Cоңғы жаңалықтар
Back

Ілия Жақанов бір рудың ауқымына сиятын тұлға емес

Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма таеатрында көрнекті композитор, өнер зерттеушісі, жазушы Ілия Жақановтың 80 жылдық мерейтойы өткеніне көп бола қойған жоқ. Қазақ-қырғызға ортақ әсем әндерімен қоса, халық музыкасының көзі тірі шежіресі әрі антологиясы бола білген сүйікті ағамызбен жүздесуге біз де асықтық.

Көрермен залында ине шаншар орын болмай, тіпті қосымша орындықтар қойылып жатқаны талантты перзентіне деген халық ықыласының жарқын көрінісі болды. Алматы мен Астана, Атыраудан ат арылтып жеткен өнер және әдебиет майталмандарының ыстық лебіздері, құттықтаулары мен Ілия ағамыздың әсем әндерін шырқаған әншілердің орындаушылық шеберліктеріне риза көңілмен балқыдық та шалқыдық.

Алайда ән кеші өтіп жатқан кезде көрермендер арасында маған көрші отырған бір апамыз әңгіме арасында жанына жайғасқан әйелге осы залдағы елімізге белгілі азаматтарды жүзге, руға жіліктеп бөлді де отырды. Кенеттен менің бетіме барлай бір қарады да: «Қай жақтың тумасы боласың?» деп сұрады. «Осы Шымкенттен, негізі Төле би ауданынанмын» деген жауабыма әлгі апамыз: «Кіші жүзге қандай да бір қатысың бар ма?» деді таңдана қарап. «Ешқандай қатысым жоқ. Ілия ағамыз рудың, жүздің шеңберіне сыймайтын  тұлға ғой»,- дедім апамыздың сұрағына көңілім толмай. «Ия, оның рас, бөлінгенді бөрі жейді», –  деп өзінің орынсыз сұрағын жуып-шайғансыды. Осындайда, бүкіл қазақтың мақтанышына айналған композитор ағамызды ру-тайпаға бөліп, «жекешелендіргісі» келетіндерге «қарның ашады» екен.

Ел ішінде кезінде лауазымды қызмет атқарған кейбір ағаларымыз өз руын мадақтайтын шежіре кітап жазғыш болып алды емес пе?! Ол кісілердің әңгімесін тыңдасаңыз сол рудан асқан мықты ру жоқ екен-ау деп ойлап қаласыз. «Өзім» және «Бөтен» деген ұғымнан шыға алмайтын, жалпы қазақ деген әлемге бойлап кіруге сана-сезімі, ой-түйсігі жетпейтіндердің кесірінен қаншама білімді де іскер жастарымыз «бөтен бала» болғаннан өсе алмай жүрген жоқ па?!

Мұсылман әлеміне тыныштық бермеуге тырысатын арам пиғылды ұйымдар осы кемшіліктерді «ұтымды» пайдалана білуде. Қазақтың ең әлсіз тұсы жүзге, руға бөлінетінін біліп алған олар бізді де іштен іріткілері келетінін неге түсінбейміз? Исламның біз бұрын естімеген ағымдарын тықпалап, діни шала сауатты жастарды улап жатқаны аз ба? Қаба сақалы кіндігіне түскен жап-жас жігіттерден бала түгілі үлкендер шошитын дәрежеге жеттік. Жарылқаушыларының уағызының күштілігі соншалық, қысқа балақ, ұзын сақалдылар арамызда алшаң басып жүр. Олар тіпті өздерін «озық ойлыларға» жатқызатын да сияқты. Осындай бір «ғұламаның» өрескел әрекетін көріп шошынғанымыз бар. Бірде  рамазан айы болған соң ауызашар берген бір ініміздің үйіне келген қонақ «намаз оқуым керек» дегенде арғы бөлмеде жайнамаз жаюлы тұрғанын айтқанымызда «жоқ мен машинама барып оқимын» деп үйден шығып кетті. Сәл уақыттан кейін келген ол өз ұстанымындағы ой-пікірлерін айта бастады. Алғашында қазақ алфавитінде артық әріптер барына, екінші кезекте тек ағылшынша сөйлеу керек екенін, қазақтың тілі мүлдем қажет еместігін дәлелдегісі келді. Ең соңында «сендер, шымкенттіктер неге көтеріліске шықпайсыңдар? Еркек емессіңдер!» деген сияқты намысқа тиер ауыр сөздер айта бастағанда шыдай алмаған інім тәрелкемен әлгі «ғұламаның» басына бір-ақ ұрып үйден қуып шыққаны бар. Осы «озық ойлылардың» бәрі дерлік базарларда сауда-саттықпен айналысады. Бұларға табан астында мол қаражат қайдан пайда бола кетті? Бұл да бір басқалардың оларға деген наразылығын, өшпенділігін ояту үшін әдейі жасалып жатқан жымысқы саясат болуы мүмкін ғой.

Ел тәуелсіздігіне қауіп төндіретін арам пиғылдыларға қарсы бірігіп, ел болып күресудің орнына өз руымызды мақтаудан, өзгелерді даттаудан аса алмайтын аурудан айыға алмай келе жатқанымыз жүрегімді сыздатады.

 

Төрехан Ерназаров

«Рейтинг» газеті №32, 25 тамыз 2016 жыл

 

Дереккөзі: rgmedia.kz