Back

Жас ғалым Дархан Балапанов

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – Рухани жаңғыру» мақаласындағы 100 есім жобасы аясында ісімен елге танылған көптеген талантты жастар жарқырай көрінуіне жол ашқаны белгілі. Бұл жағдай өз кезегінде қазақ жастарының бойында отаншылдық сезімін оятып, ел үшін қызмет етуге күш-қуат берді десек болады. Ғылымның соңына түсіп, ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне көмек көрсетіп отырған Ақмола облысы Степногор қаласында «Ұлттық биотехнологиялық орталығының» директоры, жас ғалым Дархан Балапановтың инновоциялық жобасы жайында әңгімелесудің сәті түсті. Ауылшаруашылығы өнімдері сапасын арттыруда сапалы тұқым дайындаудың маңызы зор. Бұл бағытта елімізде бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Қазақстанда бидай мен өзге дәнді-дақылдардың жоғары сұрыпты тұқымдарын дайындау ісі жолға қойылған. Ал Ақмола облысы Степногор қаласында «Ұлттық биотехнологиялық орталық» инновациялық жолмен сапалы картоп тұқымын дайындап, талай шаруаның табысты жұмыс істеуіне жол ашып келеді. Дархан бауырмызға көкейде жүрген сұрақтарды қойып, ғылыми жобасының мәні мен мазұмны жайында ой бөлісудің сәті түсті. Талай шаруаның табысқа кенелуіне ықпал етіп отырған жас ғалым ғылыми жаңалығымен Елбасының «100 жаңа есім» жобасына үміткер ретінде ұсынуды жөн санадық.

 

 – Дархан Серікұлы, қазіргі таңда өзіңіз басқаратын «Ұлттық биотехнологиялық орталығы» картоптың сапалы тұқымын өндіріп жатқанын білеміз. Бұдан қарапайым шаруаларға қандай да бір пайда бар ма?

– Сапалы картоп тұқымының пайдасы шаш етектен. Әдетте біздер еккен картобымызды күзде қазып алғанда оны сұрыптап, келер жылға біраз тұқым алып қаламыз ғой. Жалпы, картоптың сапалы тұқымы 6 жылға дейін өзінің өнімділігін жоғалтпайды. Ал бұдан кейін картопқа біраз вирустар мен түрлі аурулар еніп, өнімділігі төмендейді. Кей жылдар аз өнім алып қалғанда, шаруалар бұған ауа-райының қолайсыздығы кері әсер еткенін айтып жатады. Ал картоптың тұқымына мән бермейтіні жасырын емес.

Картопты кең көлемде өсіретін ірі кәсіпорындар сырт елдерден тұқымдық картоптарды сатып әкеліп, пайдаланады. Бірақ өзге елдердің тұқым өндірушілері бізге таза тұқымдарын сатпайды. Олар екі-үш пайдаланған картоптан алған тұқымын береді. Осы мәселені ескеріп, біздің ғылыми орталық шаруаларымыз үшін картоптың таза тұқымын өндіру ісін қолға алған болатын. Қазіргі жер емген шаруаларымыз таза тұқымның пайдасын көріп жатыр.

– Сонда сіздер сапалы тұқымды қалай аласыздар?

– Бұл үшін біздер картоптың таза жасушасын бөліп алып, арнайы зертханада өсіреміз. Картоп жасушасын біраз жетілгеннен кейін оны аэрофонды технологияға отырғызамыз. Яғни, клеткалар зертханалық жағдайда сұйықтықтың ішінде өседі. Бұл аралықта картоптың өсіп жетілуіне қажетті дәрумендер мен гармондарды арнайы дозаторлар арқылы жібереміз. Осылайша үш айлық күтімнен кейін картоптың таза минитүйнегін алуға болады. Әдетте картопқа түрлі вирустар мен аурулар топырақ пен ауадан жұғып, оның өнімділігін азайтады. Біздер тұқымдық картоптарды дайындағанда таза жасушасын алып, топырақсыз ортада өсіреміз. Осылайша вирусқа шалдықпаған таза тұқымдық картоп аламыз. Біздер оны минитүйнектер деп атаймыз. Егер қарапайым картоптың бір түйнегінен 8-10 түйнек алсақ, біздің таза тұқымдық минитүйнектерден 80 түйнек картоп алуға болады. Осыдан-ақ таза тұқымның қаншалықты өнімді болатынын аңғару қиын емес.

– Дархан мырза, сіздердің таза тұқымдық минитүйнектеріңіз қанша жылға дейін өнімділігін сақтайды?

– Таза тұқымдар жерге егілгеннен кейін оның өн-бойына біртіндеп вирустар ұя сала бастайды. Бірақ орталықтың дайындаған тұқымдық картоптары 6-7 жылға дейін өнімділігін сақтайтынымен ерекшеленеді. Бұл технология дамыған елдерде кеңінен қолданылуда. Алдағы уақытта Қазақстан да инновациялық технологияларға иек сүйеп, ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға күш салуы керек. Біздің де шаруаларымыз жаңа технологияның мәнін түсініп, өздеріне қажетті картоп сорттарының тұқымдарын тазартып алып жатыр.

– Сонда аэрофонды технологиямен картоптың кез келген түрінің тұқымын тазартып бере ала ма?

– Әрине. Қазақстанда картоптың көптеген түрі өседі. Біздер картоптың барлық сортының тұқымын тазартып, шаруалардың мол өнім алуына мүмкіндік туғыза аламыз. Өйткені зертханалық жағдайда кез келген картоптың таза, вируспен зақымданбаған жасушасын алып, соны өсіріп береміз ғой.

Орталық өсірген картоптың жаңа тұқымы

– Мұндай тұқымдардан өсіп шыққан картопты гендік модификацияланған өнімдердің қатарына жатқызуға бола ма?

– Жоқ. Аэрофонды технологиямен картоптың тұқымын гендік модификцияланған өнімдердің қатарына жатқызуға болмайды. Бұған үш қайнаса да сорпасы қосылмайды. Бұл – таза, табиғи өнім. Біздер картоптың жасушасына басқа бір заттың жасушасын енгізбейміз. Бар болғаны картоптың таза жасушасын алып, оны таза ортада, таза қоректік заттарды беріп өсіреміз. Болған, біткені осы. Керісінше, біздің өнімдерді табиғи өнімдердің қатарына жатқызған жөн шығар.

– Сіздерге тұқымдық картоптарын тазартып беруге өтініш айтып жатқан шаруалар бар ма?

– Ұсыныс айтып, әріптестік қарым-қатынас орнатқан шаруалар өте көп. Орталық қызметкерлері олардың тапсырысын орындау үшін күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Әр аймақ картоптың түрлі сорттарын тұтынады. Соған орай шаруалар ұсыныс жасайды. Егер олар дәстүрлі жолмен картоптық тұқымдарын тазартатын болса, олар 5 жыл уақытын жұмсайды. Бұл уақытта картоптың басқа түріне сұраныс артып кетуі мүмкін. Сондықтан шаруалар біздің көмегімізге жүгініп жатқан жайы бар. Алдағы уақытта біздер аэрофондық технологияны ірі шаруашылықтарға сатып, қызмет көрсету ауқымымызды кеңейтуді көздеп отырмыз. Өйткені дәл қазір орталықтың бүкіл Қазақстанға таза тұқымдық картоп дайындап беретін мүмкіндігі жоқ. Сондықтан өзіміз ойлап тапқан технологияны Қазақстанға кеңінен таратуды жоспарлап отырмыз.

– Сіздердің таза тұқымдық картоптарыңызды пайдаланған шаруалар қанша өнім алатынын айта кетсеңіз?

– Ұзақ жыл пайдаланған картоптан алынған тұқымды бір гектар жерге ексеңіз, 15 тоннадан астам өнім аласыз. Ал аэрофондық технологиямен алынған минитүйнектік тұқымдарды бір гектар жерге егіп, 40 тоннаға дейін сапалы өнім алуға болады. Осыдан-ақ таза тұқымдық картоптардың шаруалар үшін қаншалықты пайдалы екенін байқауға болады. Елімізде күзде картоптың бағасы 30-40 теңгеге дейін құлдырап кетеді. Өйткені таза емес тұқымнан шыққан картоптар ұзақ уақыт сақтауға жарамайды. Содан кейін шаруалар оларды күзде басым бөлігін сатып жіберуге тырысады. Нәтижесінде картоптың құны елімізде қыс пен көктемде 150-160 теңгеге дейін шарықтайтыны жасырын емес. Сондай-ақ, аэрофондық технологиямен алынған тұқымнан өсіп шыққан картоп жақсы сақталатынымен ерекшеленеді. Егер осы таза тұқымды бүкіл ел аумағында пайдаланатын болсақ, картоп бағасының шарықтауы мен шаруалардың шамадан тыс еңбектенуінен құтылуға болады.

– Дархан мырза, Қазақстанға жыл сайын қанша тонна картоп тұқымы қажет? Сіздердің орталықтың елімізге қажет тұқымды дайындап шығаруға мүмкіндігі бар ма?

– Біздің есебімізше, елімізге жыл сайын 400 мың тоннадан астам картоптың тұқымы қажет. «Ұлттық биотехнологиялық орталығы» жылына 10 мың тонна таза тұқымдық картопты өңдейтін мүмкіндікке ие. Сондықтан біздер аэрофонды технологияны еліміздегі фермерлер арасында таратып, барлық шаруа қожалықтарының таза тұқымдық картопқа қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

 

Сұхбаттасқан Нұрлан Әубәкір.