Back

Қазақ жастарының Гитлерді жақсы көруі дұрыс па?

Бүгін, Фейсбуктен кейбір інілеріміздің Адольф Гитлерді (20 көкек туған күні көрінеді) әспеттеген, оған тамсанған пікірлерін көріп қалдым. Қай тарихи тұлғаны өзіне пір тұтады, бұл, әрине, әркімнің еркінде. Дегенмен қазақ жастарының Гитлерді жақсы көруі дұрыс па? Осы туралы ойларымды ортаға салғым келеді.
Гитлердің басты кінәсі не?
1. Ол неміс ұлтын өзгеден артық санап, бүкіл әлемге солардың билігін орнатқысы келді.
2. 1939 -1945 жылдар аралығында Бүкіл дүние жүзіне қарсы агрессия жүргізді. Соғыс бастаған Сталин емес Гитлер!
3. 1939 жылы 23-тамызда Кеңес Одағымен бір-біріне қарсы шабуыл жасаспау туралы Пактіні опасыздықпен бұзды.
4. Әлемдегі бейбітшілік ісіне қарсы орасан қастандық жасады.
5. Әскери қажеттіліктер болмаса да үлкен және шағын қалаларды, елді мекендерді қиратты, өртеді. Тұрғындарын босқындыққа ұшыратты.
6. Әскери тұтқындарды адам айтқысыз азаптарға салды, сотсыз, тергеусіз атып, қырды. Оккупацияланған аймақтарда бейбіт халықты өлтіріп, қорқыныш пен үрей септі. Бейбіт тұрғындарды құлдыққа салды.
7. Нацистік режимге қарсы шыққанның бәрін қуғын-сүргінге ұшыратты, азаптауларға жол берді, сотсыз, тергеусіз өлтірді. Мұның бәрі адамзатқа қарсы ауыр қылмыс болып табылады.

Фашистердің жүздеген концлагерьлерінде миллиондаған адамдар азапқа салынды, крематорий пештерінде өртелінді.

Нюренберг процесінде АҚШ тарапынан айыптау сөзін сөйлеген Роберт Джексон: «Басқаны былай қойғанда, Гитлер өзі билік жүргізген Германияға қарсы орасан қылмыс жасады. Оның ісі ақымақтықпен пара пар еді, ешқандай себепсіз соғыс бастады да, оны ұтылып жатқанына қарамастан еш мағынасыз жалғастыра берді. Билік жүргізуге дәрменсіз қалғанында да “Германия тағдыры не болса сол болсын» деген ұстанымда болды», – деді. Ол тіпті өз отанына да жаны ашыған жоқ.

Гитлер таңған Екінші жаһан соғысы салдарынан бүкіл әлемде 60 миллион адам құрбан болды.
Нацистер көсемі ұрындырған соғыстың салдарынан Қазақ халқы кезекті демографиялық апатқа ұшырады. Қазақстаннан 1,5 миллиондай адам соғысқа қатысқан болса содан жарты миллиондай ардақтыларымыздан айырылдық.

Осыншама қырғын салдарын көре отырып, Гитлерді кім жақсы көрсе сол майданда қаза тапқан жарты миллион қазақтың қанын мойнына жүктеген болып табылады. Жалпы гитлеризм – қазақ санасына жат!

Марат Тоқашбайдың фейсбуктегі парақшасынан алынды.