Back

Ақтөбеде Президентке хат ұстатып, үй сұраған оқушы қысымға ұшыраған

Президенттің наурыз айындағы Ақтөбеге сапарында Назарбаев зияткерлік мектебінде болып, оқушылармен кездескені есімізде. Кездесуде үздік оқушылардың бірі қалтасынан үшбу хат шығарып, Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына ұстатқан болатын деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Президент хатты сол бойда ашып, 10 балалы отбасынан шыққан оқушының ата-анасына баспана берілетінін айтты. «Ағаң көмектеседі» деп үй сұраған оқушының хатын президент Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолына ұстатқанына көпшілік куә.

Төрт айдың ішінде баспаналы болып үлгерген болар деп көпбалалы отбасын іздедік. Қаладан таппаған соң Ақтөбеден 220 шақырым қашықтықтағы Қарабұтақ ауылында тұратын ата-анасын іздеп бардық.

– Баспаналы болмақ түгілі, қара басымыз қайғы болып отыр. Президент кеткен бойдан баламды директор кабинетіне бір апта сүйреген. Елбасы екі сөйлемейтін адам еді… Әлде президент сөзінің жерде қалып тұрғаны ма, білмеймін. Назарбаев мектебіндегі интернатқа баламды биылдан бастап кіргізбей жатыр. Олар «Қалада тіркеуде екенсіңдер, интернатқа жатқыза алмаймыз» деп отыр. Енді  балам пәтер жалдап тұратын ағасының үйінен қатынайды. Сабағы нашарлап кететін болды, – дейді алаңдаған анасы Бибіжамал Жұмағұлова.

dalanews aktobe0142 жасында 10 балаға ана, екі немереге әже болып отырған Бибіжамал Жұмағұлова президенттің қолына ұстатқан баласының хаты болашағына кесір бола ма деп қорқады.

–  Оған президентке хат жаз деп айтқан жоқпыз. Балам негізі көп сөйлемейді. Президентке хат жазу қалай ойына келіп жүргенін білмеймін. Шешесінің балаларды шұбыртып, әкімшіліктен үй сұрап, салпақтап жүргенін көреді. Үйде ешкім жұмыс істемеген соң қалада балалар тұратын пәтердің ақшасын төлейтін кезде үлкен айқай болады. Оның хат жазғанын, Назарбаевтың үй беремін дегенін интернеттен оқыдық. Мектепте үлкен айқай болғанын да кейін естідік. Оны да мұғалімдердің өзі хабарласып айтты. «Балаға шамалы сөйлеп едік, кешірерсіздер» деп хабарласты. Олардың интернаттан шығарамын дегендері қиын болып тұр. Қалада үйім болса баламды интернатқа жатқызбаймын ғой, – дейді әкесі Жаңабек Жұмағұлов.

Назарбаев атындағы зияткерлік мектепте Арман 7 сыныптан бері оқып келеді.

– Ауыл үшін баламның Назарбаев мектебінде оқып жатқаны мақтаныш емес пе? Ол  жаққа өзі еңбегімен түсті. «Әке сол мектепке апаршы» деген соң бағын сынасын деп апарғанымда өтіп кетті. Балалардың бәрін тоғыз бітіртіп, колледжге оқуға жіберіп жатырмын. Өмір сүру керек. Үйде ешкім жұмыс істемейді. Ауылда жұмыс жоқ. Шешемнің зейнетақысы мен баланың жәрдемақысына қарап отырмыз. Үлкен қызым колледж бітіріп, қалада жұмыс істеп  жатыр. Одан кейінгісі де биыл бітіргенімен, жұмыс таба алмай жүр. 9 -шы класс бітірген тағы бір қызымды  колледжге жіберіп жатырмын. Арман Назарбаев мектебінің интернатында жататын еді. Ана жақтан шығарғаннан кейін ол да сол пәтерде тұрып жатыр. Қазір алтауы бір пәтер жалдайды, – дейді әкесі.

Отбасы үй алу үшін қалаға тіркеуде болғанымен, Қарабұтақ ауылында тұрып жатыр. Кәмелеттік жасқа толмаған алты бала бар.

– Президентпен кездесердің алдында балам ауылға келген еді. Мұғалімдердің өздері шақырып алды. «Президент келгенде тұратын 20 баланың ішінде барсың» деп хабарласқанда ұлымды таксиге мінгізіп жібердім. Барған соң «Папа, медальдарымды салып жібер» деді. Президент келгенде бұл мойнына медальдарын іліп тұрғасын шақырған шығар. Президенттің өзі қасына жақындап сөйлескен. Оның бәрін балам ауылға келгеннен кейін сұрап білдік. Көршілер «Үй алыпсыңдар» деп құтты болсын айтып жатыр. Ал баламның жайы анау. Екеуміздің жұмыссыз екеніміз туралы анықтаманы да ала алмай отырмыз. Ауыл қалаға, қала ауылдағы әкімшілікке сілтейді, – дейді алтын алқалы он баланың анасы Бибіжамал Жұмағұлова.

Президент көмек сұраған бала тілегінің орындалып, үйдің берілетінін айтып кеткен отбасыға жергілікті әкімшіліктен баспананы тек кезегімен ала алтындығы туралы хабарлама келген.