Back

Шығыс Қазақстан – инновациялық экономикаға құлаш ұруда

Кеше Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде аймақтың үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы жайында журналистер қауымына жан-жақты әңгімелеп берді.

 

Ғылым мен өндіріс

Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі өндірісі өркендеген жетекші аймақ екені белгілі. Сондықтан, Шығыстағы әрбір жетістік отандық өндіріс пен ғылымға ерекше серпіліс беретіні айтпаса да түсінікті.

Журналистермен жүздесуде аймақтың экономикалық дамуы жайында кеңінен сөз қозғаған облыс әкімі Даниал Ахметов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын басшылыққа алып, аймақ экономикасын өркендетуге бар күш-жігерлерін жұмсап жатқандарын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет дамуының айқындығын биылғы Жолдауында ел экономикасын қай бағытта дамытудың бағыт-бағдарын қолмен қойғандай атап көрсетті. Президент өз сөзінде әлемде төртінші өнеркәсіптік революция басталғанын айтқан еді. Қазір экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың өзгеріп, жаңа саланың пайда болуына негіз болып отырғанын бәріміз білеміз. Мұндай жағдайда біздер өндіріс пен ғылымның арасын байланыстырып, инновациялық экономика құруға күш салуымыз керек. Бүгінде Шығыс Қазақстанда бұл бағыттағы басты жұмыстар қолға алынып, нақты жұмыстар іске аса бастады. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында облыстың ЖІӨ 104 пайызға өсті. Өңір үшін негізгі сала саналатын өндірістің өсімі 141 пайызға жетті, – деді облыс басшысы Даниал Ахметов.

Баспасөз мәслихаты барысында Даниал Кенжетайұлы өндіріс пен ғылымның арасын жақындату үшін қолға алған нақты шаралары журналистердің қызығушылығын оятқанын байқадық. Өз кезегінде облыс басшысы Шығыс Қазақстан облысы Мемлекеттік университетінің ғалымдарымен және аймақтағы жетекші өндіріс орындарымен бірлесіп, маңызды төрт бірдей  Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) іске асырып жатқандарын тілге тиек етті.

Әңгіме барысында Даниал Ахметов бүгінде әлемдік ғарыш, авиақұрылыс саласында кеңінен қолданылып жүрген титан металын стоматология саласында қолдануға қатысты ғылыми-зерттеу жұмысын қолға алғандарын журналистер қауымына жеткізді.

Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан ғалымдарының қолға алған ғылыми жұмыстары табысты іске асқан жағдайда Қазақстанның стоматологтары тіс салуға қажетті металды Оңтүстік Кореядан қымбат бағаға сатып алмай, іргедегі Өскеменнен алдыра бастайтын күн де алыс емес.

Даниал Ахметов қолға алынып жатқан ғылыми жобалар арқылы сапалы, бәсекеге қабілетті өнім алуға басымдылық берілгенін тілге тиек етті. Нысаналы ғылыми жұмыстарды жүзеге асыруға 3 млрд. теңге бөлініпті. Осы ретте өндіріс пен ғылымның арасын жақындатып, бәсекеге қабілетті өндіріс құруға бағытталған мұндай жоба ең алғаш Шығыс Қазақстан облысында қолға алынғанын айта кетуіміз керек.

Бұдан басқа Даниал Ахметов Ақтоғай тау-кен металлургия зауытында заманауи, инновациялық өндіріс ошағы құрылып, жылына 25 млн. тонна кен өңдейтін деңгейге жеткенін атап өтті. Дәл осындай өндіріс ошағында 12 мың адам жұмыс істесе, заманауи технологиялық жетістіктерді пайдаланып салынған Ақтоғайдағы жаңа өндіріс ошағында 1,5 мың адам еңбек етіп жатыр екен. Осы бір жайттан-ақ Шығыс Қазақстан облысында 4,0 Индустриалды жаңғыру ісі сәтті жүзеге асып жатқанын байқауға болады.

 

Болашақта Семейдің келбеті қандай болады?

Басқосуда Шығыс Қазақстан  облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне кеңінен тоқталған өңір басшысы:

– Семей қаласында мәдени құндылықтар өте көп. 2014 жылы қала бюджеті 21 млрд.  теңге болса, ағымдағы жылы жиынтық бюджеті 49 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бүгінде қаланың әуежайы 10 млрд. теңгеге жаңғыртылуда. Мұндай жайт бұрын-соңды болмаған. «Абай Арена» атты бірегей мәдени-спорттық кешеннің жобалық-сметалық құжаттамасын да аяқтап қалдық. Шындығына келгенде Семей қаласының жалпы инженерлік-коммуникациялық жүйесі сын көтермейді. Сондықтан, бүгінде жаңбыр суына арналған кәріздің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр, инженерлік коммуникациялары, сумен қамтамасыз ету, кәріз және жылу бойынша да үлкен істер атқарылуда, – деді. Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың өзінде ғана қаланың жолдарын салуға, ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 3 млрд. теңге бөлінген. Бұл жұмыстарға қаланың барлық  жол салатын компаниялары жұмылдырылған.

Сонымен қатар бүгінгі заманауи талаптарға толықтай сай келетін «Қарағайлы» деп аталатын шағынаудан да бой көтеруде. «Семей ақыр соңында сәулет-қала құрылысы құндылықтарына сай келетін шағынауданға ие болғанын қалаймын. ШҚО-ның барлық қалаларында және Семейде жаңадан салынатын әрбір үйдің, әрбір пәтердің көлік қоюға арналған тұрақтары болады. Жүретін жолдың ені 3,6-дан 6 метрге дейін салынады. Яғни, мүлдем бөлек параметрлер қолданылады. Мұнан бөлек, барлық үйлерге жапсарлас әлеуметтік нысандар болады», – деді ШҚО әкімі.

Ахметовтің айтуынша, таяу аралықта Семей қаласы адам танымастай өзгеріске ұшырайды.

– Таяу аралықтағы қысқа ғана уақыттың ішінде Семей қаласының танымастай өзгеретіндігіне сендіргім келеді. Семей қаласына келіңіздер, жағалаудың қалай өзгергендігін өздеріңіз де көресіздер. Орталық алаң да өзгеріске ұшырайды. Ай сайын жеке өзім бұл қаламен айналысамын және әлі күнге дейін орын алып отырған проблемалы жерлерді де нақты білемін, – деді ол.

 

Көлік экспортын жолға қойған облыс

Енді Шығыс Қазақстан облысында құрастырылған көліктер Тәжікстан мен Қырғызстанға экспорттала бастайды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі  Моңғолияда, Қырғызстанда, Тәжікстанда болып, Үкімет басшыларымыз біздің автомобильдердің сол нарықтарға шығуы жайында уағдаластыққа қол жеткізіпті. Әкім тілшілердің қазақстандық көліктерді Ауғанстан нарығына жеткізу мүмкіндігіне қатысты сауалына жауап берді.

– Егер бізде Ауғанстанға шығу мүмкіндігі болса, онда өзімізде құрастырылған көліктерді Ауғанстан нарығына да зор қуанышпен жеткізуге дайынбыз. Бірақ, өкінішке орай әзірше мұндай белгі  байқалмайды. Бірақ, біз дайын екенімізді айтқым келеді. 100-ден астам «Нива» көлігін Қытайға жібердік. Ауғанстанға да зор қанағаттанушылықпен жібере алар едік, – деді Даниал Ахметов.

Нұрлан Жұмахан