Back

Үкімет халықтың баспана үшін банктен алған несиесінің 7 пайызын төлейді

Елімізде ипотеканың пайызы әжептәуір арзандамақ. Енді жұртқа жылдар бойы арман болған баспанаға қол жеткізуге Үкімет қараспақ. Ауқымды іс үшін бюджеттен субсидия ретінде 2 триллион теңге бөлінеді деп күтілуде. Бірақ  миллиондаған шаршы метр пәтер салуды көздейтін мақтаулы бағдарлама үйсіздердің барлығын жарылқай алмайды.

Қазір елімізде көп банк оңайлықпен ипотека бере қоймайтыны белгілі. Несиесінің үсті-үстіне үстеме қосып, 20 пайыздан асырады. Қысқасы, халық есебінен қыруар пайдаға кенелуде. Енді кісі есігінде күнелтіп жүргендерді Үкімет жарылқағалы жатыр. Үміт күтіп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасы шын мәнінде іске асар болса, ипотека арзандамақ.

– Бағдарламаның бірнеше негізгі бағыттары бар. Ең әуелі ипотекалық несиенің пайызы төмендейді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары мен әкімдікте үй кезегінде тұрғандар үшін үй құрылысының көлемін арттырамыз, – дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

Мақтауы асырылған іс ең әуелі жұртқа пайызы төмен арзан ипотека алуға мүмкіндік береді. Яғни, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 17 пайызға дейінгі ипотеканы енді 10 пайызбен алуға болады. Өйткені, қалған 7 пайызын мемлекет бюджеттен субсидия бөліп, банктерге өзі төлейді.

– Екінші деңгейлі банктер Астана мен Алматы тұрғындары үшін 20 миллион, ал басқа  өңірлер үшін 15 миллион теңгеге дейін ипотека беретін болады. Несиені төлеу мерзімі 15 жылға дейін, – деді министр.

Мемлекеттің субсидиясына кез келген тұрғын өтініш берсе болады. Алайда, талап бойынша, алатын пәтердің алғашқы жарнасы міндетті түрде болуы тиіс. Оның көлемін банктің өзі анықтайды. Бірақ, тұрғын үй нарығындағы алпауыт компаниялар жұрт жаппай арзан ипотека ала алмайтынын алға тартуда. Өйткені, несиенің бір бөлігін төлеуге Үкімет көмектескенімен, екінші деңгейлі банктер адамдарға қыруар ақшаны ұзақ жылға сеніп тапсырып, тәуекелге бармайды.

Бұған қатысты Құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Айдын Рахымбаев:

– Оның үстіне екінші деңгейлі банктерде ондай көп ақша жоқ. Сондықтан бағдарлама аясында жеңілдіктер қарастырылғанымен, оны үйсіздердің барлығы пайдаланып қала алмайды. Дегенмен, тұрғын үй нарығына жаңа қарқын берері сөзсіз. Бірақ, мұнымен мәселе шешілмейді, – деп өз ойын ортаға салды. Десе де, бағдарламаны іске асыруды қолға алған Ұлттық экономика министрінің баяндамасы оптимизмге толы. Айтуынша, «Нұрлы жер» бойынша алдағы 15 жылда 250 мыңға жуық баспана салынбақшы. Ол үшін бюджеттен 2 триллион теңгеге жуық қыруар қаржы бөлінеді.

Баспана салуға бөлінетін қаржы артпаса кемімейді. Яғни, соңғы кездері қарқынды өсіп келе жатқан мұнай бағасы бюджетке түсімді арттырып отыр. Егер келер жылы да, қара алтын бағасы шарықтайтын болса, «Нұрлы жерге» бөлінетін ақша қайта қаралып, бағдарламаға өзгерістер енуі мүмкін.

 

Дереккөзі: ktk.kz