Cоңғы жаңалықтар
Back

Тоқтар Әубәкіров: «Алдыңа мақсат қоймасаң, өмір бойы адасып өтесің»

Аңыз адам, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровпен сұхбатымыз шағындау болып қалды. Бірақ біз үшін бұл кісінің әр сөзі алтын.  Осы себепті де ол кісіге қойған төрт-бес сауалымызға алған жауаптарды құнды деп ойладық. Назарларыңызға ұсынамыз.

– Арманыңыз…

– Негізі бұл сұрақ маған жиі қойылады (күліп). Бірақ, осы жолы басқаша жауап берейін. Жауабым қысқа да нұсқа болсыншы.

– Қарсы емеспіз, Аға.

– Бала күнімде ауылымызға санитарлық ұшақтар жиі қонатын еді. Ауылдағы балалар ұшақтың келуін күтіп тұрып, таласа-тармаса ішіне отырып алатынбыз. Ауыл баласына бұдан асқан арман жоқ еді сол кездері. Ұшқыш болуға деген аңсарым сол кезден ауа бастады. Ұлы Отан соғысы кезінде асқан ерлік көрсеткен Нұркен Әбдіров, Талғат Бигельдинов сынды қазақтың батырларын жақын таныған сайын менің арманым мақсатқа ұласа бастады.

Не керек, 1965-1969 жылдары Армавирге оқуға түстім. Әрі қарайғы ғұмырбаяным өздеріңізге белгілі шығар.

Қателеспесек сіз ғарышта тұп-тура 7 күн 22 сағат 13 минут болдыңыз. Атақты Микоян атындағы әуеконструкторлар институтында 25 сынақшы-ұшқыштың арасында жалғыз сіз ілігіпсіз. Солардың 9-ы сынақ кезінде апатқа ұшырап, қаза тапқан екен. Мұны ердің ісі қабылдау керек шығар?

– Иә, ғарыш саласына келу үлкен тәуекелді қажет етеді. Бірақ, тайсақтаған жоқпын.  Балалық қиялыма қанат бітіргім келді. Осы себепті де жолымда кездескен барлық қиындықтарға мойымадым. Жеңдім. Арманыма қол жеткіздім. Әскери училищені тәмамдап, Қиыр Шығыста, Амурдағы Комсомольск қаласында әскери борышымды өтедім.

Айналасы 4-5 жылдың ішінде СУ-15 ұшағын меңгеріп, Қиыр Шығыстың «Ең үздік ұшқышы» атағын иелендім. Бұл бекер мақтану емес.

Айтайын дегенім, осының бәрін қазақтың баласы жасады. Осылайша «қазақтың қолынан техниканы игеру келмейді» дегендердің аузына құм құйылды. 1988 жылы КСРО тарихында алғаш рет жерге қонбай, әуеде ұшаққа екі мәрте жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын жүзеге асырдым.  Реактивті деген ұшақтардың 40-қа жуық түрлерін сынақтан өткіздік.

Иә, рас қорқынышты болды. Бірақ бұл жерде де бойдағы намысым арқылы қадам жасадым. Сол кездегі 180 миллионнан аса халықтың ішінен жалғыз қазақтың баласы таңдалды. Күллі қазақ менің мойныма жүк артты. Сол кездерді еске алсам ерекше толқып кетемін.

– Ғарышкерлердің арасында жазылмаған атақты Юрий Гагариннің «қағидасы» – «поехалиді» бұзып: «Қазағым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!» дегеніңіз рас па?

– Иә, бұл оқиғаны ешқашан ұмытпаймын. Елбасыға қазақ тілінде: «Сапарға дайынмын!» деп рапорт жасағанымды білемін. Бір кезде санау басталып кетті. Ұшуға шамамен 1 минут қалды. Зымыранға барып отырдым, есіктердің бәрін дұрыстап бекітіп, жауып тастады.

Командирім: «Кеттік!» дегенде, менің айтқаным: «Ал қазағым, сен үшін жануға да, ұшуға да дайынмын!». Бұның бәрі таспада жазылған.

Күллі қазақ ғарышқа ұшты. Қазақтың рухы ұшты. Менің бұл сапарымның басты көмекшісі – Қазақ халқының маған деген кіршіксіз құрметі мен селкеусіз сенімі. Мен халқым үшін ұштым және сол үшін де үлкен құрметке бөлендім.  Мен түскен кезде «Тоқтар! Тоқтар!» деп айқайлап жатқан аға-апаларымызды көргенде өзім абдырап қалдым. Өзіңіз ойлаңызшы, бүкіл қазақ баласы сенің атыңды қайталап айтып жатса, сенен асқан бақытты адам болар ма еді?!

– Ал Қазақстанның қазіргі ғарыш саласы туралы пікіріңіз қандай?

– Көңілім толады. Бастысы осы уақыт аралығында Қазақстан ғарыштық мемлекеттер санатына кiрдi. Осы арқылы бiздiң елдi халықаралық қауымдастық технологиясы дамыған ел ретiнде қабылдады. Америка мен Еуропаның Қазақстанға деген ескi, тұрпайы көзқарасы өзгердi.

Екiншiден, өзiмiз өз бетiмiзбен ғарышты зерттей бастадық.

Алайда аса маңызды бір жәйтті мықтап есімізде ұстауымыз керек. Ғарыш – жаңа технология! Қазір ІТ-ақпараттық технологиялар заманы. Ол күн сайын өсіп, өзгеріп тұрады. Бір орында тоқтап қалмайды. Сондықтан біздің жастарымыз ерінбей оқып, сапалы білім алуы керек.

Сосын біреу білер, біреу білмес  – Қазақстанның ғарыш агенттігін құруға бастамашы болған жанның бірі менмін. Бұл мақтанғаным емес. Атқарған еңбегімді айтып отырмын.

1993 жыл еді. Ол кезде Үкіметте қаражат тапшы. Штатта алты-ақ адам істейміз. Жалақысы 10 (он) доллар. Толық қанды жұмыс жасауға мүмкіншілік болмады. Десе де тырысып жүріп Байқоңыр туралы заң қабылдадық, бекіттік. Кейін БҰҰ барып ғарыш саламызды таныстырдық. Бүгін ойлап отырсам, қазіргі миллиард теңгелер сол кезде болғанда, көп шаруа тыңдыратын едім.

 Ендігі жерде өз салама келгендегі ең үлкен арманымды айтайын. Батыста ортақ ғарышты зерттеу орталығы деген бар. Біз де  Орта Азиялық орталықты құру керекпіз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді.

– Жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз Тоқтар аға?

– Мен мұны ылғи да айтып жүрмін. Намысты әркезде бірінші орынға қою керек. Жастарға, тәуелсіздік құрдастарына айтар бірінші кеңесім осы.

 Екінші мәселе өмірде мақсатың болуы керек. Алдыңа мақсат қоймасаң, өмір бойы адасып өтесің. Бала кезден-ақ кім болатыныңды анықта. Өз басым, мүлде басқа мамандықты бітіріп, кейін министр болғанда өзі мүлде білмейтін саланы басқарып отыратын министрлерді түсінбеймін. Ұсынды екен, келісе салады. Олар ол жерде отырмауы керек.

Одан бұрын сен бұл жерге қалай келдің, қалай жеттің, осы маңызды. Мақсатыңа біреудің жолын кесіп, біреуге арамдық жасап жетсең, ендеше арманыңның қалай орындалғанын артындағы ұрпағына айтпай-ақ қоюыңа болады.

Ал, балам сұрағың осымен тәмам болса, мен жүрейін…

– Тоқтар аға, соңғы сұрағымыз қалды. Бұл сұрақ ғарышқа қызығатын балаларға қызық болуы мүмкін. Ғарыш кеңістігінде жер шарынан қандай да бір қызық құбылыстар көре алдыңыз ба?

– Ғарышкерлер арасында «егер ғарыштан оқыс жайтқа куә болып, тосын жайтты көрсең, оны бірден психологқа айтпа» деген әзіл бар. Ғарыш кеңістігінде төтенше бір құблысты көріп, куә болмадым. Бірақ солтүстік полюстің күн нұрына малынуы маған қатты әсер етті. Бұл көріністі тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек қана көру керек.

 Әңгімелескен, Арман Алтайұлы