Back

Жетісу төріндегі игі шаралар

Қарашаның 30 күні Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Алматы облысында көптеген игі шаралар болып өтті. Жетісу жері халықтың қажетін өтейтін көптеген нысандармен толығып, Тұңғыш Президент күніне орай пайдалануға берілді. Осындай игі шаралардың басы-қасында Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов та болып, халықтың қуанышымен ортақтасты.

 

25 жұлдызды күн – 25 балабақша

Дәл осы күні Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына байланысты «25 жұлдызды күн» аясында Алматы облысының халқы тығыз қоныстанған аудандарында 2385 орынды 25 балабақша пайдалануға берілді. Жаңа балабақшалар Іле, Қаратал, Жамбыл, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласында іске қосылды. Аталған балабақшалар ашылғаннан кейін облыста 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі Жамбыл ауданында – 94,2%, Талғар ауданында – 89%, Панфилов ауданында – 85,1%, Іле – 84,1%, Еңбекшіқазақ – 82%, Талдықорған қаласы – 87% көрсеткішке жетті.

dalanews-zhteisu03

Облыс әкімі А. Баталов Қаратал ауданы Үштөбе қаласында  320 орынды «Балбөбек» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Аталған балабақша ұлттық қордан бөлінген 738 млн теңгеге «Нұрлы жол» бағдарламасының негізінде салынған. Бұл балабақшаға 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар қабылданады. 16 топқа сабақ қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сонымен қоса ағылшын тілі де оқытылады. Мұнда тілінде мүкісі бар балалармен қатар, жиі ауыратын, денсаулығы әлсіз балаларға да топтар қарастырылған. Музыка және гимнастика залдары жұмыс істейді. Сонымен қатар ойын залы, жатын бөлме, медициналық кабинет, психолог, логопед бөлмелері мен физиотерапия кабинеті де қарастырылған. Барлығы да соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықталған. Жаңадан ашылған осы балабақшаны есепке алғанда, бүгінде Қаратал ауданы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі 92%-ға жетіп отыр.

А. Баталов мырза өз құттықтау сөзінде биылғы жылы облыста 97 балабақша іске қосылғанын атап өтті. Оның 88-і – жекеменшік балабақшалар. Тәуелсіздік жылдары облыстағы мектепке дейінгі мекемелер 47 болса, бүгінде олардың саны 903-ке жеткен. Яғни, 3,1%-дан 87%-ға дейін артып отыр.

Салтанатты шара барысында «TOLAGAI–2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Ғалымжан Телемисов балабақшаның меңгерушісі Махаббат Наренбаеваға жаңа ғимараттың кілтін табыстады. Шара соңында облыс әкімі балабақша ғимаратын аралап, топтардың жұмысымен танысты. Бүлдіршіндердің әзірлеген мерекелік концерттерін тамашалап, оларға сыйлық тарту етті.

Жергілікті тұрғындар да игі шарадан қалыс қалмай, қуаныштарын бөлісіп жатты. Үшарал қаласының тұрғыны, зейнеткер Бағила Төлегенова да өзінің немересін осында әкелгеніне риза екенін жеткізді.

 

Жаңа ГЭС

 Облыс әкімі А. Баталов тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай іске қосылған Сарқан ауданының Лепсі өзенінде салынған қуаттылығы 17 МВт болатын шағын ГЭС-тің ашылуына да қатысты.

Осы ГЭС-ті іске қосудың нәтижесінде өңірдегі электр энергиясының дефициті сағатына 68 млн кВт-қа азайды. Бұл өте маңызды жетістік, дегенмен меже емес. Қазіргі кезде Қора өзенінде қуаттылығы 26-дан 29 МВт-қа дейінгі тағы 3 ГЭС-тің құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса тағы бірнеше нысанның құрылысы жоспарланған. Мұның барлығы өзіміз өндіретін электр энергиясының тапшылығын азайтып, облыстың электр қуаты үшін сыртқа тәуелді болмауына және жаңартылған энергия көздерін дамытуға ықпал етпек. Сонымен қатар компаниялар жоспарлап, салған ГЭС-тер «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі «Қазақстан» павильонынан көрнекті орын алатын болады, – деді А. Баталов құттықтау сөзінің соңында.

dalanews-zhteisu02

Сарқан ауданы Лепсі өзеніне салынған шағын ГЭС-2 жылына 67,78 млн кВТ/сағ электр энергиясын өндіре алады. Құрылыс жұмыстары 2014 жылдың тамыз айында басталып, жалпы 4,2 млрд теңге жұмсалған. Жобаның авторы және бас мердігері – «АСПМК-519» ЖШС холдингі. ГЭС-2 17 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде Алматы облысы Қазақстандағы тау сулары гидроэнергетикалық қорының 65%-ын иеленіп отыр.

 

Тұңғыш Президенттің жаңа мүсіні

 Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай іске асырылған шаралардың ішінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған мүсіннің ашылуы да бар. Президент мүсінін орнату туралы бастаманы жетісулық ардагерлер көтеріп, облыстық мәслихат депутаттарының қолдауына ие болған еді. Елбасы мүсіні Талдықорғанның орталық алаңындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің скверіне орнатылды.

dalanews-zhteisu01

Мүсін авторлары: ҚР құрметті сәулетшісі, «Құрмет» орденінің кавалері, 40-тан астам ескерткіштің авторы Қазбек Жарылғапов пен танымал мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі, 20-дан астам ескерткіштің авторы Мирлан Азмағанбетов.

Елбасы мүсінінің биіктігі 4,2 метрді, ал тұғырының биіктігі 4,5 метрді құрайды.

Мүсіннің ашылу салтанатына обылыс әкімі А.Баталов, ғарышкер А.Айымбетов, Алматы облысының құрметті азаматы, ардагер Н.Қылышбаев т.б. қонақтар мен қала тұрғындары қатысты. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

 

Кәсіпкерлердің тартуы 

Талдықорған қаласы бүгінде экономикалық әлеуеті күн сайын артып, көркіне көрік қосып келе жатқаны даусыз. Сонымен қатар мемлекеттік маңызы бар өндіріс орындарының ошағына айналып келеді. Туризм саласы да даму үстінде. Осындай ерекшеліктерімен қатар, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуіне байланысты қолайлы жағдай қарастырылған жоғары деңгейдегі қонақ үйлерге деген сұраныс артып отыр. Осы қажеттілікке орай Талдықорған қаласында жеке инвестиция негізінде «Көктем Гранд» қонақ үй кешені бой көтерді. Қонақ үй қаладағы заманауи, соңғы үлгідегі, жоғары класты кешен болып саналады. Қонақ үй кешенінде мәжіліс залы, мейрамхана кешені мен салтанат залы, бассейні бар фитнес орталық, тренажерлық және қонақ залдар бар. Қонақ үй Талдықорған қаласының оңтүстік-батыс ауданында 2,16 га жерді алып жатыр. Жалпы ауданы 12200 шаршы метр.

Қонақ үйдің ашылуына облыс әкімі Амандық Баталов, ғимараттың іске қосылуына  үлес қосқан кәсіпкер Мұрат Әділханов, т.б. қонақтар қатысты.

Облыс әкімі А. Баталов: «Туристік сала өңірдегі ең маңызды салаға айналып келеді. Сондықтан облыс орталығы Талдықорған қаласын көркейте түсу – біздің басты мақсатымыз. «Көктем Гранд» қонақ үй кешені жеке инвестицияға салынған, ортақ іске өз үлесін қосып, Талдықорғанның тартымды қала болуына атсалысады деп сенемін», – деді өз сөзінде.

Бүгінгі күнде Талдықорған қаласында 14796 шағын-орта бизнес орталықтары тіркеліп, 25 мыңға жуық адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Аталған кәсіпорындардан 35536 млн теңге өнім өндіріліп, қызмет көрсетілген. Бюджетке төленетін салықтар көлемі 5,5 длрд теңгені құрайды.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ,

“ҚмД”