Back

«Серпін» түлектері Риддерде қалатын болды

Биылғы жылы «Серпін – 2050. Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасы бойынша Шығыс Қазақстанның өндірістік қаласы – Риддердегі аграрлы-техникалық колледжде кәсіптік білім алған 15 студент жұмыспен қамтылмақ.

Шығыс Қазақстан Аймақтық комуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратов кадр тапшылығы мәселесіне тоқтала отырып, «Серпін» бағдарламасымен білім алған студенттердің аймақта жұмыс істеуге қалатынын айтты.

– Биылғы жылы техникумды 22 студент аяқтады. Олардың 7-і ЖОО оқуға түсуді жоспарласа, 15 студент Риддер қаласында қалуды ұйғарды. Қазірде «Казцинк» ЖШС 10 ер баланы жұмысқа алуға әзір екендіктерін жеткізді, – деді Ж. Мұратов.

Ал қалған 5 студент қыз баланы қалалық әкімшілік жұмыссыз қалдырмақ емес. Қосымша аспазшы сынды өзге мамандықтарға оқытып, жедел арада жаңа жұмысқа орналыстырмақ

Техникум түлектеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында қала басшылығы олардың ата-аналарына хат жазып, көшіп келу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған. Егер әкімдік ұсынысын қабыл алған жағдайда, серпіндік түлектің отбасындағы еңбекке қабілетті басқа жандарды да жұмысқа орналастыру жоспарда бар.