Back

«ОЙСЫЛ ҚЫРҒЫН» ОҚИҒАСЫ немесе АЛТЫН ҚАЙШЫЛЫ ІЗБИКЕ АНА

Қазақтың арғы-бергі тарихына үңілсек, ата-бабаларымыздың басынан нелер өтпеген? Адам айтқысыз аштық та, той-томалағы таусылмас тоқтық та, жүздеген жылдар бойы созылған сұм соғыс та өтті. Ұлы далада бабалардың қаны тамбаған тау-тасы, топырағы жоқ шығар. Мыңдаған жылдар бойы көшпенді ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз әлемнің әр тарапында аяқ суытқаны, әлемге әмір жүргізгені туралы деректерді қарт тарих мойындайды, растайды. Азия мен Еуропаның, қала берді Африканың құм басқан меңіреу шөлдері мен қалың шөп басқан мекендеріне бабаларымыз талай жәдігерлер қалдырып кеткені ақиқат. Оған Еділ патша да, Шыңғысхан да, Бейбарыс сұлтан да сөзімізге дәлел. Ал осындай ұлы адамдарды дүниеге әкелген аналар ше, кейбірлеулері адамзат өркениетінің дамауына өлшеусіз үлес қосып, тарихта алтын әріппен мәңгілікке жазылып қалғанын тарих беттерінен білеміз.

Аналар туралы сөз қозғағанда «Перзентімнің табанына кірген тікен, маңдайыма қадалсын» деген сөз еріксіз еске түседі. Осындай ауыр сөздерді айтып, жанкештілік ерліктерге барған аналарға таңғалмасыңа амал жоқ. Керек десеңіз, рухты аналар отбасының береке-бірлігін ғана сақтап қойған жоқ, қолына қылыш, найза алып, жауға да шапты, ел де басқарды. Тарихтағы батыр аналарымыз – Тұмар, Бопай, Гаухар аналарымыздың ерлігі, Нұрилә, Данабике, Қарашаш аналарымыздың дана болмысы осының куәсі. Ал тарих беттерінен түбегейлі жойылуға шақ қалған тұтас бір жұртты аман алып қалып, қайта өсіп-өнуіне елеулі үлес қосқан аналардың бірегейі – Алтын Қайшылы атанған Ізбике ананың өмірі тұтас бір тарих. Қазақтың Сіргелі, Жалайыр рулары ғана емес, Орталық Азияда жайылып жатқан кешегі көшпенді жұрттардың бүгінгі ұрпақтары, яғни Ноғай, Қарақалпақ, Өзбек сынды қазаққа қаны да, жаны да, тілі мен ділі де жақын халықтардың ішіндегі кейбір жазбагерлері Алтын Қайшылы ана ерлігі мен даналығын аңыз қылып әлі күнге дейін айтып та, жазып та келеді. Расында, дәуірінде қазақтекті Ойсыл ұлысынан тараған ұрпақтартүтінін қайта тұтатқан ел анасы Алтын Қайшылы Ізбикені әз тұтады. Өйткені Қазақтың басына төнген небір зұлмат замандарда ұлтымыздың тектілігін сақтаған аналар екенін есте сақтағанымыз жөн.

811443252Жалпы, Алтын Қайшылы анамыз туралы сөз қозғалғанда тарихи шежіредегі «Ойсыл қырғыны» жайлы оқиғадан бастау алады. Сол қырғыннан аман қалғандардың ішінде Алтын Қайшылы Ізбике анамыздың ұрпақ сақтаудағы ерлігі айтылады. Себебі, ол кісіге Тәңір берген даналығымен қоса шеберлік қасиетті де дарытқан екен. Дәуірінде көшпенді жұртта даналық пен шеберлік қасиеті бар жандар қашан да құрметке ие болған. Сондықтан ондай кісілер ел билеушілердің ықыласына бөленіп отырған. Ізбике ананың тігіншілік өнері қарапайым халықты ғана емес, ханды да тамсандырыпты.

Негізі, Ойсылдың ұлдарының бәрі батыр, жаужүрек болыпты. Бұл сөздің де жаны бар. Өйткені Тұрымбет деген баласы ту ұстаушы – «тубегі» қызметінде екен. Ал Бораш деген ұлы хан әскерінің қолбасшы қызметін атқарыпты. Жалпы, Ойсылдың отыз ұлы мыналар: Әліхан, Бақырхан, Қорқыт, Төбеке батыр, Тура, Шолақ, Бәйгел, Әмірбек, Өтеп, Тыныбек, Шыныбек, Нұрбек, Нұрымбет, Құлымбет, Қосақбай, Алшынбай, Жұрынбай, Байымбет, Жарымбет, Садық, Сыдық, Төлеп, Арыстан, Бораш, Жарас, Жанас, Сырымбет, Тұрымбет, Жалмамбет және тағы басқа.

Осындай атағы алысқа кеткен әулет болғандықтан ханның ордасы Ойсыл елімен қатар әрі жақын болды. Ойсыл елінің бас батыры (батырбасы) Төбеке батырдан Өтеп батыр, одан Сырымбет, Жалмәмбет, Тұрымбет тарады. Бұл үшеуі де елге танылған батырлар еді. Сырымбет батырдың Ізбике атты бәйбішесінің өз алдына ауылы, шеберханасы, қызметкерлері болып, асқан тігіншілік шеберлігімен Қаратау өңіріне танылған. Елдің бек-мырзалары, батырлары, сонымен қатар хан ордасының адамдары салтанат киімдерін арнайы келіп Ізбике анаға тіктірген. Ізбике ананың шеберлігіне тәнті болған хан алтыннан қайшы жасатып сыйға тартқан. Содан кейін Алтын Қайшылы Ізбике ана аталып ел құрметіне бөленген.

Хан Ордасының адамдарымен бірге Жәнібек ханның жалғыз қызы Аманбике де киім тіктіруге Ізбике анаға келіп-кетіп жүретін. Хан қызы киімін тіктіре жүріп Ізбике ананың қайнысы ел тұлғалы, ел аузына батырлығымен іліге бастаған Бораш мырзамен көңіл жарастырады. Көңіл жарастығы сезімге ұласып, хан қызы жүкті болып қалады. Сүйген қызының жүкті болғанын естіген Бораш мырза Ханға құда түсуге адамдар жіберетінін айтады.

Табиғат сыйын қалай жасырсын, хан қызымен Бораш мырзаның жақындығы туралы сөз ел аузына ілініп, Ойсыл ұрпақтарының айбындап бара жатқан беделін көре алмай жүрген хан уәзірінің құлағына да жетеді. Ұзамай ханға құда түсу үшін Ойсылдан жаушы адамдар келеді.

Уәзірдің хан қызына ойы бар еді. Құдалық жөнімен келген адамдарға қазақы дәстүр бойынша дәм алғызып өзінің арам ойын білдіргісі келмегендей «ақылдасып алайық» деп күте тұруларын айтады. Ойсылдан келген адамдарды күттіріп, уәзір ханға келеді.

– Хан ием, сіздің мәртебеңізге таңба салып, беделіңіз бен абыройыңызды таптап, басынып отыр! – дейді уәзір ханмен ақылдаса отырып.

Хан:

– Қалай басынады?

Уәзір сонда:

– Ел аузындағы сөз рас болса, қызыңыз жүкті. Болар іс болып, бояуы сіңген соң, олар амалсыз сізге келіп отыр, – деп ханды қайрай бастайды. Бұл сөзді естіген хан бірден ашуға бұлығып намысқа шабады. Уәзір ханды сабырға шақырып, екеуі ақылдаса келе, Борашты ғана емес, Ойсыл ұрпақтарын өлтіруге бекінеді. Негізі, бұл уәзірдің ұсынысы болатын. Себебі, хан алдында беделі артып бара жатқан Ойсыл ұрпақтарын көріп жүрген уәзір оларға бұрыннан іштей кектеніп жүрген болатын. Сонымен бірге оның хан қызына деген көңілі бар еді.

Уәзір ханға:

– Ойсылдың басын алсақ, денесі қайда барады. «Арыстанмен ғана құда болмаймын, түгел Ойсылмен құда боламын» деп сол елдің батыр-билерін шақырайық, бейуақытта оларға тап беріп, бәрінің басын алайық. «Жау шапты» деп дүрліктірсек болды, шуы алысқа бармайды.

Тұрымбеттің батырлығына қаймыққан хан:

– Тубегі Тұрымбеттің басын қалай аламыз? Тубегі тұрған жерде сарбаздардың қолы көтерілмейді, қылышы шаппайды ғой.

Бойын сұм ой билеген уәзір:

– Тубегі Тұрымбетті Шығыс жақтағы елді шапқыншылықтан қорғауға жіберейік. Қайтып келгенде «еліңді сырттан жау шапты» деп сендіреміз. Ал Тұрымбет Ордада жүргенде бұл істі жүзеге асыра алмаймыз. Тұрымбеттің жанашырлары айтып қояды, – дейді. Уәзір осылай бар пәлені қоздырып, хан қызы мен Бораш мырзаның сүйіспеншілігін басынғандық деп бүкіл тайпаға кінә аударып, ханның ашу ызасын тудыратын ойларды айтып, Ойсыл басшыларының көзін құртатын қырғынды осылай ойлап тапты.

Борашты өлтірмеймін десе, сүйекке таңба, өлтірейін десе, қалың ел, жұрт не дейді. Аяғының не болатынына көзі жетпесе де кейіннен осы ісі үшін «қырғиқабақ» атанған уәзірдің ойын мақұлдады. «Ойсыл балаларының ханмен теңдікке ұмтылған көңілін басып қою керек шығар» деген ойға келді. Қырғынды ұйымдастыруға мұқият дайындалды. Әскерге өте беделді Тубегі Тұрымбет батырды шағын жасақпен шығысқа жау шабуылынан қорғауға жорыққа жіберді. Сөйтіп хан: «Ойсылмен құда боламын, Ойсылдың белгілі бектері түгел құдалыққа келсін» деген хабаршы жібереді.

Сөйтіп ханмен құда боламыз деп, Ойсылдың ығай мен сығайлары түгел сән-салтанатымен құдалыққа жүрді. Жасыл алаңда Ойсыл ұрпақтарына арнап аппақ киіз үйлер бір-біріне түйістіріліп, есіктері ортаға қаратылып, кірер ауыз бір жерден қалдырылып дөңгелене тігілген киіз үйлер құдаларды түсіруге дайын.

Ойсылдың отыз ұлына жеке-жеке отыз үй көтерді. Ханмен құда болатынына қуанған Ойсыл жігіттері арқасын кеңге салып, жайбарақат ас-ауқатын алып отырады. Ет асым уақыт өткен кезде «Аттан, жау шапты, жау шапты!» – деп аттандаған айқайдан құдалар есікке қарай тұра ұмтылып, асыға-үсіге шыға бастайды. Есік алдында дайын тұрған хан жендеттері құдаларды өлтіре бастады. Алысып жүріп кейбірі аттарына мініп, қаша бастайды, бірақ олар да ұзаққа бармайды, қиылып тасталған үзеңгі мен тартпадан аттан ауып түсіп жатты.

Ханнан бұндай іс күтпеген Ойсыл жігіттері қапыда қалып, түгелдей қырылды. Хан тек бұл қырғынды жасап қана қойған жоқ, сонымен бірге Ойсыл елінің ауылдарына да шапқыншы жіберді. Қырғынға ұшыраған бассыз ел, бас сауғалап жан-жақтағы тайпаларға қашып барып паналады, кейін шапқыншылыққа ұшыраған қара халық сол тайпаларға сіңіп кетті.

Бұл қырғыннан аман қалған Сырымбеттің бәйбішесі Алтын Қайшылы Ізбике ана Нан және Тола аты екі ұлы, Бораштың хан қызынан туған баласын алып бас сауғалайды. Толаны төркіні Жалайыр жұртына жіберіп, өзі үлкен ұлы мен Бораштың ұлын қамқорлығына алады.

Бораш батырдың хан қызымен көңіл жарастырып жүргенін біліп, үйленгеніне жыл толмаған әйелі өкпелеп «қырғын» болардың алдында өз еліне кетіп қалған-ды. Ол заманында беделі байлығымен танылған Қыдырбай байдың қызы еді.

Ханнан «Ойсыл ұрпақтарын түгел қырыңдар» деген құпия жарлық болады. Қызыңыздан туғанды қайтеміз дегенде, «ер бала» туылса өлтіріңдер, «қыз бала» болса өмір сүре берсін дейді. Аманбикенің жүкті болып қалғанын білетін Ізбике ана хан қызына аман-есен босансаң Бораштың ұрпағын өзіме бер деп хабар береді. Хан қызы қанша ерке болғанымен туған баласын асыраудан хан қаһарынан қаймықты. Десе де ана жүрегі балаға деген мейірімімен дүниеге келетін баланы Алтын Қайшылы Ізбике анаға қызметкер әйелі арқылы келісіп, бермекші болды. Хан қызы ай, күні жетіп ұл босанады. Қызметші әйел ханға қыз туды деп, басқа қыз баланы көрсетеді. Ал ұл баланы келісім бойынша айдалада тұрған киіз үйге апарады. Киіз үйдің дәл ортасындағы ошақтың астынан сырттан келген бөтен адамдарға байқалмайтын етіп қазылып жасалынған жертөлеге баланы көңмен жасырып қалдырады. Бұл құпия сырды білетін адам ғана баланы тауып ала алады. Тағдыр тәлкегінен қырғынға ұшыраған Ойсыл балаларының қайтадан ел болуын қалаған ана, өзіндік тектілік тұлғасымен қайғы-қасірет, қорқынышқа бой ұрмай Ойсыл шаңырағының рухына берілгендіктен, рух құдіреттілігін жан тәнімен сенгендіктен Ойсылдан қалған әрбір тұяқты асылдың сынығы деп санап жанын көң сақтаған баланы бауырына басты. Балаға Көңірдек деп ат қойып, өз баласы Нан екеуін Ізбике ана ел паналай жүріп асырады.

Бораштың өкпелеп төркініне кетіп қалған әйелінің аяғы ауыр болатын. Қыдырбай байдың Қобда өзені бойындағы жайлауында күні жетіп босанған әйелі ұл табады. Қобда өзенінің бойында тұрғандықтан қазақы ырым бойынша Қобдасай қояды. Баланы аман сақтау үшін Ойсыл ұрпағы екендігін айтпайды.

Тубегі батыр Тұрымбет жоқта елінің тоз-тозын шығарған қанышер ханға Алтын Қайшылы Ізбике ана нала еді. Десе де, қайнысы елінің аса беделді батыры жаугершілікке кеткен Тұрымбет батырды күдер үзбей күтеді. Келетінінен үмітті Ізбике ана тай мініп ойнап жүрген балаларға жауынгер сарбаздар өткен сайын «Тұрымбет, Тұрымбет» деп ұран шақыртады.

«Ел құлағы елу» дегендей, жаугершілікте жүрген кезінде Тұрымбет батыр елінде қырғын болғанын естиді. Құпия бір кісі жіберіп, сұмдықтың рас екенін біледі.

Қан құрығының ұзын екенін білетін батыр сақтықпен елге оралуға бет алады. Арып, ашып шаршап сарбаздарымен бірге елге келе жатқан батыр «Тұрымбет» деп ұрандаған өз атын естиді. Алтын Қайшылы Ізбике ана қайнысын осылай табады. Ағасы Сырымбеттің бәйбішесі Ізбике анадан болған жайды естіген батыр ханмен соғыспақшы болады. Қырғыннан қалған елден және Дулат пен кіші жүз Алшыннан әскер алдырмақшы да еді. Алайда батырға Ізбике ана тоқтау айтады. «Қанша батыр, бектер опат болды, ел бет-бетіне ыдырап тозып кетті. Жалғыз сенің шабуға шамаң келмейді, сенде опат боласың. Ендігі жерде Ойсыл ұрпақтарын қайта жинақтап ел ету тек қана сенің қолыңнан келеді. Ойсылдың шаңырағын қайта көтерейік», – дейді Ізбике ана даналығын көрсетіп. Ойлана келе, бұл істі қайнысы мақұл көреді. Тұрымбет жеңгесі Алтын Қайшылы Ізбике ананы әмеңгерлік жолмен әйелдікке алады.

Сырымбеттен туған Нанды, хан қызынан туған Бораштың баласы Көңірдекті, Тұрымбеттен Манап атты ұл туып – осы үш баланы Ізбике ана тәрбиелеп өсіреді. Бұларды жасында «үш ен» кейіннен әрқайсысы бір-бір таңбаға ие болып «Үш таңбалы» елі атанады.

Қыдырбай байдың баласы болып жүрген Құбасайдың амандық хабарын Тұрымбет батыр біліп тұрады. (Қыдырбай байға Құбасайды аман сақтауды тапсырған болатын). Ат жалын тартып мінуге келген шақта жиен екендігін білетін жұрт, бетіне айта бастайды. Баласы шешесінен барып сұрайды. Шешесі болған жағдайды бүге-шүгесіне дейін айтып, ел қырғынға ұшыраған соң елге қайта оралмағандығын айтады. Беделі байлығымен қазаққа белгілі Қыдырбай бай өжет баланы енді жасыруға болмайтынын біліп, жиені Құбасайға енші беріп, өз еліне жіберетін болады. Еншісіне малмен қоса алты ақ атан түйе, үйірімен жылқы және қызметші, жауынгерлер береді.

Қырғынның алдында сол жақта көшіп жүрген ойсыл ұрпақтары да бар еді. Барлығын қосып Құбасайды басшы етіп жұртына қайтарады. Ойсыл ұрпақтары бірігіп жатыр деп елді дүрліктірмес үшін сұраған адамға «Түркістанға тойға бара жатырмыз» дейді. Көрер көзге бірден шалынатын алты ақ атан түйені Қыдырбай бай көш басшысы етіп әрі көштің аман-есендігінен хабардар болып тұру үшін берген. Түркістандағы тойға келіп, бәйге аттарын аралап жүрген Құбасай өз таңбасын көріп көңілі босап атты құшақтай:

Менде жалғыз, сенде жалғыз, – деп жылайды.

Ер жігіттің жылағанын ел қаумалап көреді. Бәйге атын құшып жылап тұрған ер жігіт «үш таңбалы» деп аталған өз туысқандарымен осылай табысады.

Құбасайға ерген жұрт «Байұлы-Сіргелі» атанып келді. Үш таңбалы болып аталатын екі жақтағы Ойсыл ұрпақтары табысқаннан кейін Сіргелі (Сірге елі кейін сөз бірігіп Сіргелі атанады). Сірге – соңғы бөлігінің жиынтығы. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы.

232332_123750881________________________________Қаратау етегінде бас көтеріп, шаңырақ тігіп, біртұтас ел болады. Майқы бабадан келе жатқан «Сүргі» таңба белгіленеді. Тұрымбет өз баласы қара шаңырақ иесі Манапқа тутаңбаны мұра ретінде қалдырады. Манап «Тутаңбалы» кейіннен Тутамғалы болып аталып кетеді. Нан Ізбике ананың атымен Қайшылы аталады. Ізбике ананың екінші баласы Тола Жалайыр ішіне барып сіңісіп «Жалайырдағы Қайшылы» аталады. Тарихта «Ойсыл қырғыны» деген атпен қалған қырғынның аяғы осылай аяқталады. Тоз-тозы шығып, шашырап бытырап кеткен ел, қайта ел болып шаңырақ тігіп, бас көтереді. Тубегі Тұрымбет батыр Сіргелі елінің атасы Алтын Қайшылы Ізбике анасы болып, Құбасай ел ағасы болып елдікке қол жеткізеді.

Міне, тоз-тозы шыққан елін қайта жинап, іргелі ел қатарына қосуына елеулі үлес қосқан әйел – Ізбике ана тарихта аты осылай мәңгілікке жазылып қалды. Осындай Ел аналарын бүгінгі уақытта, еліміз Тәуелсіздік алған кезде дәріптеу жастарды отансүйгіштікке баулитыны сөзсіз.

Сәдібек ТӨЛТЕБАЕВ,

Психология-педагогика ғылымдарының кандидаты