Back

Министр медицина саласын жемқорлық жайлағанын мойындады

Денсаулық сақтау министрі дәрігерлердің жемқорлыққа белшеден батқанын мойындады. Жең ұшынан жалғасқан былықтың жылдан жылға артып келе жатқанын ашына  айтқан Елжан Біртанов қол астындағы парақорлармен енді білек сыбана күреспек.

Тіпті медицина саласы еліміздегі жемқорлардың көшін бастап тұр. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар облыстары және Алматы мен Астанада ауызбастырық дәмететіндер өте көп. Ал екі жыл ішінде ақ халаттыларға 200-ден астам қылмыстық іс қозғалып, 16 дәрігер пара алғаны үшін түрмеге жабылған.

Істі болғандардың арасында шенеуніктер, емхана және департамент басшылары да жетіп артылады. Олар, әсіресе, мемлекеттік тапсырысқа тендер ұтып беру үшін миллиондап ақшалай сыйақы алуды әдетке айналдырған. Жемқорлықтан көз ашпаған медицина саласын ретке келтіру үшін министр енді тендер өткізу талаптарын өзгертіп, дәрігерлердің жалақысын өсіру керек дейді.

– Шенеуніктер көбіне тендерді дұрыс өткізбейді. Өйткені ұтыстың заңды өтуін қадағалайтындар да кәсіпкерлермен ауыз жаласқан. Енді осының бәрі ашық болуы үшін өзгерістер енгіземіз, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

 

Дереккөзі: ktk.kz