Back

Оңтүстікте Мәслихаттағы бос орындарға үміткерлер анықталды

Оңтүстік Қазақстан облысындағы округтік сайлау комиссияларында барлық деңгейдегі маслихаттар депутаттығына үміткерлерді тіркеу жұмыстары  аяқталды.  Бұл туралы ОҚО Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында  Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев мәлім етті.

Комиссия төрағасының айтуынша,  2017 жылдың 26 наурызында өтетін сайлауға барлығы 28 үміткер ұсынылып,  оның біреуі өз өтінішін кері қайтарып алыпты.  Естеріңізге сала кетсек,  өткен жылы  түрлі себептермен облыстық маслихатта 3 орын, аудандық маслихатта 1 және қалалық  маслихатта 2 орын босаған болатын.

«Екі үміткердің құжаттары толық болмағандықтан тіркеуден өтпеді. Тіркелгендер саны 25-ті құрап отыр. Олардың  алтауы  «Нұр Отан» партиясынан  ұсынылса, басқа партиядан ұсынылған кандидаттар жоқ. 19 үміткер өзін-өзі ұсынды», – деді Әлібек Кәденұлы.

Айта кетейік, сайлау комиссиялары үгіт материалдарының заңнамаға  сәйкес орналастырылуын бақылауды жүзеге асыратын болады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге үміткердің сенімді өкілдері жұмылдырылады. Сондай-ақ кандидаттар сенім білдірген адамдарды тиісті округте өз қалауы  бойынша анықтайды.

Қазақстан Республикасының сайлау туралы Конституциялық заңының  27, 28 – бабының талаптарына сай және облыстық аумақтық сайлау комиссиясының бекітілген негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бойынша үгіт жұмыстары 1 наурызда басталып, 24-наурызда сағат 24:00 аяқталады.

Қазіргі таңда облыстық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өтетін жерлерде семинар-кеңестер өткізуге кіріскен. Сондай-ақ  Шымкент қалалық, Мақтаарал және Сайрам аудандық аумақтық сайлау комиссиялары үгіт-насихат жүргізу бойынша методикалық нұсқаулықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, күнтізбелік жоспарға сай облыстағы қалалар мен барлық аудандарда кандидаттардың сайлаушылармен кездесу орны анықталып, кездесу кестесі түзіліп қойған.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы алдағы сайлау науқанының әділ де, шынайы әрі заң талабына сай өтетіндігін хабарлады. Сондай-ақ ол сайлаушылардың осы науқанға біркісідей атсалысуға шақырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі