Back

А. Нұрғазыұлы. Хемингуэй мен Фолкнер

 

Қазақта «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген сөз бар. Э.Хемингуэй (1899-1961 жж.) мен У.Фолкнер (1897-1962 жж.) тірісінде дәл солай бір-бірімен тіл табыса алмаған тұлғалар болды. Жай ғана ұсақ-түйек сөзден басталған тартыс соңында екі жазушының өмірімен сабақтасып, шығармашылық ғұмырымен бірге өріліп кетті. Қақтығыстың сұлбасынан біз екі тұлғаның әдебиет туралы талғам-таразысы, ұстанымы, ойлау заңдылығы, пенделік қасиетімен ұшырасамыз. Одан да маңыздысы – бұл текетірес екеуінің өнердегі қайталанбайтын дара болмысын анық көрсетеді.

Әдеби ортада Э.Хемингуэйдің даңқы ерте шықты. Оның дақпыртын алысқа жіберген Парижде жарық көрген «Біздің дәуірімізде» (1924ж.) атты әңгіме жинағы мен алғашқы романы «Күн де көтеріледі» (1926 ж.) еді. Соған дейінгі үш әңгіме және он өлеңнен тұратын топтамасын сыншылар мен оқырман жылы қабылдаған болатын. Әсіресе, АҚШ-тың әйгілі әдебиет сыншысы Э.Уилсон, Парижде тұрып жатқан әйел жазушы Сейндердің жаңа туған шолпан жұлдызындай жарқырап шыққан талант туралы айтқан сөздері жұрттың есінде қалды. Э.Хемингуэйдің әңгімелері сөйлемдері ықшам, бас-аяғы жинақы, дәлдікке бой ұрған, диалогқа жете мән беретін ерекшелігімен бірден көзге түсетін еді. Бұл қасиет сыншылардың назарынан тыс қалған жоқ. Э.Уилсон: «Ол, Хемингуэй болаттың бетіне ойып жазғандай жазады. Шығармаларында талантты суретшілердің қолтаңбасына тән қасиет бар. Қашанда сұлулыққа бой ұрып, өнерге тән сәуле іздейді. Шағын болғанына қарамастан бұл шығармалар өнер тұрғысынан соғыс туралы жазылған бүгінгі шығармалардың қай-қайсысынан да озып тұр», – деп жазған.

%d0%b1%d0%b5%d0%b7-%d0%bd%d0%b0%d0%b7%d0%b2%d0%b0%d0%bd%d0%b8%d1%8f

Эрнест Хемингуэй

Э.Хемингуэй туралы жазылған ғұмырнамалық еңбектерді оқып отырсақ, оның 1925 жылы («Күн де көтеріледі» романы жарық көрді) әдеби ортада танылып, 1929 жылы («Қош бол, қаруым» романы жарық көрді) су жаңа классик болып мойындалғанын байқаймыз. Мұндағы басты себеп, жазушының қаламының өзгеше өрнек салып, өнерде жаңа талғам әкеліп, прозаның тың мүмкіндігін ашқанынан деуге болады. Э.Хемингуэй – әдебиет тарихында мойындалған әңгіме жазудың шебері. Оның романдарынан кемшілік табуға болар, бірақ, әңгімелерінің дені қайталанбайтын хас өнердің туындысы. Э.Хемингуэй – әңгіме жанрында соған дейінгі шығармаларда анық көрініс табатын оқиғаны, сюжетті алып тастап, оларды кино тіліне ұқсас монтаждап берудің тәсілін шығармашылыққа кіргізген бірінші жазушы. Кейін бұл тәсілді ол мұхиттағы мұзтаудың (айсбергтің) болмысымен түсіндірді. «Егер өзің жақсы білетін дүниені алып тастасаң, шығармаң жандана түседі. Ал өзің анық білмейтін дүниені алып тастасаң, ондай шығарманы жазғаннан, жазбаған дұрыс. Мұхиттағы мұзтаудың айбатты көрінетін себебі – оның сегізден бір бөлігі ғана су бетіне шығып тұрады, қалған бөлігі көрінбейді. Сен өзің жақсы білетін дүниелерді қысқартқан сайын мұзтаудың тасадағы бөлігі қалыңдай түседі», – деген Э.Хемингуэй.

Прозаға тән баяндау тәсілінде үш түрлі жағдай орын алады. Оның бірінші тәсілі – әңгімені баяндаушы жақтың (автордың) білетіні оқырманнан көп болады. Дәстүрлі шығармалардың дені осы үлгіде жазылған. Айталық, қазақ әдебиетінде М.Әуезовтің «Қаралы сұлу», «Кінәмшіл бойжеткен» сияқты әңгімелерінде автор оқырманына айтуға тиісті дүниені еркін көсіліп, сыртқы көріністен ішкі жан дүниеге дейін бара отырып, сарқып айтуға тырысады. Шығарманың ауаны да соған ыңғайланған. Мұнда оқырман автордың аузынан барынша көп дерек алуға ғана бейімделіп отырады. Екінші тәсіл – баяндаушы мен оқырманның білері қарайлас тұрады. Бұндайда баяндаушы шығармада бір кейіпкердің рөлі деңгейінде ортаға шығады. Оның аузынан шыққан ақпараттың бәрі өзі көрген дүние мен ойлаған ойынан ғана тұрады, одан арыға бармайды. Бұл тәсіл жеке адамның (кейіпкердің) субъективті мүмкіндігін барынша пайдалануға негізделген. Үшінші тәсіл – баяндаушы оқырманнан аз білетін сияқты болып ортаға шығады, шығарма, негізінен, осы шақпен жазылады. Мұнда автор айтуға тиісті дүниені ғана айтады, онда да тіке емес, барынша жанама тәсілдермен детальдарды ғана жеткізеді.

Э.Хемингуэйдің әңгімелерінің дені осындағы екінші, үшінші тәсілге құрылған. Айталық, «Индияндар мекенінде» шығармасында жазушы екінші тәсілді қолданса, «Ақ пілге ұқсаған өркешті таулар» әңгімесінде үшінші тәсілді пайдаланған. Мұндай мәтін оқуға қарапайым болғанымен, түсінуге айтарлықтай салмақ салады. Бұл туралы сыншылар: «Э.Хемингуэй оқырманнан бір-ақ нәрсені күтеді – өзімен үндесуді қалайды. Мәтінде ымдау тәсілін қолдана отырып, бір сөзбен бірнеше мазмұнды елестетеді. Ол көз бен бақылау объектісі, бақылау объектісі мен оқырманды тіке байланыстырады», – (Х.Уейд) деп жазады. Әлем әдебиетінде бүгінде Э.Хемингуэйше шеберліктің үлкен мектебі қалыптасқан. Сол мектептің бір түлегі 1982 жылғы Нобель сыйлығының иегері Латын Америка жазушысы – Г.Маркес.

4kbfvq_1_jpg_1341567211-550x550x50

У. Фолкнер

Э.Хемингуэй әдебиетке келген тұс ағылшын-американ әдебиетінде түбірлі бетбұрыс жүріп жатқан кез еді. Модернистік әдебиет нық басып ортаға шығып, талғам тұрғысынан дәстүрлі әдебиетті уақыты өткен дүние ретінде кейінге ысырған кезең болатын. Прозаға Э.Хемингуэй өткеннің соңы емес, бірден жаңаның басы болып келді. Оның талантқа тән түйсігі заманның ауқымын, өнерге тән эстетиканың қалыптасу үстіндегі жаңа түйсігін дөп басып таныды. Ол Парижде Э.Паунд бастаған ақындармен танысты, олардың әдебиет туралы ойларын өзінше сарапқа салды. П.Сезанн бастаған суретшілердің картиналарын айналсоқтап, өзіне тән жазу мәнерін іздеді. Э.Хемингуэй әңгіме жанрында ғана тың соқпақ салып қойған жоқ. Өзіне тән жазу стилін романдарына да сәтімен сіңіре алды. «Күнде көтеріледі» шығармасында ол бірінші дүниежүзілік соғысты бастан өткерген ұрпақтың дағдарысты рухани дүниесін шебер суреттеді. Бұл шығарманы өткен ғасырда ағылшын тілінде жарық көрген таңдаулы он туындының бірі ретінде атауға әбден болады. Роман туралы АҚШ-тың белгілі жазушысы У.Синклер (1930 жылы Нобель сыйлығының иегері атанған): «Бұл – мен оқыған ең таңдаулы роман, мен авторды ризашылықпен құттықтағым келеді. Өзге ешбір жазушы оның жасында (Э.Хемингуэйді айтады) бұлайша ағылшын-американ әдебиетінің көшбасында тұрған емес» деп жазса, Э.Уилсон: «Бұл роман Э.Хемингуэйдің өз дәуірінің ең үздік жазушысы екенін көрсетіп берді», – деп жазған. Э.Хемингуэй мұнымен ғана шектеліп қойған жоқ. Келесі «Қош бол, қаруым» романында шығармашылықтың жаңа биігіне көтерілді. Бұл шығарма туралы «Нью-Йорк Таймс» газеті «Англиялық медбике мен америкалық жедел жәрдем көлігін жүргізетін жауынгердің арасындағы махаббатты баяндайтын бұл кітап ойыңа еріксізден Ромео мен Джульеттаны салады», – деп жазды. Роман бірден модернистік прозаның өкілдік шығармасы деп бағаланды. Ол туралы сыншылардың барлығы дерлік бірбеткей мақтау сөздерді ғана жазды. Сыншылар романның аяқталар тұсына ерекше назар аударған. Бұл жолдарды жазушы 37 рет өзгертіп жазғанын кейін мақтанышпен ауызға алған. Айтса айтқандай, алғашқы мәтінге қарағанда өзгертілген соңғы мәтіннен Э.Хемингуэйдің кәнігі қолтаңбасы «менмұндалап» тұрады.

Осылайша Э.Хемингуэй 30 жасында әдебиеттің қақ төрінен бір-ақ шығып, «тірі классик» атанды. Бұл өлшеусіз даңққа оның өзінікін ғана жөн санайтын бірбеткей мінезі қосылғаны даусыз. Ол туралы ғұмырнамалық еңбектер жазған авторлардың дені Э.Хемингуэйдің сол алғашқы шығармалары жарық көрген күннен тартып өзіне қарсы сын айтқан адамдарды қатты жек көргенін, әдебиетте таланты өзінен үстемдеу көрінетін тұлғалардың сары ізіне шөп салып, ғайбат сөз айтқанын, тіпті өзіне бір кезде қолдау көрсетіп, ұстаздық еткен адамдарға да уақыт өте келе дұшпан болып шыққаны туралы жазады. Дегенмен, Э.Хемингуэйдің «дұшпандары» саналған бұл адамдардың тізімдігіне У.Фолкнердің кірмейтіні анық. Себебі, өмірде екеуі байланысқанды былай қойғанда, тіпті, жүздескен жандар емес.

Э.Хемингуэйдің атағы төске өрлеген сол 20-жылдардың екінші жартысында У.Фолкнер әдебиетте өз кеңістігін әлі таба алмай жүрген көп талапкерлердің бірі ғана болатын. Оларды байланыстыратын бір тұлға бар десек, ол – АҚШ жазушысы Ш.Андерсон. АҚШ-тың оңтүстігінен шыққан бұл жазушы өз кезінде Э.Хемингуэй мен У.Фолкнердің екеуіне де ықпал еткен. Ш.Андерсон 1921 жылы шығармашылыққа енді келген Э.Хемингуэйге «байсалды әдебиет пен жұрттың ермегі үшін жазылатын әдебиеттің екі басқа дүние екенін білуің керек. Жаңа шығып жатқан басылымдағы дүниелерге көбірек назар аударуға тиіссің, себебі, оларда дәуірдің бет-бейнесі бар…», – деп кеңес берген. Онымен қоймай, Ш.Андерсон Еуропаға сапарға шыққалы тұрған Э.Хемингуэйді Парижде тұрақтап қалу туралы насихаттайды. «Италияға қарағанда Парижде пәтердің жалақысы арзан. Онымен қоймай Парижде кез келген қонақ үйде, кафеде жазушылықпен шұғылдана беруіңе болады. Сен, Э.Хемингуэй, жазушылықпен айналысамын десең, Парижге бар, Дж.Джойсты естіп пе едің? Ол өзінің «біздің дәуіріміздің ең ұлы шығармасын» сол арада жазды. Айталық, ақын Э.Паунд, ол жаңа поэзияның туын ұстаушы, ол да сол арада өмір сүріп жатыр. Пикассода бар, сен онымен сөзсіз жүздесіп сөйлесуге тиіссің. Оның бір өзі осы заманғы суреттің бар әлемін көрсетеді…», – дейді. Осы ақыл Э.Хемингуэйдің бүкіл өмірін өзгерітті деуге болады. Сол Ш.Андерсон өзін арқа тұтып келген У.Фолкнерге: «Шығармашылықта табан тірейтін тиянақтың маңызы зор. Сен өзің ауылдың жігітісің, сенің білерің де, көргенің де Миссури штатына кіретін аядай шағын аумақ. Бірақ, сол да жетеді, ол да АҚШ. Соны барыңды салып жаз…», – деп кеңес берген. Кейін У.Фолкнер он бес роман, жүзге тарта әңгімеден құрам тапқан АҚШ-тың оңтүстігінің бір жарым ғасырлық тарихы мен тағдырын тұтас қамтыған, «Йокнапатофа шежіресі» атанған өз әлемін жасағаны белгілі. Жазушы жас кезінде өзінің де Еуропаға аттанып, сол кездегі жастар сияқты Парижде тұрақтап қалу ойының болғанын, оны бұл жоспардан бас тартқызып, «Пошта маркасының үлкендігіндей жерден өз әлеміңді тұрғыз», – деп дұрыс жолға салған Ш.Андерсон екенін айтады.

hospital

Хемингуэйдің жастық шағы

Э.Хемингуэй мен У.Фолкнер өлеңдері арқылы алғаш рет 1922 жылы Жаңа Орлеанда шығатын бір журналда ұшырасқан. Арада бірнеше жыл өткенде әлгі басылымның редакторы журналда жарық көрген У.Фолкнердің өлеңдерінен «шағын топтама» құрастырмақшы болып, даңқы жер жарып тұрған Э.Хемингуэйге хат жазады: «Осы кітаптың тысына сіздің төрт тармақтан ғана тұратын өлеңіңізді жарнама ретінде берсек, жақсы болар еді», – дейді. Э.Хемингуэй бұған бірден рұқсат еткен. Кітап шыққан соң әлгі редакторға ол тағы бір парақ хат жазады. Хатында: «Менің бұл өлеңім тартымсыз, бірақ, У.Фолкнердің қоқсығын жарнамалауға жарап тұр», – деген. Міне, осы сөзді Э.Хемингуэйдің аузынан шыққан У.Фолкнер туралы ең алғашқы баға деуге болады.

У.Фолкнердің нағыз шығармашылық дарыны әйгілі «Айғай мен кек» романының жарық көруімен 1929 жылы ресми ашылғаны белгілі. Содан кейінгі 13 жылда ол өзінің XX ғасырдағы Батыс әдебиетінен ойып орын алған сүбелі туындыларын іркес-тіркес өмірге әкелді. Әсіресе, «Айғай мен кектен» кейін іле-шала «Мүрдені қорғаушылар» (1930 ж.), «Қасиетті орда» (1931 ж.), «Шілдедегі сәулелер» (1932 ж.) романдары мен «Сенбілік пошта» газеті сынды таралымы мол, беделді басылымдарда ондаған әңгімелерінің жарық көріп, соңынан жинақ болып шығуы У.Фолкнерді айналасы бірнеше жылдың ішінде жұртқа танымал етті. Сонымен бір уақытта мұхиттың арғы шетінде француздар жазушының «Айғай мен кек» романын, «Эмильді еске түсіретін бір шоқ раушан гүл» бастаған әңгімелерін өз тілдеріне аударып, жарыққа шығарды. Бұл У.Фолкнер шығармаларының Еуропа елдеріне танылуының басталуы еді. Соған қарамастан жазушы өз елінде Э.Хемингуэйдің дәрежесіндей атақ пен беделге ие бола алған жоқ. АҚШ-тың әдебиет ортасы оны «Оңтүстіктің жазушысы, түсініксіз ондаған кітап жазған түсініксіз біреу» деп қабылдады. Бұл жағдай 1946 жылы АҚШ-тың әдебиет сыншысы М.Каули (бұл адам Э.Хемингуэй туралы «Кәрі арыстан Э.Хемингуэй» деген тақырыппен тамаша еңбек жазған) жазушы шығармаларын толық қамтыған «Йокнапатофа шежіресі» атты зерттеу жазып, У.Фолкнерге француздардың, онда да Ж.Поль Сартр, А.Камю бастаған жазушылардың қалай табына-таңқалатыны туралы аузының суы құрып жазғанға дейін өзгерген жоқ. Дегенмен, «тұлпарды тұлпар дүбірінен таниды» деген сөз бар. У.Фолкнердің аяқ алысын АҚШ-тың әдеби ортасы зерделей алмағанымен, алыста, сонау Еуропада жүрсе де, оны есінен бір сәт шығармайтын жандар бар болатын. Солардың бірі – Э.Хемингуэй еді.

1932 жылы Э.Хемингуэйдің «Түстен кейінгі өлім» атты жаңа кітабы жарық көреді. Бұқамен сайысты арқау еткен осы романда мынадай қыстырма бар еді:

«Ханым: Мырза, менің былай деп түсінуіме бола ма? Сіз енді бұқамен сайысуды доғарасыз, майданға сайыскер ретінде шықпайсыз, солай ма?

Жауап: Әже, өзгермейтін ештеңе жоқ, алайда, менің жасым ұлғаю үстінде, енді уақытымның көбін жазушылыққа арнағым келеді. Жансыздарымның жеткізген дерегіне қарағанда, У.Фолкнер мырзаның аянбай еткен еңбегінің арқасында баспагерлер түкке тұрғысыз дүниелерді де жарыққа шығара беретін болыпты. Олар, тіпті, сенің бір сөзіңді қысқартпай-ақ басып шығаруға даяр екен. Мен жас кезімдегі серуен күндерімді, жезөкшелер үйіндегі шақтарымды жазғым келеді. Мен оларды бүгінге дейін артқа ысырып, қартайған шағымда, ол күндер алыстаған кезде жазармын деп жүргенмін. Сонда ғана мен оларды тамаша жазуға болатынына сенімді болдым. Енді жазатын шығармын.

Ханым: У.Фолкнер деген бұл мырза сіз айтқандай жақсы жаза ма?

Жауап: Ол әлгіндей дүниелерді керемет жазады, ханым. У.Фолкнер мырзаның жазғандары мақтауға тұрады. Осынау жылдарда мен оқыған жазушылардың ішіндегі ең мықты жазатыны сол.

Ханым: Мен ол мырзаның кітаптарын сатып алып оқиын.

Жауап: Әжей, сіз У.Фолкнердің кітаптарын сатып алсаңыз, өкінбейсіз. Ол өзі көпіртіп көп жазады. Бір кітабын қолыңа алып аударып қарап болғанша, сөреде екінші кітабы дайын тұрады…».

170px-ernest_hemingway_in_milan_1918_retouched

Әскер Хемингуэй

Бұл жерде Э.Хемингуэй екі мәселенің басын шала кеткен. Біріншісі –жезөкшелер үйіне қатысты сөз. У.Фолкнердің «Қасиетті орда» романында қатігез еркектің зорлығымен біртіндеп тәнін саудалайтын әйел деңгейіне құлдыраған қыздың тағдыры баяндалады. Бұл роман аталған шаңды тақырыпта жазылғандықтан жарық көрісімен бірден жұрт аңызын қозғаған еді. У.Фолкнердің өзге шығармалары суға түскен тастай жарық көрісімен, ауызға алынбай жоқ болып кетіп жатқанда, бірнеше мәрте қайта басылым көріп, қаламақыны да мол тапқан шығарма еді. Екіншісі – У.Фолкнердің қаламының жүрдектігі туралы айтылады. Себебі, У.Фолкнер бес жылда бес роман, елуге тарта әңгіме жариялаған болатын. Э.Хемингуэй жезөкшелер үйін айту арқылы У.Фолкнердің жазған дүниелері кілең «нәпсіні қоздыратын лас дүниелер», «ақша үшін жазған шығармалар» дегенді меңзеген. Одан қалса көпірте көп жазғандықтан У.Фолкнерде оқуға тұрмайтын дүниелер жетерлік дегеннің басын қылтитып қойған.

Роман жарық көргеннен кейін сыншылар автордың У.Фолкнер туралы қыстырмасына сын айтады. Бұған Э.Хемингуэй ашық хат арқылы былай деп жауап қайырған: «Мен У.Фолкнерді сыйлаймын, оның қашанда жолының бола беруін тілейтін адаммын. Бірақ, бұл менің ол туралы енді қайтып қалжыңдамаймын деген сөзім емес. Қалжыңдауға тура келсе, мен бәрібір қалжыңдай беремін (айталық, менің шешем жыл құстарына еріп ұшып кетемін десе, мен бәрібір оны атып болса да алып қаламын ғой)», – дейді.

Содан кейінгі бір мүшелдей уақытта Э.Хемингуэй түрлі ортада У.Фолкнерге қатысты мақтау сөздерді ғана айтқан. 1935 жылы У.Фолкнердің «Қарауыл төбе» атты жаңа романы жарық көреді. Сол жылы Э.Хемингуэй бір сұхбатында сыншылар жақсы атамаған осы кітапты ауызға алып, өзінің «құныға оқып жатқанын» айтады. 1936 жылы тағы бір ортада «Біздің арамызда У.Фолкнерге деген түсінік пен бағалау әлі жетпей жатыр. Ол өз бағасын алуы тиіс», – дейді. Бұл У.Фолкнердің жатпай-тұрмай роман жазып, сонда да отбасын асырауға қаламақысын жеткізе алмай, ақыры Голливудқа барып киносценарий жазып жатқан күндері еді. Голливудта жүргенде У.Фолкнерге Э.Хемингуэйдің «Бар мен жоқ» шығармасының желісі бойынша түсірілетін фильмнің сценариін жазу міндеті жүктеледі. Бұл үшін киногерлер Э.Хемингуэй қомақты ақша төлеген болса, У.Фолкнердің аптасына үш жүз долларды ғана місе тұтуына тура келетін еді. 1944 жылы аталған фильм жарыққа шығып, дабыралы насихатталады. У.Фолкнердің есімі жұрт арасында елеусіз ғана аталып өтеді. Бұл жылдарда екі жазушы «сен тимесең, мен тимен, көз алдымда селтиме» деген көңіл күйде болған сыңайлы. Анда-санда Э.Хемингуэй даңқты жазушыға тән мінезбен «әлі де еленбей жүрген біреу бар» деп бірер ауыз жылы сөз айтып қоятын болса, У.Фолкнер «уақыты келер» деп бір бармағын ішіне бүгіп жүре берген түрі бар.

Өткен ғасырдың 40-жылдарында сыншы М.Каули У.Фолкнердің бүкіл шығармасын қатарға тұрғызып, әйгілі «Йокнапатофа шежіресі» атты мақаласын жазуды қолға алған күндерінде жазушымен жиі хат алыса бастайды. 1945 жылы 17 қыркүйекте У.Фолкнерге жазған кезекті бір хатында ол былай деген:

«Мен саған Ж. Поль Сартрдан естіген әңгімеді айттым ба, жоқ? Парижде Э.Хемингуэй араққа сылқия тойып алып, «менімен У.Фолкнер әлдеқайда мықты» деп жар салыпты. Таяуда Э.Хемингуэйден хат келді. Ұзақ-сонар хатында ол жазушылықтың ес тандырарлық жалғыздыққа батырғанын, ешкіммен тілдесіп-сырласа алмай жүргені туралы жазыпты. Көңіл-күйінің құлазыңқы, пәс екені көрініп тұр. Ол сен туралы да айтыпты: «У.Фолкнердің таланты кімнен болса да артық, бірақ, ол сенімсіздеу көрінеді, себебі, шаршап орнынан тұра алмай жатса да жаза береді, онысымен қоймай, қажетсіз дүниелерді сылып тастау дегенді білмейді. Егер маған салса ғой…», – деп жазыпты. Э.Хемингуэй өз ісін білетін адам, соған орай лайықты ақысын даулай да алады. Бірақ, дәл қазір ол торығып жүрген сияқты. Егер сен онымен бұрын хат алыспаған болсаң, қазір хат жазып, хабарласуыңа болады. Бұл екеуіңе де жағымды жаңалық болар еді», – деген.

a8c2d6dfd9c2949389dcab94ef5

Бала Фолкнер

Бұл хатқа қайтарған жауабында У.Фолкнер өзінің «Э.Хемингуэйге хат жазуға бекігені» туралы айтқан. Алайда «У.Фолкнер – М.Каули мұрағатында» болсын, әлде өз дүниесіне өте ширақ қарайтын Э.Хемингуэйдің мұрағатында болсын, бұндай хаттың нұсқасы сақталмаған. Соған қарап сарапшылар У.Фолкнер соңынан өзінің алғашқы ойынан айнып қалған болуы мүмкін деп топшылайды. Негізінде У.Фолкнер жоғарыдағы хаттың жабық тұсы бар екенін аңғарғаны анық. Әсілінде хатында М.Каули Э.Хемингуэйдің сөздерін жұмсартып жеткізген. Хатта әсілінде ол былай деп жазған:

«Мен У.Фолкнердің бұлайша ыңыршағы мойнына кетіп жүргенін білмеппін. Сенің ол туралы көлемді мақала жазуға кіріскенің мені қуантты. Оның кімнен болса да талантты екені анық, бірақ, оған мына дәуірде бірдеңе жетіспейді. Егер бір ел жартылай құлдықта, жартылай бостандықта өмір сүре алмайтыны шындық болса, онда жезөкше сияқты жалданып жүріп құнды дүние жазамын деп тыраштанудан да ештеңе шықпайды. Десе де, ол сол тірлігін жалғастырып келеді. Мен олай істемес едім… мүмкін, оған хат жазатын шығармын», – делінген.

Бұл сөздерді жалпы сол дәуірдегі АҚШ әдебиет ортасының У.Фолкнерге ұстанған көзқарасының жинақы көрінісі деуге болады. Онда жазушының шығармашылығы Американың 1861-1864 жылдардағы ішкі соғысында жеңіліс тапқан оңтүстіктердің қайғы-мұңын төккен, бір өңірдің ғана күйін шерткен шығармалар деп қарайды. Мұндай қарабайыр, менменсіген түсінікпен У.Фолкнердің келіспейтіні анық (айталық, 1946 жылы У.Фолкнер отбасында швед елінің екі тілшісін қабылдайды. Олар жазушыдан сұхбат алып отырып, өз елдерінде жазушыға Нобель сыйлығын беру туралы әңгіменің қозғала бастағанын тілге тиек еткен). М.Каулидің әйгілі мақаласы жарық көріп, көп өтпей, 1946 жылы АҚШ-тың беделді бір баспасы У.Фолкнердің «Айғай мен кек» пен «Мүрдені қорғаушылар» романдарын бірлестіріп топтама етіп шығармақшы болады. Редакторлар бір ауыздан кітапқа «Алғысөзді» Э.Хемингуэйдің жазғаны дұрыс деп келіседі. Сонда бұл шешімге У.Фолкнер бірден қарсы шыққан. «Мен алғысөзді Э.Хемингуэйге жаздыруға қарсымын. Бұл дұрыс талғам емес. Бұл бәйгеге шапқалы тұрған атты оның қасында тұрған атпен жарнамалаған сияқты тірлік болғалы тұр. Алғысөзді басқаның жазғаны дұрыс», – депті У.Фолкнер.

1947 жылы сәуір айында У.Фолкнер Миссури штаттық университетінің студенттерімен кездесу өткізеді. Осы басқосуда студенттердің бірі жазушыдан «Сіз осы дәуірдің ең мықты бес жазушысы ретінде кімдерді атар едіңіз?» деген сұрақ қояды. Бұған У.Фолкнер: «1. Т.Уолф. 2. Д.Пассос. 3. Э.Хемингуэй, 4. Кетс. 5. Стейнбек» деп жауап береді. Бұл сөзді естіген студенттердің қатарында отырған бір мұғалім: «Студенттер, байқайсыздар ма, У.Фолкнер мырза ерекше сыпайылық танытып отыр, ол кісі өзін мүлде атамауды жөн санаған сияқты», – дейді. Содан У.Фолкнердің әлгі тізімді қайта жаңартуына тура келеді. Бұл жолы ол өзін де қосып, тізімді былай жасайды: «1. Т. Уолф – таудай таланттың иесі, оның жазған дүниелерінен көп өмір сүрмейтінін бірден біліп тұрасың. 2. У.Фолкнер, 3. Д.Пассос, 4. Э.Хемингуэй – онда жүрек жоқ, бір аяғын сүйретіп болса да орнынан тұрған емес, жазған кітабында оқырман сөздік ақтарып әуре болатындай бір сөз жоқ. 5. Стейнбек – бұрын мен ол туралы үлкен үмітте болғанмын, бірақ, қазір бірдеңе дей алмаймын», – дейді. Бұл сөз көп өтпей баспасөзде жарияланып, Э.Хемингуэйдің құлағына жетеді. Өзін «қоянжүрек» дегенге қатты ашуланған жазушы Екінші дүниежүзілік соғыста өзімен бірге майдан көрген генералға хат жазып, өзінің соғыста қалай ерлік көрсеткенін жалпақ жұртқа айтып беруді өтінеді. Генерал У.Фолкнерге хат жазып, Э.Хемингуэйдің өлімнен де қорықпағанын, Парижге бірінші кірген армияның қатарында ерекше ерлік көрсеткенін баяндап, «Э.Хемингуэйді қоянжүрек дегеніңіз артық кеткен сөз», – дейді. Бұл хатқа У.Фолкнер өзінің «өкінгенін» білдіріп былай деп жауап қайырған:

«Хат жазғаныңызға рақмет.

Сіз дұрыс қорытынды шығара алмай отырған сияқтысыз, себебі, қолыңыздағы қатысты материалдар толық емес. Әлгі нұсқада Э.Хемингуэйдің жеке басына қатысты артық-ауыс сөз жоқ: мен оның шығармашылығына байланысты ғана өз ойымды айтқанмын. Э.Хемингуэйдің екі реткі дүниежүзілік соғыста және Испан ішкі соғысында жасаған ерлігін білемін және оны жоғары бағалаймын.

Сәуір айында мен Миссури штаттық университетінде (мен осы оқу орнынан түлеп ұшқанмын) филология факультетінің 6 сыныптан құралған студенттерімен бірнеше мәрте кездесу өткізіп, әдебиет, жазушылыққа қатысты сұрақтарына жауап бердім. Сол кездесуде студенттердің бірі маған: «АҚШ-тың бүгінгі 5 ұлы жазушысын атаңызшы?» – деп тұрып алды. Мен өз ойымды айттым. Әсілінде ауыз ашпауға бекіген едім, себебі, мұндай сұраққа ешкім де дәл жауап бере алмайды. Алайда, студенттер қолқалап тұрып алған соң, ақыры «Мен айтайын, дұрыс-қатесін өздері тексеріп алсын» деген ойға келдім де, замандастарым туралы өз ойымды айттым. Мен Э.Хемингуэйді, Т. Уолф, Д.Пассосты атадым. Студенттерге: «Осы аталғандардың қатарында мен де бармын, біздің бәріміз тас-талқан болып жеңілдік (Ч.Диккенстің, Ф.Достоевскийдің, О.Бальзактың биігіне шыға алмадық). Осылардың ішінде Т. Уолф ең тамаша жеңілді. Себебі, онда теңдессіз батылдық бар. Ол қарабайыр, талғамсыз, қойыртпақ дүниенің иесі атану қаупін сезіп тұрып жұмыс істеді және дегеніне жетті. Ол бір аттап шыңға шыққысы келді, шыға алмаса, құрдымға құлауға да құлықты болды. Одан кейінгі орын Д.Пассосқа бұйырады. Ол өзіне тән стильдің құрбаны болып кетті. Одан соңғы орын Э.Хемингуэйде. Себебі, онда батылдық жоқ, бір аяғымен орнынан тұру да қолынан келмейді, тың өлкеге түрен салып, қаламын жаңа дүниелерге қайрауға дәті бармайды, қорқады», – дедім.

Қазір мен бұл сөздерді барынша ұғынықты етіп айтып отырмын. Студенттермен кездесу кезінде бұлай болған жоқ, айтар сөзімді алдын ала дайындап та алғаным жоқ, жұрттың сұрағына еркін жауап бердім, ашық әңгіме болды. Айтылған сөздердің соңында жарық көретінін де білмедім. Ал сіздің қолыңыздағы материалдар сондағы сөзден үзіп-жұлып алған дүниелер.

Бұған енді өкінудемін. Сізге жазған осы хаттың бір нұсқасын мен Э.Хемингуэйге де жолдамақ ойым бар. Басқаша түсіндіруді қажет ететін жағдай орын алса, мен қолымнан келгенше қателікті түзеуге бармын», – деген У.Фолкнер.

Осы хатты жазған күні ол Э.Хемингуэйге де бір парақ хат арнап, онда былай деген:

«Құрметті, Э.Хемингуэй!

Осынау құрып кеткір ақымақшылық үшін кешіруіңді сұраймын. Бәрі сол 250 долларды алу үшін, жай айта салған сөз болатын, егер оның жарық көретінін білсем, өзім-ақ түзету жасар едім ғой. Ұзақ жылдардан бері «адамға пәле қызыл тілден» дегенді көкейіме түйіп жүруші едім, енді қарамайсың ба, соның зардабын өзім тартып отырмын. Мүмкін, бұл маған жасалған соңғы ескерту шығар.

Мен бұл істің саған титтей де қолайсыздық әкелмеуін қалаймын. Сондықтан менің қайталай кешірім сұрауымды қабыл алғайсың».

Бұл хат тиген соң Э.Хемингуэйдің ашуы басылып, сабасына түсіп қалған. Сол сәтте ағынан жарылып қайырып былай деп хат жазады:

«Құрметті, Бел (У.Фолкнер)!

Сенен хат алып, хабарласқаныңды біліп қатты қуанып отырмын. Хатың бүгін түнде қолыма тиді, барлық өкпе-назды ұмытайықшы, құрып кетсін бәрі. Енді бізде реніш деген атымен жоқ. Менің де, Рамхан генералдың да көңілсізденгені шындық, алайда, қазір бәрі өз орнына келген сияқты.

Мен сенің Т. Уолф пен Д.Пассос туралы сөзіңді түсіндім, алайда, бәрібір оған қосылмаймын. Мен Т.Уолфпен арамда ұқсастық бар деп ойламаймын, тек туған ауылымыз ғана жақын дегенің болмаса. Мен Д.Пассосты жақсы көремін және қастерлеймін, бірақ, ол мен үшін екінші деңгейдегі жазушы…

Шығармаларыңды оқып отырып, мен біраз адамды есіме алдым, сен солардың бәрінен мықтысың, бұл сөзді ішіп алып айтып отыр деме. Сен тірі жүргендердің шығармасын оқымасаң да болады, сен анау өлген тұлғалармен бәсекеге түскенің дұрыс. Сенің биігің солармен ғана өлшенеді… …Хатты ұзақ-сонар жазғаным үшін кешір. Сені қатты құрметтейтінімді білгейсің. Хат жазып, хабарласып тұрайық».

Хаттың ұзын-ырғасынан Э.Хемингуэйдің аталған істің дұрыс шешілгеніне риза екенін аңғарамыз. Сонымен қатар «мен тұрғанда басқалар екінші қатарда тұруы тиіс» дейтін өркөкіректігін де байқауға болады. Ал У.Фолкнерді көкке көтере мақтауының жалған сөз екені көп өтпей-ақ белгілі болды.

Бұл хатқа У.Фолкнер қайырып ештеңе демеген. 1950 жылы Э.Хемингуэйдің «Өзеннен өтіп тоғайға ену» романы жарық көргенге дейін олардың достық жағдайда болғаны анық. Оқырман он жыл күткен жоғарыдағы романды сыншылар бір ауыздан «жазушының өзін-өзі қайталаған, тартымсыз шығармасы», «Э.Хемингуэйдің таланты суалғаны белгілі болды» деп сынайды. Сол тұста жазушыға қолдау білдірген санаулы тұлғалардың қатарында У.Фолкнер де болды: «Әйелсіз еркектегі» тамаша тарауларды, «Күн де көтеріледі» сияқты роман жазған жазушыны қорғап сөйлеудің өзі артық нәрсе. Алайда, біз жазушы жағында екенімізді ашық айтуға тиістіміз», – деп мақала жазады У.Фолкнер.

У.Фолкнер жоғарыдағы сөздерді жазған кезде әлі Нобель сыйлығының иегері емес еді. Мақала «Тұрмыс» журналында жарық көрген тұста, ол кешігіп берілген 1949 жылғы сыйлықтың иегері болып танылады. Осынау бірінің артынан бірі келген оқиғалар екі жазушының тағдырын тағы бір рет көпірде түйістірген. Э.Хемингуэй үшін 1950 жылдың күзі сүркейлі болғаны анық. «Өзеннен өтіп тоғайға ену» романы сыншылардан таяқ жеп жатқанда, У.Фолкнер Нобель сыйлығының иегері атанады, онымен қоймай, «Э.Хемингуэйдің талантына сеніңіздер, ол әлі де жаза алады» деп мақала жазып, оған қолдау білдірген сыңай танытады. Өмір бойы алдын кесіп көрмеген, өзінен мақтау ғана тілеп келген адам осылайша қайырылып келіп оған қорған болады, оны мақтайды, мақтап қана қоймайды, «Э.Хемингуэй әлі жаза алады!» – дейді. Бұл 30 жасында классик атанып, 40 жасында «Қоңырау кімге қағыладыдай» роман жазған, екі реткі дүниежүзілік соғыста атойлап шеп жарған, әдебиет майданында ешкімді алымсынып көрген Э.Хемингуэй үшін айтып тауысқысыз қасіретпен тең еді. Десе де, Э.Хемингуэйдің «жаза алатыны» шындық болатын. Ол 1951 жылдың соңында екі апта уақыт жұмсап, өзінің айтулы повесі – «Шал мен теңізді» тәмамдайды. Бұл шығарманы бүкіл АҚШ әдебиеті орнынан тік тұрып насихаттаған. Шығарма жарық көрмей тұрып-ақ белгілі сыншылар мен жазушыларға (ұзын саны ондаған адам) повестің мәтіні жіберіліп (онда да әр адамға «мақала жазу туралы таңдау бір сізге ғана түсті» деп айтылған), ол туралы жазуға ұсыныс жасалады. Повесть жарық көрісімен сол жылы Пулист сыйлығы беріледі. Себебі, түсінікті – «оңтүстіңтің» У.Фолкнерінің аты алға озып кеткен жағдайда, енді Э.Хемингуэйді жатпай-тұрмай қолдау ғана біраз дүниені өзгертуі мүмкін еді. Сол күндерде маңдайында «таңдау жалғыз сізге түсті» деген әлгіндей түсінігі бар «Шал мен теңіз» повесінің бір нұсқасы У.Фолкнерге де жетеді. Айналасында не болып жатқанын жазушы да анық білген түрі бар. Өзіне мақала сұрап хабарласақан «Нью-Йорк кітап шолуы» газетінің редакторы Реутке жазған хатында ол:

«Бірнеше жылдың алдында (нақты уақыты есімде қалмапты), Э.Хемингуэй «жазушы деген пақырлар дәрігер немесе адвокат сияқты топталып өмір сүретін хайуан» деген еді. Қалжың, күлкі үшін айтылған болса да, осы сөздің шындық жағы бар. Ең берісі, Э.Хемингуэйге жарасады. Айталық, жұрт жабылып шашбауын көтеретін жазушыны көкжалға теңеуге болатын шығар, бірақ, мен оны көкжалдан гөрі итке көбірек ұқсатамын», – дейді.

Солай дегенімен, У.Фолкнер «Шал мен теңіз» туралы бәрібір өз ойын білдірген. Бірақ, неге екені белгісіз, мақаланы «Нью-Йорк кітап шолуы» жарыққа шығармай, басып қояды. Ол мақала 1952 жылдың күзінде елеусіз бір басылымда жарық көрген. Соған қарамастан осы шағын туынды «Шал мен теңіз» туралы жазылған ең таңдаулы мәтін ретінде әдебиет тарихында қалды. Мәтінді тұтас күйінде оқиық:

Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңізіне» баға

«Бұл – оның ең үздік шығармасы. Мұның біздің (Э.Хемингуэйді және өз замандастарымды айтып отырмын) қолынан келіп жаза алған ең керемет, ең үздік дара туынды екендігін уақыт әйгілемек. Бұл жолы ол құдайды тапты, жаратушыны тапты. Қазірге дейін оның қаламы туғызған ер-әйел кейіпкерлердің баршасы өзі қалыптасқан, өз балшығымен өздерін өзі жасаған еді; жеңісі де – өз қарсы жақтарының уысында, өздерінің қаншама қайсар, мықты жандар екені өздеріне және қарсы жақтарына сыпаттау үшін өмір сүретін адамдар еді. Бірақ, бұл жолы, ол мүсіркеу дейтінді тапты: мәлім жерде өмір сүріп жатқан мәлім күшті ауызға алды, осыларды – әлгі шалды жаратты. Шал сөзсіз әлгі балықты ұстайды, сонан соң одан айырылып қалады, қолды болу, онан соң жоғалу балықтың маңдайына жазылған, ал, шалдың қолынан балықты тартып әкету акулалардың еншісіне жазылған. Иә, ол осылардың бәрін жаратады, осылардың бәрін сүйіп, бәрін мүсіркейді. Мұнысы келісіп-ақ тұр. Құдырет тек Э.Хемингуэй мен менің сүйетін және мүсіркейтін күштерімді жарата бергей – ол күш не болсын мейлі – әйтеуір сол Хемингуэйді шаужайлап, мына шығармасын сірә да өзгертпейтін ете көргей».

Бұл арада У.Фолкнердің «Шал мен теңізін» оқып отырып, өзінің «Аю» атты туындысын ойына алғаны анық. Екі шығарма да табиғат пен адам ортасындағы сырлы рухани байланыстың жүректің тереңіне шабар бір күйін шертеді. Екі шығармада да табиғаттан алыстаған адамның мәңгілік қасіреті мен жалғыздығы сөз болған. Шалдың дәу балықты өлімге қимағаны сияқты, У.Фолкнердің кейіпкері де аюдың өмір сүре беруін, тіпті тасада болса да әйтеуір оның болуын қалайды, бірақ, соңында аюдан айырылып тынады, содан мәңгілік жалғыздық басталады. «Аюды» кезінде Э.Хемингуэй У.Фолкнер шығармашылығының шыңы деп бағалаған еді.

Алайда, Э.Хемингуэйдің құлағына мақала емес, жоғарыдағы «көкжал емес, итке ұқсайды» деген сөз алдымен жетеді. Э.Хемингуэй бұл жолы да У.Фолкнердің сөзін тіке мағынасында қабылдаған. Ол У.Фолкнермен арадағы ескі қотырды қайта жаңғыртып, «Нью-Йорк кітап шолуы» газетінің редакторына жазған хатында былай деген:

«Ол мені алдымен қоянжүрек деді, енді итке теңеп отыр… Нобель сыйлығын алудан бұрын ол маған жақсы аттанатын, ол сыйлық алғанда мен оған арнайы телеграмма жіберіп құттықтадым, бірақ ол «рақмет!» деген де жоқ… ондаған жылдардан бері Еуропада мен оның шашбауын көтеріп, «біздің АҚШ-та бірінші мықты жазушы У.Фолкнер» деп оның бәсін жоғары қоюмен келдім, өзімді алдымен атағаным жоқ, оның есімін алдымен атады… оның шамасы бейсбол добын неге тоғыз рет қағуға жетпейтінін біліп тұрсам да, оны басқа біреуге тіс жарғаным жоқ. Енді келіп, менің күнім бір соған түсіп қалғандай, аузына келгенін айтып, мені итке теңейді. Иә, ол жұртты аузына қаратып сөйледі (У.Фолкнердің Нобель сыйлығын аларда сөйлеген сөзін айтады), керемет, бірақ, ол сонда айтқан деңгейіне енді ешқашан да жете алмайды… Оның шығармаларының көк тиын құны жоқ, қайталап оқуға тұрмайды. Қайталап оқи қалсаң, алданғаныңды бірден білесің… Ал мен не жазатынымды жақсы білемін… мен тірі тұрғанда У.Фолкнер «Нобель сыйлығының иегерімін» деп мас болғанда ғана мақтана алады…».

1954 жылы Э. Хемингуэй де Нобель сыйлығының иегері атанды. Бірақ, У.Фолкнер оны құттықтамапты. 1955 жылы досына жазған бір хатында Э. Хемингуэй: «Оңтүстіктің сөз мәнерімен сөйлейтін адамдарға сенуші болма, олар шетінен суайт өтірікші келеді. Олар көлгірсімесе ғана бізге ұқсап таза ағылшын тілінде сөйлей алады», – деп жазған.

1956 жылы У.Фолкнер АҚШ атынан Жапонияға мемлекеттік сапармен барады. Жапондық оқырмандармен жүздесу кезінде жазушы өзінің бір кездегі «тас-талқан болып жеңілу» туралы ойын тағы жаңғыртқан. Т.Уолф, Д.Пассос және өзі туралы айта келіп: «Шығармашылық деген алдыңа тынбай жаңа талап қойып отыру, соны жеңу үшін барыңды салу, соның жолында тас-талқан болып жеңілу. Мен «тас-талқан болып жеңілгендерді» қатарға тұрғызғанда жеңілуден қорықпайтын, жаңа өріс ашудан жасқанбайтын жүректілікті басты орынға қойдым. Біздің шығармашылығымызда осы қасиет бар… Э.Хемингуэйді соңында атаған себебім, оның шығармашылықта тәлейі зор, қашанда ойына алған ісін тындырып шығады, бір сөзбен айтқанда, ол тас-талқан болып жеңілуді білмейді, өзінің үйреншікті үйшігіне тығылып алып, үйреншікті тәсілімен жаза береді, басын қатерге тігуден қорқады», – деген.

1961 жылы 2 шілде күні Э.Хемингуэйдің өз үйінде опат болғаны туралы қаралы хабар таралады. Бұл хабарды естіген У.Фолкнер бірден: «Бұл тегін өлім емес, ол өзін өлтірді», – деген. Екінші күні тілшілерге: «Э.Хемингуэй көп нәрсеге қарсы шабумен келді. Оның батырлығы мен еркекке тән мінезі, белгілі тұрғыдан алғанда өзін-өзі жарнамалаған жасандылық», – деп пікір білдірген. Соңынан бір досына: «Мен төте тартатындарды ұнатпаймын», – деген. Айтса айтқандай, Э.Хемингуэй өзіне қол салған болатын. Алайда, Э.Хемингуэйдің соңғы талғамын басқаша қабылдауға да болады. Ол жазушының шығармаларында өмір бойы ту етіп биік ұстаған: «Адам жеңілу үшін жаралмаған, мені өлтіре алуы мүмкін, бірақ жеңе алмайды!» («Шал мен теңіз») деген сенімімен сабақтасады. Денсаулығының күрт төмендеуі (екі реткі ұшақ апатынан алған, соғыста басынан алған жарақаты жазушыны титықтата бастаған) Э.Хемингуэйді ақырында жаралы арыстандай өлімге қарсы шабуға түрткі болған. Бұны ерлік демегеннің өзінде, қорқақтық деуге болмас. Белгілі тұрғыдан жазушы өзінің өмірлік ұстанымын өлімімен де қорғап кетті деуге әбден болады.

Арада бір жыл төрт күн өткенде У.Фолкнердің өзі де жүрек талмасынан кенет өмірден озады. Екінші рет жүрек шаншуы ұстардың алдында досына сырын ақтарып: «Менің өлгім келмейді», – депті жазушы. Дәрігерлер жүрек науқасының аса бір қатер төндіріп тұрмағанын ескерткенімен, жазушының өзі уақытының санаулы қалғанын аңғарған түрі бар…

Э.Хемингуэй мен У.Фолкнер әдебиетте эстетикалық талғамнан дүниеге көзқарасқа дейін бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі типтегі жазушының санатына жатады. Соған қарамастан олардың шығармаларында ортақтық бар. Айталық, У.Фолкнер Нобель сыйлығын аларда сөйлеген сөзінде адамның қиындыққа төзе білетін қайсар рухын сөз етеді. «Айғай мен кек», «Мүрдені қорғаушылар» романдарының өзегінде де осы рух жатыр. Ал қиындыққа мойынсынбайтын, өлімге де қасқайып қарсы шаба алатын рухты Э.Хемингуэйдің барлық шығармасының жинақталған бейнесі десек, еш артық айтқандық болмайды. Бұл тұрғыдан екі жазушы үндес. Одан қалса екі жазушы да жаңа талғамның туындысы, ағылшын тіліндегі модернистік прозаның көкжиегін кеңейткен жазушылар. Екеуінің парқы, бастысы, шығармашылық эстетикадағы уақытқа болған түйсіктің парқында жатса керек.

Э.Хемингуэй шығармалары қашанда «осы шақ» бойынша өмір сүреді. Әңгімелері мен романдарының түп болмысы да осы қазыққа байланған. У.Фолкнердің дүниетанымы бұған ұқсамайды. Ол өткенмен өмір сүреді. Ж.Поль Сартрдың (француз философы, драматург-жазушысы, 1964 жылғы Нобель сыйлығының иегері): «У.Фолкнер шығармалары көз алдыңа жүріп бара жатқан арбаның артында соңына қарап отырған жанды елестетеді. Оның шығармаларында бүгін мен келешек деген атымен жоқ, тек қана «өткен уақыт» бар», – дегені бар. Екі жазушының бойындағы осы мәндік парық олардың шығармашылық болмысын белгілеген. Жаңа эстетикалық түйсікпен жазылғанына қарамастан Э.Хемингуэйдің туындылары оқуға оңай, қабылдауға жеңіл, тарихи-мәдениеттік көрінісі анық болып келеді. Мұнымен салыстырғанда У.Фолкнер шығармаларының тамыры тереңде жатыр. Жазушының романдары «Тәураттан» тартып У.Шекспирге дейінгі Батыс әдебиетінің өркениетімен мияның тамырындай ұштасып кеткен. Бұл жағынан У.Фолкнердің алдын орайтын мәтін иесі өткенде де, бүгін де кемде-кем.

Әңгіме жанрында екі жазушының өз алдына қолтаңбасы бар. Э.Хемингуэй шығармалары «мұзтаудың» болмысына жақындаса, У.Фолкнердің туындылары «сана ағымы», «көп қырмен» жазудың тамаша үлгілеріне жатады. Атап айтар болсақ, «Өзге бір елде», «Жауындағы мысық», «Альпі тауындағы малшы әні», «Таза әрі тыныш жер», «Көпірдегі қарт», т.б. шығармаларды Э.Хемингуэйдің мұхитта тұрғызған мұзтауы деуге әбден болады. У.Фолкнердің «Эмильді еске түсіретін бір шоқ раушан гүл», «Ерте шаңы шыққан қыркүйек» әңгімелері анау «Айғай мен кек» бастаған романдарының өте сұрыпталған нұсқасы сияқты. Өз басым жазушының «Аюы» (повесть нұқасы емес, әңгіме нұсқасы) мен жоғарыдағы екі әңгімесін қайталанбайтын тамаша мәтін ретінде бағалаймын.

ardak20 жылдың алдында, Қытайда студент шағымда бір қолыма Э.Хемингуэйдің «Джек Адамстың әңгімелері» жинағын, енді бір қолыма У.Фолкнердің «Мүрдені қорғаушылар» романын ұстап, жатпай-тұрмай «жазушы-ақын боламын» деп жүрген күндерде мен де екі жазушыдан біраз дүние үйренген едім. «Әуелеген ақ қауырсын» атты әңгімеде Э.Хемингуэйше, «Бетпе-бет» деген әңгімеде У.Фолкнерше әңгіме жазуды сынап көрген болатынмын. Алдыңғы шығармам 1995 жылы «Іле жастары» журналының (айлық басылым) 4 санында, соңғысы 1996 жылы «Тарбағатай» журналының (маусымдық басылым) 4 санында жарық көріп еді.

Э.Хемингуэй мен У.Фолкнерді оқу саған қашанда бір нәрсені ескертіп тұрады: жақсы жазамын десең, алдымен бос-бопыр сөзден арылуға тиіссің.

Ардақ Нұрғазыұлы