Cоңғы жаңалықтар
Back

Игорьдің өлімін ұлымнан көрді (видео)

«Балам жазықсыз сотталды», деп зар еңіреген ана Мейрам Қонғанбайқызының жанайқайы Жоғарғы сот, Парламент депутаттары және Бас Прокуратураға жетеді деп сенеміз. Баласының адам өлтірмегенін айтып, видеоүндеу жариялаған Мейрам Қонғанбайқызының арызын қаз-қалпында беріп отырмыз. Мақаланы оқып мәселенің мән-жайымен таныса аласыз. 

23 сәуір 2016 жылы Павлодар облысының Ертіс ауданына қарасты Қызылжар ауылында Съедин Игорь деген азаматты белгісіз біреулер өлтіріп кеткен.

Одан біраз бұрын, яғни 12 наурыз күні Съедин Игорь мен 1989 жылы туған Хавсамет Нұрбол деген азаматтың арасында жұмыс бабында келіспеушілік болып, Игорь Нұрболға тіл тигізгендіктен, соңғысы Игорьді жұдырығымен бір мәрте ұрып жіберген. Алайда көп кешікпей Нұрбол Игорьден кешірім сұрап, оған жаңа ұялы телефон сатып әперген, сөйтіп екеуі татуласып тынған.

Алайда, полиция қызметкерлері Игордің өлімін Нұрболдан көріп, «сен кінәлісің, өлтірген сенсің, өйткені екеулеріңнің араларыңда жанжал болғандықтан сен оны қасақана өлтірдің» деп кінәләп ұрып-соғып, қылқындырып-қинап күштеп мойындатқан. Кейін сот алды тергеуінде Нұрбол жазықсыз мойындаудан бас тартып, шындықты айтқан.

Қылмыстың қалай жасалғанын үйреткен және ұрып-соғуды тағы басқа қылмысқа қатысты мән-жәйлерді ұйымдастырған негізгі тұлға Павлодар облысы Ертіс аудандық ішкі істер басқармасының бұрынғы орынбасары Омаров Ербол сот отырысында беті қып-қызыл болып, аяқ қолын қоярға жер таппай дірілдеп тұрған. Барлық шындықты айтып, қорқытқанын мойындатқан Хавсамет Нұрболға қарсы мардымды ештеңе айта алмай, керісінше Нұрболға өзінің ұялы телефон нөмірін бергенін, А-4 форматтық қағазға мәйіттің жатқан жерін, қылмыстың жоспарын Нұрболға сызып бергенін мойындаған және 24 мамыр 2016 жылы АП-162/1 мекемесінде қамауда отырған Хавсамет Нұрболға не үшін кіргенін айта алмай қобалжыды.

Шындықты айтып қалай шырылдаса да, Павлодар облысының ауданаралық арнайы қылмыстық соты (судья Нуркиев А. Г.) Хавсамет Нурболды ҚР ҚК-нің 99 бабының 1 тармағы бойынша айыптап, 10 жылға бас бостандығынан айыруға жаза тағайындаған.

Нұрболдың қорғаушысы, оның Съедин Игордің өліміне ешқандай қатысы жоқ екенін сот үстінде толық дәлелдеп берді. Қылмыстың себеп-салдары, уақыты, заттай айғақтар, қылмыстық істегі қарама-қайшылықтар, куәлердің сотта берген жауаптары, іс бойынша сараптамалар – барлығы Хавсамет Нұрболдың кінәсіз екендігін көрсетті.

Куәгерлер полициядан қорқып дұрыс куәлік ете алмады. Әйтпегенде біздің алдында жазып алған айғақтарымыз бар. Бірақ ол видеоны адвокат сотта ұсынғанымен судья қараудан бас тартты. Сот ісі бір жақты қаралып судья Нұрболдың алғашқы беттегі полицияға берген жауабын алға тартып баламды кінәлі деп тапты.

Естеріңізге тағы да салайын, тергеушілер баламды ұрып соғып, ақыры болмаған соң алдап сулап «мойындай салсаң, жазаң жеңіл болып шартты түрде ғана сотталасың», деп мойындатқан. Бұл жерде істің орыс тілінде жүргізілгенін және аудармасы мардымсыз болғанын да естеріңізге саламын.

Іс бұнымен әрине бітпейді. Алда апелляциялық, кассациялық сот алқалары тұр. Олар қандай шешім қабылдайтыны әзірге беймәлім!