Back

Ресейдегі қазақ ауылы Қазақстаннан араша сұрады

РФ Таулы Алтай өлкесіне қарасты «Қош ағаш» ауданының басшысы Әуелхан Жатқанбаев пара алды деген күдікпен тұтқынға алынды.

Оқиға 22 ақпан күні орын алған. Ол өткен жылы қаңтар айында мектеп құрылысын аукцион арқылы сатуда жеңіске жетуі үшін бәссаудаға қатысушыдан 3 млн рубль көлемінде пара алған деп айыпталып отыр деп хабарлады ҚазАқпарат.

Өзінің ешқандай кінәсіз екенін айтқан Әуелхан Жәзитұлы жедел-жәрдем қызметкерлерін шақыртуға мәжбүр болды. Себебі оның денсаулығы сыр бере бастаған.

Ал осы оқиғаға байланысты Әуелхан Жатқанбаевтың ұлы Мейірім Жатқанбаев былай дейді:

«Ассалаумағалайкум, қандастар!!! Мен Ресейдің Алтай өлкесі Қош Ағаш ауданының тұрғынымын. Əкем — Жатқанбаев Əуелхан Жазитұлы — осы ауданның əкімі. Осында тұратын 12 000 қазағына бүкіл өмірін сарп етіп, аямай еңбек етті. Жергілікті халықтың қолдауымен 4 мəрте аудан əкіміне сайланып, жұмысын адал атқарды. Елінің үмітін ақтап, келешекте өсер ұрпағына жол сілтеді.

Бұл адамға енді жала жауып, ешбір дəлелсіз қамап тастады. Денсаулығы онсыз да нашар, қан қысымы жоғары жəне жүрегі нашар. Жергілікті тұрғындар, ел-жұрты, ағайыны жиналып алаңға шықса, бостандық пен əділеттілік сұраса, полиция бəрін шетінен қуып қамаймыз деп қорқытуда. Бүкіл халық қайғырып отыр.

Келесі кезекте жанұясына қауіп төніп тұр. Үлкен қызы — менің апайым екеуіміз Қазақстан азаматымыз, бізді де қамауға алмақшы. Алыстағы қандастарыңызға қол ұштарыңызды созуын сұраймыз».

Әуелхан Жазитұлы осы өңірде алғаш рет Наурыз, бүркіт тойын және алғаш болып қазақ күресінен Азия чемпионатын өткізген. Кеңес Одағы құлағаннан кейін ең алғаш мешіт салдырған азамат. Қазір Әуелхан Жатқанбаев қамауда.