Back

Бәйдібек ауданының потенциалын толық пайдаланып отырмыз ба?

Мамандардың айтуынша аудандағы жалпы аумағы 60 гектарды құрайтын «Шаян» индустриалды аймағының тиімділігін арттырып, негізгі өндіріс ошақтарын осында шоғырландыру қажет.

Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің құлшынысын арттыратын тың әрі ілкімді жобалардың әзірленуіне мән берген жөн. Бұл мәселені Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бірнеше рет айтып өткен болатын.

Айталық, аудандағы Боралдай ауылдық окурігіне қарасты Талап елдімекеніндегі «Тау Алма Бақ» ЖШС-ны биыл құрылтайшылар есебінен жалпы құны 2 миллион АҚШ долларын құрайтын 43 гектарға қарқынды бау отырғызыпты.  2013 жылы қолға алынған жобаның мақсаты – бау көлемін 83 гектарға жеткізу. 107 гектар жерді толық қоршап, тірлігін дөңгелетіп отырған мекеме алдағы уақытта әр гектардан 50 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отыр. Серіктестік басшысы Сейтжаппар Әбдусадықұлы алмадан бөлек   жаңғақ егу ісін де қолға алыпты.

– Борайдай ауыл округінің таулы аумағы алма егуге өте қолайлы. Сондықтан баудың көлемін жыл санап арттырып, жаңғақ егуді де қолға алғаныңызды құптаймын. Алдағы уақытта өзге окургтерден де бау егуді қолаға алсаңыз, аудан әкімдігі тарапынан барлық қолдаулар көрсетілетін болады, – деген болатын бұдан бұрын Жансейіт Қансейітұлы.

Бәйдібек ауданы мақсарысымен аты шыққан өңір. Бүгінде бұл дақылға шетелден де сұраныс көп. Былтыр ауданда 23 мың гектарға мақсары егілсе, оның көлемі биыл 43 мың гектарға жеткен. Шаруалар бүгінде гектарына 7-8 центнерден өнім алып, облысымыздағы май өндіруші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етіп отыр. 

Бұдан бөлек Боралдай ауыл округіндегі «Абердин–Ангус» тұқымды ірі қара мал шаруашылығы да экспортқа шығатын мүмкіндікке ие. 2015 жылы құрылған шаруашылық қорасында бүгінде 154 асыл тұқымды мал басы бар. 3500 гектар жері бар қожалық алдағы уақытта мал басын 2 мыңға жеткізуді жоспарлауда.

Бұдан бұрын өңір басшысы «Шаян» индустриалды аймағына да атбасын бұрып, ондағы іске асқалы отырған жобалардың барысымен танысқан болатын.

Жалпы аумағы 60 гектарды құрайтын аймақ бүгінде барлық инфрақұрылымдық қажеттіліктермен қамтылған. Ендігі мәселе – инвесторлар тартып, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашатын кәсіпорындарды шоғырландыру.

– Индустриалды аймақтың мүмкіндігін тиімді пайдалана алмай отырсыздар. Әлі күнге мұнда кәсіпорын құру жұмыстары қолға алынбай келеді. Осы ретте аудан әкімінің жұмысына сын айтуға болады. Жыл соңына дейін нақты іске асырылатын жобаларды талқылап, алдағы жылы кәсіпорындарды тездетіп ашуды тапсырамын, – деген еді облыс әкімі.