Back

Әкім мырза, «жолға жауапты адамнан» қайран жоқ!

Ақтөбе облысының әкімі Хромтау ауданы Тассай ауылына бұрыннан келгісі келіп жүргенін, алайда тек осы жолы сәті түскенін жеткізді. Алайда, аудан басшылығы тоз-тозы шыққан ауылды көрсеткілері келмегенге ұқсайды, – деп хабарлайды«Тілші».

– Жол жабық, қар қалың деп сылтаурытқылары келді. Алайда, мен жағдайды өз көзіммен көрмек үшін әдейі келдім, – деді округ басшысының есебін тыңдап болған Бердібек Мәшбекұлы.

Сапарбаев жолға жауапты лауазымды адамдармен таныстырды.

– Араларыңызға облыстың жолдарына жауапты адам – өздеріңіздің бұрынғы әкімдеріңіз Аязбай Османғалиевтің өзі келіп отыр, – дегені сол еді, жиналған жұрт еріксіз күліп жіберді. Арасында бір белсендісі «жолға жауапты адамнан» қайран жоқтығын айтып, ауданның бұрынғы әкімін көпшілік алдында одан сайын ұялтты.

Облыс әкімі Тассайға барар жолды өз көзімен көрді. Сапарбаев бастаған кортеж бір сағаттық жолды үш сағатта әрең өтіп шықты. Округ әкімінің сағат үште басталады деген есептік кездесуін халық сағат беске дейін күтуге мәжбүр болды.

Күн райына орай кешігіп жеткенін айтқан облыс басшысы Тассай ауылының тұрғындарынан кешірім сұрады.

Айта кетейік, Тассай ауылы облыс орталығынан шамамен 90 шақырым қашықтықта. Шенділер кортежі жүріп өтпей жатып, өзі әрең тазартылған жолды қалың қар қайта басып тастады.

 

Марат Төлепберген, «Тілші»

фото: Аймұрат Дәрібаев