Back

Даниал Ахметов: «Демалушыларға барынша жағдай жасалынуы керек»

Демалыс үйлері мен базалары демалушыларға толық жағдай жасай алмаса, жұмыстарын тоқтату қажет. Бұндай шешім Алакөл көлінің рекреациялық аймағын зерттеген жұмыс тобының мүшелерімен өткен кеңесте қабылданды. Атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша 147 демалыс базасы мен үйлерде және 80 нысанда қажет құжаттың жоқтығы анықталды.

Алакөл жағасында жұмыс тобы жүргізген жұмыс барысында осы және өзге заң бұзушылық Қазақстан Республикасының Заңнамасына сәйкес анықталды. Демалыс үйлерін толық тексеру жұмысы аймақ басшысы Даниал Ахметовтың бастамасымен жүргізілді.  Тиісті жауапты құзырлы органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп, заң бұзушылықты анықтады. Алакөл көлінде жүргізілген кешенді сараптама жұмыстары Шығыс Қазақстанның маржаны – Алакөлде жоғары деңгейде демалыс ұйымдастыруға біраз уақыт қажет ететіндікті көрсетті.

Сонымен, жұмыс тобы Алакөл жағасында 147 демалыс базасы мен үйлер бар екенін анықтап, оның 80 нысанында қажет құжаттардың жоқтығы анықталды. Архитектура, құрылыс және қала құрылысы бойынша 44 ескерту берілді.

Жалпы, жұмыс тобы 160-тан астам нысанды тексерді, оның ішінде дүкендер, кафелер мен сауда нүктелері бар. Абаттандыру жұмыстары төрт нысанда ғана жүргізілген. Бірқатар нысандарда санитарлық қауіпсіздік бойынша заң бұзушылық бар екені анықталды.

От қауіпсіздігі шаралары бойынша жағдай тіпті мәз емес. Алакөл жағасындағы нысандардың басым бөлігі ағаштан тұрғызылғаны ешкімге жасырын емес. Сондықтан олар отқа өте қауіпті. 140 нысанда от қауіпсіздігін сақтау шараларын бұзу фактілері анықталды. Сонымен қатар автокөлік үшін кейбір көшелерде тіпті жол да жоқ.

– Бірде-бір нысан демалушыларға толық жағдай жасай алмайтын болса, өз қызметін жалғастыра алмайды. Барлық ескертулерді келесі демалыс маусымына дейін жою мақсатында кәсіпкерлермен меморандум жасасу қажет. Барлық ескертулерді жойғанда ғана өз қызметін көл жағасында жалғастыра алады, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов. Меморандум бір айдың ішінде жасалу қажет.

Сонымен қатар облыс әкімі бір айдың ішінде Алакөл жағасын дамыту жоспарын дайындауды тапсырды. Онда жол құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым құрылысы заңға сәйкес және қауіпсіздік шараларын сақтау негізінде жүзеге асырылу қажет.

“ҚмД” ақпарат