Back

 Экономикалық сана

  Бірде ұзақ жылдар ұстаздық еткен аға-әпкелеріммен сұхбаттас болдым. Әңгіме елдің жайы, халықтың тұрмысы ауанына өрбігенде, әлгі кісілердің көбінің пікірі ”қара халық азып-тозып кетті”, ”қазақтың бәрі лас, денсаулыққа зиянды, ауыр қара жұмыстарға жегіліп жүр” дегенге сайды. Бір әпкеміз: ”базарда арба сүйреп  жүргеннің бәрі қазақ, бұл недеген сұмдық” деп салды.

*БАҚ-на назар салсаңыз, журналистердің мынадай бағамдауларын көп кездестіреміз:”арада пысықай саудагерлер пайда көріп отыр”, ”бірді алып бірге сататын алыпсатарлардың жағдайы олардан жақсы”, ”арадағы делдалдардың кесірінен былайғы жұрт жапа шегіп отыр”.

*Жайшылықта мемлекеттік қамқорлық тақырыбы ҮЕҰ, түрлі әлеуметтік топтар мен БАҚ тарапынан жиі көтеріледі. ”…мемлекеттік қамқорлыққа зәру”, ”мемлекеттің қамқорлығынсыз аяғынан тұра алмасы анық”, ”үкімет жеткілікті көңіл бөлмей келеді” сияқты тіркесерді күнделікті кездестіреміз.

*Ішінара әкімдердің базарларға барып, азық-түлік бағасын қадағалауын, сала басшыларының өз саласындағы тауар бағасына енгізген шектеулерін, жергілікті басшылықтың шетелдік кәсіпкерге шүйліккенін жағымды жаңалық ретінде сүйсіне қабылдаймыз.

 


Бір ел экономикасының дамуын тек мол капитал, игі экономикалық саясат, жетілген заң-ережелер, білікті мамандар шоғыры шешпейді. Оған сол елдің орныққан өңірінің жаратылыстық ортасы, тарихы, дәстүрі, мәдениеті, психологиясы, тұрғындардың білім алу деңгейі, тарихи кешірмелері қалыптастырған сана-түйсігі сынды көптеген факторлар ықпал етеді. Соның ішінде, осы елдің бастан өткеріп келген түрлі қоғамдық-экономикалық формациялары тарихи қалыптастырған  Жады-санасы көмескі түрде шешуші рөл ойнайды.

Біздің халықтың атамзаманнан бері өзін өзі қамдайтын, сыртқа тұйық көшпенді шаруашылықпен шұғылданып келгені белгілі. Алдындағы асын адал еңбегімен тауып, біреудің ала жібін аттамауды ақыреттік ұстанымы еткен халыққа сауда-саттық ісі қол болмаған. Саудагерлікті алыпсатарлық, тіпті алдамшылық  дейтін түсінік біздің халықтың санасына бойлап орныққан.

Шар Россия отарына көшкеннен тартып егемендікке дейін қазақ халқының өз шаруашылығын өз ырқымен өрістету еркінен бірте-бірте айырыла түскені, сөйтіп дербес шаруашылық сана қалыптастыру еркінен де мақұрым етілгені және белгілі.

Бізге ел тәуелсіздігін ұстап, нығайту мен ”капиталистік экономиканы” қабылдап, құрудың қатар келгені бар. Тәуелсіздіктің бұйыруы қандай елегізіткізсе, нарықтың келуі елді сондай есеңгіретіп кеткен-ді. Жетпіс жылдық социалистік-жоспарлы, әкімшіл-әміршіл жүйе тәртібіне дағдыланған жұрт нарықтық қатынастарды ешқандай ішкі дайындықсыз ырықсыз түрде қабылдады. Ол қарапайым халықтың ішкі, зәрулі қалауымен емес, ”жоғарының” – мемлекеттің ықтиярсыз атқартуымен өмірге енді. Сол дәуірде өсіп-өніп, сол жүйенің ырғағына әбден төселген аға буын үшін жаңа экономикалық формацияның мүлде жат сезілетіні табиғи жағдай. Сөз басындағы аға-әпекелеріміздің түсінік-пайымы осыған меңзейді.

Бүгіндері ширек ғасырлық талпыныстың нәтижесінде нарықтық қатынастар елімізде түбегейлі орнықты. Ендігәрі біздің оның заңдылықтарымен өмір сүруімізге тура келеді. Ал оның ең көрнекті өлшемі – бәсекеге қабілеттілік саналады. Экономикалық-әлеуметтік өмірдің мың саласында әркім өзінің бәсекелестік қабілетіне – алған білімі, біліктілігі, іскерлігі, мәдениеттілігі, тілтабысқыштығы, жұғымдылығына сүйеніп өз орнын табуға тиіс. Сондықтан, мемлекеттің әлеуметтік әділеттілікті сақтау, жаңағы тең бәсекелестік ортаны құқықтық-саясаттық тетіктермен қамти ұсыну жақтарында ішінара, тіпті айтақалсын кемшіліктері бар болған күнде, мемлекет бәсекелестік ортаның жалпыға бірдей және іргелі ұстанымдарын, ойын-ережелерінің іргетасын негізінен ұсынып үлгерді деуге толық негіз бар. Ендеше, әлгіндей ”азып кеттік, тозып кеттік, арба сүйреп жүр” деген сияқты байбалам мен себепті ауадан  іздейтін соқыр санадан арылатын уақыт жетті.

Мысалы, бірге тұрып жатқан ауылдарында біреу өзінің әлдеқандай қабілетінің арқасында кәсібін ашып, бақуатты өмір кешіп жатыр, ал көпсандылар әлі де болса белгісіз ғайыптан біреу көмектесетіндей, әкеліп беретіндей көңіл-күйдің елітуінде жүр. Жайшылықта қара көздеріміздің санының 70 пайызға тақағанын айтып қуанысамыз, ендеше, табысы төмен, лас қара жұмыс істеп жүргеннің көпсандысының сол өзімізден болуы  заңды да. Мемлекетің қожасы біз болған соң, біздің жатып, барлық тірлігімізді басқа кіші халықтар тындырып беруі керек сияқты пиғылдағыларымыз да бар. Кезінде көрген теперішіміздің қарымжысын осылай қайтарғымыз келетін де сыңайлы, шынтуайтында, бұл жұмсартып айтқан күнде, саламатты ниетке жатпаса керек. Базардағы арбаны өз елінде қазақ сүйремей, ешкім келіп бізге сүйреп бермейді… Айта түссек, бұл ұлтымыздың осызаманғы толыққанды ұлт болып қалыптасқандығының, біздегі кәсіптер түзілімінің заман шартына үйлесімділікке анағұрлым бейімделіп келе жатқандығының нышаны. Реті келген соң айта кетейік, ел арасында ”біздің халық әлемдегі қайыршысы жоқ бірден-бір халық” дейтін тәмсіл бар. Әрине жетімін жылатып, жесірін қаңғыртпаған елде тарихымызда қайыршы болмағаны ай туып, күн шыққандай ақиқат. Ал бүгіндері бізде қайыршыдан тартып, азғындар, кезбелер пайда болды. Мынау экономиканың жаһандануы, әлемнің көпүйектелуі, информацияның жарылуы заманында, дәстүрлі жақындық түсініктерінің солғындауы, қараусыз кісілердің көбеюі қатарлы келеңсіздіктер – біздің жақсы ниетіміз алдын ала алмайтын үрдіс. Әрі-беріден соң, қоғами өмірде мемлекеттік басқарушы элитадан бастап ең төменгі тапқа дейін жіктелу және әр жіктегілердің бәсекелестік қабілеттеріне бола өзара қозғалмалы орын алмасулары  ұлттың толыққанды жетілгендігінің белгісі саналуы керек.

Тағы да жаңағы біреу бірдеңе әкеп ұсынатындай емексу нысайы дегеннен шығады, жоспарлы-әкімшіл жүйе дағдысының санаға орныққаны соншалық, жұрт әлі де мемлекеттің қамқорлығынан өте-мөте дәмеленеді. Әрине, жекелеген әлеуметтік топтар мен ескеретін себептермен халықтың мәлім жіктерінің мүддесіне көңіл бөлу, оларға мемлекеттің жылуын бағыштау мемлекеттің бастартпас борышы. Оны үкімет хал-қадірінше жасап та жатыр. Оған көз жұмбаумен қатар, біздің масылдық, тілемшілік, көз сүзушілік санадан ерікті түрде арылуымыз құп болар еді. Бәрін бір жерден басқарып, тапқанды бір қазанға салып,оны бір шөмішпен қайта үлестіретін жүйенің келмеске кеткендігін көкірегіміздің тереңінен түйсінетін мезгіл әлдеқашан жеткен. Қазір мүлде басқа әлемде жасап жатырмыз. Мемлекет нарықтық қатынастардың онан ары орнығуына, әлеуметтік әділеттіліктің үстемдік құруына, құқықтық қағидаттардың мейлінше әділ әм үйлесімді болуына, әлеуметтік қорғансыз таптың неғұрлым әділетті мәмілеге кенелуіне ізгі орта дайындаумен айналысуы тиіс те, былайғы жұрт ешкімге,  үкіметке де қол созбай, нарық қағидаттарын бастамашылыққа алған ойын ережелері шеңберінде және соның тәртібімен өз мүмкіндіктерін ашуға, өз мүдделерін қамтамасыз етуге үйренуі шарт. Елдің ұзақ болашағынан қарағанда, қазір жасап жатқан ел азаматтары, үлкен-кіші демей, өмірлік дәстүр қалыптастырып жатқан ұрпақпыз. Біздің бүгінгі үлгіміз келешек ұрпақтарымыздың өмір салты болып қалмақ. Осы тұрғыдан пайымдағанда, өзіміздің осы тарихи борышымызды жете сезінуіміздің өзі көзалдағы бұлтармас  борышымыз  болса  керек.

Кәсіпкерліктің нарықтық экономиканың мызғымас діңгегі екендігі талассыз ақиқат. Жаңа қалыптастырып жатқан экономикамыздың игілігін барлығымыздың өз деңгейінде көруіміз үшін, сол кәсіпкерліктің қанат жаюына қолғабыс тигізу міндетіміз-ді. Ең әуелі кәсіпкерлікке, кәсіпиелеріне, инновацияшыл субъектілерге құрмет пен олардың еңбектерін оң бағалайтын сана, ұғым қалыптастыра білуіміз абзал.  Адамзат баласы өндірген өнім тауарланғалы бері, кәсіпкерліктің ең елпек, ұтқыр, тез қайтарымды саласы болған маркетинг мың құбылып дамып келеді. Біздің халық барлығын еш өткелексіз қайнар көзден алғысы келеді. Мұндайды халқымыз ниет қалыс дейді. Алайда, өндіруші өнімін бірден тұтынушыға табыстап, тұтынушы қажетін төте өндірушіден алатын жағдай жасалған күні экономикалық өмірдің қайнап жатқан тасқынының тоқтаған күні есептеледі… Керісінше, экономикада маркетинг – сауда-саттық қанша дамыған сайын, оның үлгілері мен тетіктері байыған сайын, экономиканың айналымына, жаңаруына, түрленуіне сонша қарқынды леп беретін заңы бар. Мына заманда біздің түсініктегі алыпсатарлық пен делдалдықтың өзі өз алдына дара  да қуатты алып индустрияға айланып үлгерген. Мысалға қазір қауырт дамып, бәріміз игіліктеніп жатқан электрондық маркетингті алайық. Көрнеу қарағанда электрондық маркетинг тұтынушыны барлық ортадағы делдалдардан аластатып, өндірушіге тікелей шығарған сықылды көрінгенімен, көмескіде ол өзіне тән информациялық-технологиялық басымдықтары арқылы тек бұрынғы делдалдықтың орынын  басып отыр, тұтынушы үшін ол делдалдық қызметтің барынша жетілген, ұтымды, жаңа ІТ құралдарымен байытылған қолайлы түрін ауыстыруымен ерекшеленеді. Алыпсатарлық бұл жерде түсін өзгертіп, мейлінше бүркеншікті қалыппен келіп отыр. Демек, ол тұтынушының өндірушіге бірден шығуының кепілі бола алмайды да. Шынтуайтына келгенде, қазіргі өндірушілердің өзі өзге өндірушілердің өнімін өз өнімінің бір бөлшегі етіп кіріктіру арқылы өзге өндіруші мен тұтынушының арасында делдалдық жасап отырмай ма! Қорытынды біреу-ақ, әрқайсымыздың алдымызда замана өмірге әкелген маркетинг құралдарын жатсынатын, экономика өзенін арықарай арқырата түсетін тетіктеріне үрке қарайтын, оның мәніне бойламайтын көнетоз санадан арылу міндеті тұр.

Қарапайым жұрт күнделік тұрмысқа етене экономикалық салаларға үкіметтің араласуын, оны өз тілек-талаптарына тиімді жаққа бағыттауға пәрмен етуін қалайды. Мемелекеттің монополиялық салалардың шектен шықпауын қадағалауы оның ең басты міндеттерінің бірі. Дегенмен, халық нарық заңдылықтарының түбегейлі салтанат құрып, орнығу үстіндегі нарықтық қатынастардың игілігінен тіпті де әділ, жеңіл, жылдам сусындау үшін, әзірден бастап үкіметтің экономикалық өмірімізге араласуынан бас тартуға тәрбиеленуі тиіс. Үкіметтің жақсы менеджер емес екендігін капитализмнің 3 ғасырлық тарихы әлдеқашан дәлелдеп берген. Ендеше, әкімшілік тәсілдерге қол артқан, мерекелі мерзімдерде базар аралап картоптың бағасымен арпалысып жүруінің әкімге абырой, тұтынушыға тиімділік әпермейтіні анық, оны өмір өзі дәлелдеп те жатыр. Жұрт онан гөрі, сол картопты базарға ұсынып отырған кәсіпкердің – алыпсатардың еңбеккерлігі мен ынтасын түсінуге, оның табысының да өзімізді екі орап тұрмағандығына жанашырлықпен көз жеткізуге ұмтылғанымыз абыройлы болар еді. 90-жылдар жоқшылық қарсаңындағы аспатөк табыс, жабайы менеджмент, қолдағыны өзгені қанаудың құралы етіп пайдалану, біреудің мүддесінің үстінен пайда көру сынды жабайы тәсілдердің ауылының алыстап кеткенін сезініп-сенуіміз өмірімізді реалдыққа бір табан жақындата түсер еді.

Осы орайда, елдің ”тілі, көзі, әм құлағы” саналатын БАҚ өкілдерінің де, экономикалық тақырыпқа қалам тербегенде мәселенің байыбына барып пайым жасауларын, ретіне сай өздерінің экономикалық білімдерін ұштауларын, халықтың сау және ылғарышыл сана қалыптастыруына себепші болуларын құлаққағыс етер едік.

 Құрмет  ҚАБЫЛҒАЗЫҰЛЫ