Back

Майлыбаев қандай сатқындық жасады?

Мемлекеттік құпияны жария қылды деген айып тағылған Президент әкімшілігі басшысының экс-орынбасары Бағлан Майлыбаевтың қамауға алынуы күтпеген жаңалық болды. Ұзақ жыл елдің идеологиялық жұмыстарымен айналысқан әрі ішкі саяси істерге басшылық еткен шенеуніктің қолына кісен салынды. Осының өзі Майлыбаевтың мәселесін май шаммен қарауды талап етеді.

Ол
Майлыбаев Назарбаевтың жанында 2004 жылдан бері жүр. Дәл осы жолы ол Мемлекет басшысы баспасөз қызметінің жетекшісі болып тағайындалды. Осы қызметте 2008 жылдың аяғына дейін отырады. Кейін Мәдениет және ақпарат министрлігіне ауысып, Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Бұл жерде ұзақ аялдаған жоқ. Өсті. Осы ведомствоның вице-министрі болды.
Сосын Президент әкімшілігіне қайта оралды. Бұрынғы қызметіне қайтып келді. 2011 жылы Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болды.

Тұтастай алғанда, соңғы 12 жыл бойы Майлыбаев Назарбаевтың жанында жүрді. Оның баяндамаларын әзірледі. Елбасыға елдегі жағдайды жеткізіп отырды. Ақпараттар Майлыбаевтың елегінен өтті. Президенттің елдегі жағдайды бағамдауы мен соған сай шешім шығаруына Майлыбаевтың әсері болды.

Демек, баспасөз-хатшысы қызметі біз бен сіз ойлағандай жеңіл-желпі лауазым емес. Керісінше, амал-айласын тапса, осы арқылы бастығының көңіл-күйіне әсер етуге, айналасы мен елдегі оқиғаларға қатысты көзқарасын қалыптастыруға, тіпті кейбір ауыр салмақты шенділердің үстінен компромат жинауға, оны бастықтың алдына апаруға, тиісінше сол арқылы әлгі ауыр салмақтың саясаткерлердің тағдырын шешуге болады.

Оның шабуылына ұшырағандар кім?
Байқасаңыз, Президент әкімшілігіндегі Майлыбаевтың үстінен қарайтын бастықтар әр жылдары Қазақстандағы оппозициялық және ресейлік ақпарат құралдары тарапынан шабуылға ұшыраған. Майлыбаевтың Кремльдегі ықпалды ойыншылармен, оның ішінде Путин мен Медведевтің әкімшілігіндегі әріптестерімен тығыз байланысты болғаны ешкімге жасырын емес.

Майлыбаев осы арқылы өзінің саясаттағы қарсыластарына (бәлкім дұшпандарына) өзге біреудің шоқпары арқылы соққы жасауы әбден мүмкін. Бұлардың қатарына Мусинді, Мәсімов және Нығматулинді жатқызуға болады. Әрине, олардың имиджіне нұқсан келтірген басқа себептер бар. Дегенмен, баспасөздегі сыни мақалалар да бұлардың абырой-беделін шатқаяқтатып кеткенін жасыруға болмайды. Ал Майлыбаевтың ақпараттық шабуылдарынан зәрезап болған Назарбаевтың айналасы осының бәрін ұйымдастырып отырған адамға жылы қабақ танытпасы белгілі.

Нақтылайық. Майлыбаев Мәсімовтің басқа креслоға ауысу туралы өтінішін Назарбаевқа жеткізбей тастайды. Ержан Бабақұмаров және Ерлан Қариннің көмегімен Мәсімов пен Нығматулиннің үстінен құшақ-құшақ компромат жинайды.

Одан қорқатын
Майлыбаев ақпараттық сала мен мемлекеттік аппараттағы орындарға да өз адамын отырғызбақ болған. Оған ұнамағандар жұмыстан қуылатын, қуылғаны өз алдына, жаңа жұмысқа қабылдануының өзі қиынға соғатын. Осы себепті де ешкім онымен бетпе-бет келуге батпайтын. Бұл өз кезегінде Майлыбаевтың ықпалын одан әрі арттырып, билігін күшейте түсті.

Бұдан сырт оның «Қазақстан», «Хабар», «Еуразия» арналарының телебағдарламаларына бөлінген қыруар қаржыны өзінің ықпалындағы продюсерлік орталықтарға бөлгізгені туралы болжам бар. Демек, телебағдарламалар түсіруге бөлінген ақша Майлыбаевтың қалтасында кетті деген сөз. Бұлай болса ол ұрлады деген 1,3 млрд. теңге қолды болған қаражаттың шеті ғана…

Сонымен бірге «Еуразиялық зерттеулер институты», «Қазақстан саясаттанушылар конгресінің» жобаларына бөлінген миллиардтар да дәл осы мақсатқа бөлінгені күмәнді.

Оның идеялары
Майлыбаевтың Мемлекет басшысының халық алдындағы образын, идеологиялық келбетін қалыптастыруда үлкен қателіктер жібергенін жасыруға болмайды. Ол ортаға тастаған идеяларды халық «ақылға қонымсыз» деп таныды. Ал Астананың атын Назарбаевтың атымен атау идеясын мүлде ақталмады.

Президенттің халықпен жүздесуінде қатаң іріктеу жүрді. Елбасымен кездескісі келген қатаң іріктеуден өтті. Дайындалды. Сценарий жаттады. Пысықтады. Назарбаев атына айтылатын тілектер, мақтаулар Президент әкімшілігі, оның ішінде ішкі саясат мәселелерін қадағалайтын орынбасардың тарапынан тексерілді.

Назарбаевты пайғамбарға айналдыру идеясын қоғам әу-бастан қабылдаған жоқ. Оның образын осылай көрсету бұған жауапты адамдардың ақылсыздығынан немесе Елбасыға әдейі істеуден тууы мүмкін еді.
Айталық, Мемлекет басшының ел алдындағы абыройын түсіру, оны әлемдегі ешкім амандаспайтын диктаторлардың қатарына қою және ең бастысы қарым-қатынасы жақсарып келе жатқан Батыс әлемінен ажыратып алу…

Оның тұсында
Майлыбаев елдің ішкі саясатын бір өзі билеп төстеді. Оның тұсында ресейлік ақпарат құралдары қазақстандық ақпараттық нарыққа ентелей енді.

Оның тұсында мемлекеттік арналарға Ресейден кеңесшілер шақыру үрдісі белең алды. Тіпті, 100 пайыз қазақша хабар тарататын «Қазақстан» телеканалының өзінде ресейлік кеңесші болған.

Журналистердің айтуынша, бар билік кеңесшінің қолында болған. Ол барлық жиындарға қатысатын, арнаның ақпараттың саясаты мен кадрлар мәселесіне де араласатын. Ақшаны қырып табатын, сыйақысы да қомақты болатын.

Жоғарыда жазылған жайтты түйіндесек, Майлыбаевты ақпараттық сатқындық жасады, Ата заңды әлсіретіп, іштен іріткі туғызбақ болды, ақылға сыймайтын идеяларымен әлем алдындағы елдің имиджіне нұқсан келтірді, ақпараттық тәуелсіздіктің іргесін сөгітіп, ішкі саяси процестерді бақылауға келгенде билікті Кремльдің қолына ұстатты деп айыптауға әбден негіз бар.

P.S. Әзіргі тергеу-тексеру амалдары дәл осы бағытта жүріп жатыр деп айта алмаймыз. Бұл – құпия. Бізге оны айтпайды. Дегенмен, Майлыбаевқа қатысты ақпар жинап жатқан арнайы қызмет мамандары тергеу ісіне келгенде біз жазған жайттарды назарға алар деген ойдамыз.

Дереккөз: Kz.expert сайты.
Аударған, Думан БЫҚАЙ