Back

Тайжан: “Шеңгелдідегі “пияз дауы” жай емес, жоспарланған дүние”

Қоғам қайраткері, саясаткер Мұхтар Тайжан Шеңгелдідегі атышулы пияз дауының қалай аяқталғанын айтып берді. Бұл туралы ол өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды.  

Шеңгелдіден Алматыға оралдым. Әңгіме дихандармен емес, Алматыдан келген “ұлт жанашырларымен” көбірек болды. Алматының “белсенділері” Геройхан Қыстаубаев, Айгүл Қоқаева, Айдын Егеубаев,  Берік Ағыбаев, Ғабиден Жәкей, мен білмейтін тағы басқа адамдар әңгімеге кедергі жасап отырды. Дауыстарын көтеріп, басқалар сөйлеген кезде оларға сөз бермей отырды.

Екі сағатқа созылып кеткен әңгімеміздің аяғында, аяқ астынан мені бөлмеден жібермей, маған кәдімгі күш көрсете бастады. Мен мұндайды күтпеппін, бірақ мені күшпен қорқыту – далбаса әрекет екенін олар әлі білмейді екен.

Маған айыптары барлар – үш дихандар кездесуге келді. 20 тонна, 40 тонна, 42 тонна. Толығымен шамамен 100 тоннадай. Ол біздің сол жылдағы объеміміздің 1,43% ғана. Яғни, бұндай мәселеден біз не байып кете алмаймыз, не кедей болып қалмаймыз.

Үш жігіт – ол Қайрат, Қуат және Бейсен. Қайрат (42 тонна) пен Қуатқа (40 тонна) сұрақ қойдым.

– Неге сіздер маған екі жылдың ішінде бірде бір рет телефон шалып арыздарыңызды айтпадыңыздар?

– Баташқа (Батырғали Әмриев) айттық, Баташ қой пиязымызды алып кеткен.

– Жақсы, ал жеке менімен келісімшарт болды ма? Сіздердің тараптарыңыздан… ауызша, жазбаша болсын? – деп сұрадым.

– Жоқ, – дейді, – Сізбен болған жоқ, Баташ уәде етті, екі жыл күтіп жүрміз.

– Олай болса неге маған айып қойып отырсыздар? Иә, рас, Баташ, яғни Батырғали Әмриев, менімен жұмыс істеген сол жылы, бірақ өзі мені лақтырып кетті ғой, ақшамды алып, пияз бермей… Мен оны қазір сотқа беріп отырмын, соны білесіздер ме?

– О жағын білмеппіз. Иә, сізге тікелей хабарласу керек еді. Мойындаймыз. Енді бізге ақша бермейсіз бе, ақшамызды кімнен сұраймыз?

– Сіздерге кім уәде берді, содан ақшаңызды сұраңыз, – деп айттым. – Ал мен өз басым Баташты әзір сотқа бердім. Түгел мүлігіне сот арест салып қойды. Қазанның 21 күні соттың бірінші отырысы болады, – деп, мәлімдедім. Қағида тұрғысында оның қарызын – 125 тонна – қайтартып аламын.

Үшінші жігіт, Бейсен Шакеров дейтін, 40 тонна, Баташпен бірге жұмыс істейді негізі. Бассыздық көрсетіп, өзінде сөзден басқа еш дәлелдері жоқ, “сен маған қарызсың”, деп отырды.

– Жарайды, олай болса мені сотқа бер, – деп қайтардым.

Мен жақтан 5 шаруа кездесуге келді, мені ақтап отырды. Екі жыл мен олармен бірге жұмыс істегенім үшін рахмет айтты. Ол Самат, Сәкен, Нұркия, Марат деген пиязшылар.

Кездесудың соңында, мен жоғарыда жазғандай, “қаланың белсенділері” мені бөлмеден шығармай, күш қолданды.

Айдын Егеубаев, Ғабиден Жәкей, Берік Ағыбаев, Азат аға және Геройхан Қыстаубаев. Қатты таң қалдым, мұны күтпеппін. Бірақ мені білмейді, мені “қалалық бір интеллигент” сияқты ғана таниды ғой.

Төбелес болған жоқ, жай ғана тартыс. Бірақ біз арандатуға бармай, ауылдың адамдарымен бірге кетіп қалдық. Солай қызық болды. Қазір бұлар видео шағара бастайтын шығар. Әрқайсысында фото, видео, жақсы дайындалған екен.

Енді қарап отырсаңыз, мен дебатқа шықтым, ауылға барып келдім, бірақ бұлар түкте түсінген жоқ, түсінгісі де келмейді.

Ауылдың адамдары маған қазір ғана телефон соғып: “бұларға, дейді, ешқандай шындық емес, бұларға тек Сізді қаралау керек сияқты”, – деп айтты. Халық түсінеді ғой.

Негізі, барғанымыз дұрыс болды, ол да мен үшін бір пайдалы тәжірибе болды.