті.

Өзара әңгімеде шаһар басшысы Ташкенттің күнгей аймағымен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарының нығайып келе жатқанына ризашылығын білдіріп, кәсіпкерлік саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Айтуынша, Өзбекстан астанасында бүгінде 55 мыңнан астам кәсіпорын шағын және орта кәсіп аясында жұмыс істесе, оның басым бөлігі қызмет көрсету саласы мен өнеркәсіп үлесінде екен. Қалада жыл сайын бизнес бастап, ісін жолға қойып жатқан кәсіпкерлер көбейген. Мәселен, жыл басынан бері бір ғана Ташкенттің өзінде 2,5 мыңға жуық кәсіпорын ашылып, жұмысын бастап кетіпті.

Мұндағы шаруалардың ауылшаруашылығындағы жетістіктеріне тәнті болған әкім көрші елдің үздіктерін өңірімізге арнайы шақырып, сәуір айының соңына қарай Оңтүстік Қазақстанда өзбекстандық тауар өндірушілердің көрмесін ұйымдастыру бойынша келісімге келген болатын. Көп ұзамай мамыр айында Ташкент тауар өндірушілерінің көрмесі Шымкентте ұйымдастырылып, көрмеге көршілес елдегі 230-ға жуық кәсіпорынның өнімдері қойылды. Атап айтсақ,  тамақ өнеркәсібі, құрылыс, машина жасау, металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, жиһаз, киім және тоқыма саласына қатысты, сонымен қатар, кәдесыйлар мен спорттық тауарлар және ойыншықтар сынды 1 мыңнан астам өнім оңтүстікқазақстандықтардың назарына  ұсынылды.

Бүгінде Қазақстаннан Өзбекстанға бағытталған экспорттың басым бөлігі мұнай және оның өнімдері мен ұн-жарма өнеркәсібінің өнімдері, астық, қара және түсті металл, цемент, трансформаторлар, органикалық емес химия және азық-түлік өнімдері болып табылады. Ал Өзбекстаннан Қазақстанға жеміс-жидек, көкөніс өнімдері, мақта талшығы, тоқыма және дайын тігін өнімдері, тыңайтқыштар, механикалық құрылғылар, пластмасса бұйымдары, ағаш және гипс, маталы емес материалдар мен маталар импортталуда.

Ал биылғы жылдың наурыз айында екі елдің қарым-қатынасын жақсарту мақсатында «Алматы-Ташкент» және «Самарқанд-Ташкент-Астана» бағытындағы алғашқы пойыз жолға шықты.

Бұдан бөлек, шілде айында «Ташкент-Термез» автожолы мен «Сырдария» өткізу бекеті ашылды. Қатынас жолы мен арнайы бекеттің салтанатты ашылу рәсіміне Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, Сырдария облысының әкімі Гофуржон Мирзаев пен ҚР Өзбекстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев қатысқан болатын.

Өңір басшысы қос мемлекет жұртшылығын жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтап, Өзбекстан мен Қазақстан Республикалары арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи қатынастарды жандандырып, туысқан екі ел арасында мәңгілік алтын көпір болатынына сенім білдірген-тін.

– 2006 жылы жабылған осы жолдың қайта ашылуына екі ел Президенттерінің келісімі нәтижесінде қол жеткізілді.  Жыл басынан бері екі ел арасындағы экономикалық ахуал жандана түсті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шафкат Мирзиёевтің жаңа бастамалармен тығыз байланысты күшейтуі аймақтардың дамуына зор серпіліс әкелді. Екі ел жетекшілерінің Астана қаласы мен Сарыағаштағы кездесулері, елордадағы Өзбекстан бизнес-форумы, мамыр айында Шымкент қаласында өткен Ташкент қаласы тауар өндірушілерінін жәрмеңкесі соның нақты айғағы, – деді Ж. Түймебаев.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиёевпен жасалған уағдаластықтардың қорытындылары бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты, соның ішінде көлік саласындағы байланыстарды нығайтуға қатысты қол жеткізілген нәтижелерге назар аударды.

– Қазірдің өзінде уағдаластықтарымыздың нақты нәтижелері көріне бастады. Мәселен, аптасына екі рет Алматы мен Ташкент арасында «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы қатынайды. Біздің ұлттық әуе тасымалымен айналысатын компанияларымыз екі елдің астаналары арасында қосымша рейстер ашты, алдағы уақытта басқа да қалаларымыз арасында әуе қатынасы орнайды. Тұрақты автобус қатынасы бар. Ірі мемлекетаралық автожолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. М-39 автодәлізінде екі өткізу пункті ашылды. Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығының аясында автомобиль құрастыру жөніндегі жоба жүзеге асырылды, – деді Елбасы.

Өзбекстанның импортталатын тауарлардың кейбір түріне акцизді төмендету туралы шешімі сауда ынтымақтастығын жандандыру жолында жасалған оң қадам болды. Нәтижесінде биылғы 7 айдың ішінде екіжақты сауда 35 пайызға өскен. Бұл – өте жақсы нәтиже. 2020 жылға қарай тауар айналымын 5 млрд  долларға жеткізу міндеті қойылып отыр. Осыған орай, екі ел Үкіметі өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыру және пайдаланылмаған барлық резервті жұмылдыру жөнінде тапсырма алды.

Бұдан былай  екі ел арасындағы байланыстарды кеңейтуге септігін тигізетін Өңіраралық ынтымақтастық форумы тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады.

Сондай-ақ екі ел арасында мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мақсатында 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізу көзделіп отыр.  Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу де күн тәртібінде тұр. Осы бастамалар аясында өткізілетін түрлі іс-шаралар бауырлас халықтарымыздың жақындастығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізетін болады.

Ташкент қаласында өткен бизнес-форум шеңберінде Қазақстанда өндірілетін өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Өзбекстан астанасында үш күнге жалғасқан көрмеде  50-ден астам ірі компаниялардың экспортқа арналған өнімдері қойылды.  Қазақстандық тауарөндірушілер көрмеге тамақ және өнеркәсіп, инженерлік, машина жасау, фармацевтика және құрылыс заттары мен химия, металлургия IT салаларындағы өнімдері әкелінген.

«Өзэкспоорталық» кешенінде өткен көрмеге Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар ірі кәсіпорындарының өнімдері қойылды. Атап айтқанда, кілем өнімдерін шығаратын – «Бал Текстиль» фабрикасы, ұн және сүт өнімдерін өндіруде көшбасшы кәсіпорынның бірі – «Алтын Дән» ЖШС-і мен цемент өндіретін «Шымкент цемент» және «Стандарт цемент» зауыттары және ТМД-да бірінші ашылған вакумдық пробиркалар мен екіжақты ине шығаратын «ЭкоФарм Интернейшнл» компаниясы мен терапияның түрлі салаларындағы ауруларды емдеуге арналған 12 фарамацевтикалық топқа жататын генериктік және түпнұсқалық 200-ден астам дәрі-дәрмек шығаратын «Химфарм» зауыты,  медициналық жабдықтардың 17 түрін шығаратын «Marai E7 Group» ЖШС-нің өнімдері. Сонымен қоса, көрмеде «АтаСтрой» құрылыс компаниясы Сарыағаш ауданындағы Жібек-Жолы шекара бекетін модернизациядан өткізу жобасын таныстырды. Құны 18 млн АҚШ доллары болатын жоба жүзеге асса, тәулігіне 30 мың адам емін-еркін екі ел шекарасынан өте алады.

Жиында Оңтүстік кәсіпкерлері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Соның бірі – тауарды шекарадан өткізіп, саудалау кезіндегі кейбір салықтарды алып тастауға қатысты. Мәселен, қазір біздегі кілем өндірушілер мен су шығаратын серіктестіктер Өзбестанға өнімін кіргізсе, акциз салығын төлеуі керек. Ол бизнесмендер үшін тиімсіз.

– Елбасымыздың Өзбекстанға жасаған сапары өте маңызды. Екі ел басшысы екі жақты сауда-саттықты, экономикалық байланыстарды дамытуға күш салып отырғаны кәсіпкерлерді қуантып отыр. Осы ретте біздің де кәсіпорын жаңа белестерді бағындыратыны сөзсіз, – дейді «Балтекстил» ЖШС-нің директоры Талғат Ысқақов.

Екі елдің ғасырдан бері жалғасқан достық қарым-қатынас жанданған іскерлік жиында облыстың кәсіпкерлері сауда-экономикалық туралы 7 ынтымақтастық меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, онда құны 1,2 млрд долларын құрайтын бірнеше келісімдер түзілді. Сондай тиімді келісімдердің біріне еліміздегі 200-ден астам дәрі-дәрмек шығарумен айналысатын «Химфарм» акционерлік қоғамы қол жеткізді. Елдегі осы саладағы жетекші кәсіпорын бұған дейін көрші Қырғызстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Монғолия сынды елдерге өз өнімдерін экспорттап келген болса, енді міне Өзбекстанға өз өнімін шығармақ.

Таяуда ғана екі ел арасындағы байланыстардың тереңдеуінің арқасында Оңтүстік Қазақстан облысында тұрмыстық техника яғни газ плитасын шағаратын цех іске қосылды. «Бадам» индустириалды аймағындағы жаңа кәсіпорынды Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев арнайы аралап, жұмысымен танысып шықты.

Жылына 50 мың дана газ плитасын шығаруға қауқарлы жобаның құны – 102 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда кәсіпорында қондырғыларды орнату жұмыстары аяқталып, іске қосылған.

– Әзірге біз жеке қаржымызға қондырғыларды сатып алып, орнатып шықтық. Мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Шығарылған өнімді ішкі нарыққа саудалауды жоспарлап отырмыз. Біздің зауытта дайындалған газ плиталарының сапасы шетелдік өнімнен еш кем болмайды. Әрі бағасы да қазіргі нарықтағыдан төмен болады, – деді «ArtelManufacturing» ЖШС-нің директоры Рамзитдин Хикматов.

Жаңа кәсіпорынның жұмысын оң бағалаған облыс әкімі жергілікті билік тарапына көрсетіліп отырған көмектердің тиімділігіне тоқталды.

– Қазақстан мен Өзбекстанның байланысы жаңа деңгейге көтерілді. Күні кеше ғана Елбасымыз Н. Назарбаев Ташкентке ресми сапармен барып, бірқатар жаңа келісімдерге қолжеткізді. Көрші елдің үш облысымен өзара түсіністік меморандумдарына қол қойдық. Жылы қарым-қатынастың алғашқы жетістіктері де көріне бастады. Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасына жаңа серпін беретін индустриалды-инновациялық жобаларға қаржы салушы инвесторларды қашанда қолдауға әзірміз.  Ең бастысы, ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие, өнім өндіретін кәсіпорындардың қатарын көбейтуіміз керек. Бүгінгі біз аралап көрген кәсіпорынның өнімдеріне ішкі және сыртқы нарықтан да сұраныс мол болатынына сенімдімін, – деді Жансейіт Түймебаев.

 

Нұрлан ӘУБӘКІР