Back

Бізде талғам мен таңдау бар ма?

Ринат, айтшы, бізде таңдау бар ма? Талғам ше? Таңдау мен талғам бар ма? Жоқ. Оған сен және сен сияқтылар жол бермей отыр, өкінішке қарай.

Анығында, талғам бар жерде, таңдау бар. Таңдау бар жерде талғам бар. Бізде екеуі де жоқ. Саясатымыз қандай болса, сахнамыз да сондай екен.  Өзгеше пікір білдіргендерді, өз жолымен жүргісі келгендерді көтермейді. Бәлкім, көре алмайды.

Әйтпесе, Ninety One саған не жазды, Ринат? Бәрін бастап берген сен едің. Атарға оқ, сынарға сөз таба алмай жүргендер жамыраса кетті. Бәрін бастап берген сен едің. Оларды көгілдір қылған да, оларды ұлттан бездірген де, жалпы оларға қарата неше түрлі жаман сөз айттырған да өзің едің Ринат.

Сонда сеніңше өнер деген не? Кафедегі үш жігіттің басын құрап «Музарттың» көшірмелерін құру ма? Әлде қырғыз-өзбектің әндерін ұрлап қолдан хит жасау ма? 

Байқайсың ба, бізде ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүретін әншілер көп. Олар тыңдарманды ойламайды. Өзін ойлайды. Өзінің несібесін ойлайды. Тойды ойлайды. Тойдағы биді ойлайды.  

Айталық, біздің талғамымыз той әндерін қабылдай алмайды. Қайнағаға, қарындасқа, құдашаға арналған әндер біздің таңдауымызбен сәйкеспейді екен. Не істейміз сонда? Кімді тыңдаймыз, Ринат айтшы?

Ninety One кімге, не жазды? Сенің бастап бергенің сол жер-жердің бәрінде «анти 91» акциялары өтті.  Топ халық жауына айналды. Күлкілісі Солтүстік жақта топтың кешін өткізуге қарсы бір топ аға-апаларымыз мини-митинг өткізіпті.

«Топ қазаққа қауіпті. Ұлтқа қатер төндіріп отыр» депті. Күлгеніміз-ай. Солтүстікте бұдан басқа мәселе жоқ екен. Олардың Ninety One-ға шамасы жетеді. Ал Кутузов пен Суворовтың көшелерін, Павлодар мен Петропавлдың аттарын ауыстыру қажеттігін айта алмайды. Оларды Солтүстіктегі тілдің тағдыры толғандырмайды, олар үшін Ninety One қауіпті. Анығында, олар Ninety One-ды не үшін жеккөретіндерін білмейді. Олар сенің сөздеріңе алданып қалған, Ринат. Сен сөздің майын тамызасың ғой, өйткені.

Сөздің майын тамызатын адам ақсақты тыңдай, өтірікті шындай жеткізбеуші ме еді? 

Топтың атын пайдаланып өзіңе жарнама жасағанды доғару керек шығар. Орынсыз жала, дөрекі тиісу. Анықтап келгенде, сөздеріңнің бірде-біріне дәлел жоқ. Бірақ, халықтың табиғаты сондай. Ертегіге сенеді, пафосқа алданып қалады. 

Әйтпесе, сен жырлайтын мәселе аз ба?  Тілді айтшы, жерді айтшы. Қайда барамыз, қайда келеміз? Кім едік, қандай болдық? Осы туралы айтшы. Жұрт тыңдайды сені. Ninety One-ға тиіскеніңді доғаршы. Сендей ақынға сөз етуге тұрмайтын дүниемен алысқан ұят. Жоқ, рас.  

Өткенде осы топтың продюсері Ерболаттың сөзін тыңдадық. «Мақсатым қазақ тілін трендке айналдыру» деді. Қалай? Ән арқылы, өнер арқылы. Басқа жол жоқ. Басқалай үйренбейді. Батыста «жұмсақ күш » деген түсінік бар. Оларда бізді солай жаулаған. Ендеше бұл жігіттер өз жолымен жүруге, өнерін жасауға мұрсат бер. Сен оларға бәрібір кедергі бола алмайсың… 

Аль ФРЕДО