Back

Қош бол, “Cоттылық туралы” анықтама! Қош бол, Қытай елшілігі!

Бүгіннен бастап, Қазақстан Республикасына тұрақты тіркеуге тұруда, Қытай Халық Республикасынан көшіп келген қандастарымыға басты кедергі болып келген, соттылығының бар немесе жоқтығын дәлелдейтін анықтаманы талап ету күшін жойды.

Әлқисса, аталған анықтаманы талап етуді күшінен қалдыру, шыны керек, оңайға түскен жоқ. Тұп-тура 2015 жылдың 9 ақпанынан («ҚР Кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына байланысты құрылған жұмыс тобының Мәжілісте алғашқы отырысы болып өткен күннен) басталған күрес – екі жыл, жеті ай, тоғыз күн дегенде жеңіспен аяқталды. Дәл Алаштың арыстаны Қанат бауырым Исламның кезекті жеңісінің қарсаңында!

Биыл 23 маусымда Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайындағы Елбасымыздың «Елге келгеннен соң құжат түгендеу үшін әрі-бері сабылу болмауы керек. Қытай қазақтарының сотталғаны немесе сотталмағаны туралы анықтама алу жайы ағайынның арғы беттегі еңбегіне проблемалар туғызады. Оны шекара тұрғысынан сол жер­де анықтап, елменен ақылдасып, келісіп шешу керек!» – деген тапсырмасына сай, «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығына толықтыру енгізіліп, аталған бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылы 04 қыркүйекте №12880 болып қайта тіркелді.

Яғни, осы Бұйрықтың (Қағиданың) 10-тармағындағы «азаматтығы тиесілілігі немесе тұрақты тұратын мемлекетте соттылығы (соттылығының болмауы) туралы тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген құжат;» – деп аталатын 6)-тармақшасына біздің өтінішіміз бойынша «(ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАРЫН ҚОСПАҒАНДА, ЕГЕР ӨЗГЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАРДА КӨЗДЕЛМЕСЕ);» – деген ескертпе қосылды.

Енді Қазақстан Республикасына келіп, тұрақты тіркеуге тұрып,  ықтиярхат аларда, Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы  Қытай Халық Республикасынан көшіп келген этникалық қазақтардан «СОТТЫЛЫҚ ТУРАЛЫ» анықтама талап етпейді. Қандастарымыз «СОТТЫЛЫҚ ТУРАЛЫ» құжатын растату үшін байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен Астана мен Алматыға  сабылатын, одағы Қытайдың Консулдығына барып апталап телміретін тарих өз парағын осы жерден жапты! Дүниеде өзгенің қолына қараған, босағасында телмірген кіріптарлықтан өткен қорлық, әй, жоқ шығар?! Сол кіріптарлықтан құтылды, қандастарымыз!

Сөйтіп, құжат жинаудың азабы мен тозағын бір кісідей тартқан Қытайдан оралған қандастарымыз «ҚОШ БОЛ, «СОТТЫЛЫҚ ТУРАЛЫ» АНЫҚТАМА! ҚОШ БОЛ, ҚЫТАЙ ЕЛШІЛІГІ!» – дейтін күнге де, міне, жетті-ау, шіркін!

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Тәуелсіздігін алмай тұрып жолға қойған «Көші-қон» атты ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясатын қолдау, оның Заңнамсын кемелдендіру, алыстағы ағайынның Атажұртына келетін жолын даңғыратып ашу жолындағы Ауыт Мұқибектің де соңғы бес-алты жылдың көлеміндегі хат жазумен өткен ұйқысыз түндері; арыстандармен алысқан, жолбарыстармен жұлқысқан азапты айлары; жұмыссыз  қалып, сергелдеңге түскен жылдары, міне, бір-ақ күнде қуанышқа айналды. Енді ол өткен күннің белгісі ретінде «ЗАҢ ТҮЗЕЛДІ, ҚАНДАСЫМ, СЕН ДЕ ТҮЗЕЛ!» деген қалың кітабының әр бетінде тасқа басылып қала береді!

Обалы кәне, бұл мәселенің оң шешілуіне тәуелді-тәуелсіз қазақ баспасөз- ақпарат құралдарының қабырғалы тобы – «Дат», «Жас Алаш», “Қала мен Дала” газеті, «Қазақ үні», «Алатау», «Төртінші Билік» газеттері, «31», «КТК», «QAZAQSTAN», «Хабар» телеарналы және «Alashainasy.kz», «Baq.kz», «Qamshy.kz», «Saigez.kz», «Minber.kz» ақпараттық порталдары аянып қалған жоқ. Реті келгенде батыл-батыл үн қатып, қолдап отырды. Соның ішінде, әйгілеп тұрып айтайын, «Көші-қон» деген тақырыпты күн тәртібінен түсірмей, соңына дейін көтере білген «Abai.kz» ақпараттық порталына, бүкіл шеттен келген қазақтар, қарыздармыз! Осы тақырыпты күн құрғатпай көтергені үшін «Abai.kz» тендрден де қағылды. Бірақ, ешкімнен ешқашан қаймыққан жоқ, қандастарының мүддесін қасқайып тұрып қорғады. Бір сөзбен айтқанда, «Жаза алмасаң, саған серт! Баса алмасам, маған серт!» деп Дәурен Қуат бауырымыз ұстанымынан таймады және оның екі сардары – Қанат Әбілқайыр мен Нұргелді Әбдіғаниұлы да бұл мәселеде табандылық танытты. Ал, тендрге келгенде, табанының бүрі жоқ қулардың бұл тақырыптан тайқып кеткенін де естідік. Егер, шегара асып келген қандастарымыздың атқамінер азаматтары ұлт үшін бірдеме істейік деп бекісе, олар жұмысын ең алдымен «Abai.kz» ақпараттық порталын қолдаудан бастауы керек!

«Алыстан келген ағайын» деген аты бар бұл қауым бұл күнде бір жарым миллионға таяған, мүмкін, одан да көп қара орман халыққа айналып, үйірін тауып, қасиетті қазақ жерінің барлық пұшпағына ірге теуіп үлгірді. Елбасы саясатының арқасында олардың еңсесі биік, рухы асқақ. Жүз жасағыр Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жақында ғана Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында «Елім, жерім деп еңіреген әрбір қа­заққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық, айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ!» –деп, қазақ көшінің болашақ тағдырын тағы бір мәрте шегелеп қойды. Бұл көш енді ешқашан тоқтамақ емес және ешкім де тоқтата алмақ емес! Жүйесін тауып, жүректілікпен сауатты айта білсек, табандылықпен өз деңгейінде үздіксіз көтере алсақ, орынды өтінішіміздің жерде қалмай, орындалатынына да көздеріңіз әбден жеткен шығар, Ардақты Ағайын!

Осы жерде биліктің биік-биік бұтағында отырған құзырлы орын басшыларына қолымыздың жетуіне, өтінішімізді тапсыруға, жүйеден шеттен келген ағайынның ең кілтең мәселелерін шешуде «Нұр Отан» партиясының, оның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің өте-өте зор ықпалы болғанын ризашылықпен айта кету – бұлжымас парыз маған! Міне, биыл «КӨШ КӨЛІКТІ БОЛСЫН!»республикалық акциясы аясында көші-қон мәселелері бойынша азаматтарды тақырыптық қабылдаудың тұжырымдамасы жасалды. Аталған акция биылғы соңғы жарты жылдығынан бастап Республика бойынша, кезегі келгенде, өтіп тұратын болып, «Нұр Отан» партиясының жоспарына кірді. Ал, акцияның тұсауы 2017 жылғы 14 шілдеде кесілді.

Ауыт ақын ендігі жерде Ішкі істер министірі Қалмұханбет Қасымов ағасына алғысын айтып, қолын қысады да, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара  Дүйсенованы бетке алады.

Себебі, бүгінгі таңда «…екі ел арасында келісім жоқ!» деген керанау уәжбен шетелден келген зейнет жасындағы ата-апаларымыздың ЗЕЙНЕТАҚЫСЫ небары 11-12 мың теңгенің көлемінде ғана қалып отыр. Келіп, мемлекеттік қызметке тұрған қандастарымыздың шетелдегі ЕҢБЕК ӨТІЛІ есепке алынбай келеді…

Тамара Босымбекқызы да қазыналы елде туған қазақтың еркекке бергісіз іскер қызы. Алла қаласа, «Нұр Отаным» мен «Abai.kz»-тім аман болса, бұл мәселе де өз шешімін тауып қалар деген зор үміттеміз.

Бәрін айт та – бірін айт, бүгіннен бастап тұрақты тіркеуге тұруға кедергі жоқ, Заң түзелді! Бұл – «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға, өзіміз ойлағандай, түбегейліөзгеріс енгізілді деген сөз!!

Қандасым, тағы бір мәрте қайталап айтайын, енді сен де түзел!

Ауыт Мұқибек

 18.09.2017

Астана

Abai.kz