Back

Серік Ахметовтің сыбайласы рақымшылыққа ілікті

Экс-премьер Серік Ахметовтің ісі бойынша сотталғандардың бірі – Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болған Мұхтар Адамбеков рақымшылыққа ілінді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының пробация қызметі Адамбековті рақымшылық арқылы босату туралы өтініш білдірді. Қазыбек би аудандық сотының 2017 жылдың 30 қаңтарындағы қаулысына сәйкес, өтініш қанағаттандырылды. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес, Адамбеков шартты түрде екі жыл бас бостандығынан айыру жазасынан босатылды», – деп хабарлады аудандық соттың кеңсесінен.

Соттың қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ, сондықтан, апелляциялық сатыда бұл шешімге қатысты шағым түсуі мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Адамбеков әуел баста қызметін асыра пайдаланды деп айыпталған болатын. Кейін мемлекеттік айыптаушы оның ісін «Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау» ісіне ауыстырған болатын. Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2015 жылғы 11 желтоқсандағы үкімімен Мұхтар Абамбеков шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, сыбайлас жемқорлық үшін 8 жылға сотталған бұрынғы Премьер-Министр Серік Ахметов те рақымшылыққа ілініп, мерзімі қысқартылған болатын