Back

Тасмағамбетов? Оның көре алмастары мен дұшпандары тыныш отырмайды

Тасмағамбетов 60-қа толды. Саясаттанушы Әміржан Қосанов мерейтой иесін мерекесімен құттықтай отырып, төмендегі пікірін білдірдіпті. 

«Қазіргі Қазақстан саяси элитасындағы өз орнын ойып алған тұлға. Оның өзіне тән қасиеттері бар екенін ел біледі. Іскер (Алматыда қар жауса, «Имекеңді қайтарыңдар!» деп ел шулап жатады). Ұйымдастырушылық қабілеті зор (кез келген саланы басқарып, дөңгелетіп жібереді). Қол астындағыларға аса (керек десеңіз, тым!) талапшыл (оны мен кезінде өз басымнан өткергенмін).

Рухани өмірден молынан хабардар (ол қасиет көптеген шенеуніктерден табыла бермейді).

Ұлтшыл (қазіргі компрадорлар мен космополиттер билеген заманда ондай болу да бір сын). Және — турашыл.

Соңғы қасиеті оның дұшпандарының қатарын көбейтпесе, сиретіп жатқан жоқ. Кезінде ол кісімен қоян-қолтық араласып, жұмыс істегенбіз. Мойындауға тиіспін: менің Алматыдағы қызмет карьерамның басталуына тікелей атсалысқан осы кісі болды. Жастар істері жөніндегі мемлекеттік комитетте оның орынбасары боп жұмыс істеу – менің алғашқы шенеуніктік әрі қайраткерлік университетім болды. Ол вице-премьер болған тұста мен үкімет баспасөз қызметін басқарып, талай бастамаларға бірге мұрындық болғанбыз. Ол кісінің әкесі қайтыс болғанда мен оның қасында болдым, менің әкем қайтқанда — ол менің жанымда болған. 

Бірақ кейін, саяси себептермен арамыз ажырап кетті: ол билікте, ал мен – оппозицияда дегендей. 9 желтоқсанда ол 60 жасқа толып отыр. Осыдан тура 20 жыл бұрын оның 40 жасқа толу дастарханын басқаруға ат салысқанмын. Ол кезде «ол жас, болашағы әлі алда» деп ел айтатын. Бүгінде ол, сөзсіз, саяси ауыр салмақтылар категориясында.  Ал ол «салмақтылар» санатында болудың өз «салмағы» бар… Сонымен бірге, биліктегі биік белестеріне қарамастан Иманғали Тасмағамбетов аса қиын жағдайда деп ойлаймын, өйткені қатып-семіп қалған біздің саяси жүйе талантты, мінезді, өзгелерден ерекшеленген тұлғаларды көтере бермейді және де оның көре алмастары мен дұшпандары тыныш отырмайды.

Туған күні құтты болсын! Алпыстың асуынан асып, жетпістің жемісін жеуге жазсын. Қолында билік бар кезде, жанынан шықпайтын жағымпаздар мен қай кезде де қасынан табылар шын жанашырларының арасын ажырата білсін! Ең бастысы – халқымен бірге болсын!». 

Автордың Facebook`тегі парақшасынан алынды