Back

Тоқтар Әубәкіров ұшқыштарға шеберлік сыныбын өткізді

ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қазақстан Әскери-әуе күштерінің 200-ден аса әскери қызметшісі отандық авиацияның аты аңызға айналған ғарышкері, Халық Қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіровпен кездесті. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Әскери-әуе күштерінің жас буын офицерлері үшін бұл еңбек сіңірген сынақшы ұшқыш әрі ғарышкерден өзіндік бір шеберлік сыныбы болды. Олар ғарышкердің өз аузынан оның өмірбаяны мен кәсіби қызметі туралы танысуға мүмкіндік алды. Кездесуге Тоқтар Әубәкіровтің әскери өмірінің куәгерлері де қатысты. Одан басқа, іс-шараға Халық батыры Тоқтар Әубәкіровті мысал ретінде көрсете отырып, қазақстандық ұшқыш тұлғасын қалыптастыру туралы баяндамамен сөз сөйлеген қазақстандық ғарышкер авиация генерал-майоры Айдын Айымбетов қатысты.

Тоқтар Әубәкіров тыңдаушылармен өзінің естеліктері, жеке тәжірибесімен бөлісіп, тіпті, өзінің табысқа жетуінің басты құпиясын ашты. «Өзіңе батыр болуды міндеттеме. Ол ешқашан жүзеге аспайды. Әр күн сайын өз-өзіне міндет қойып, мен батыр болуға дайынмын ба?», – деген сауал қойған абзал. Сіздің табысқа жетуіңіз әскери ғылымды қаншалықты жақсы деңгейде оқып-үйренгеніңізге тікелей байланысты екенін нақты түсінген жөн. Техника мен аэродинамиканың қыр-сырын білмесең, дарындылығын еш көмектеспейді. Күн сайынғы еңбек пен білім қуу құмарлығы – сәттілікке апарар бірден-бір жол», – деді ол.

Іс-шараға қатысушылар әскери ұшқыш, ғарышкер және Қазақстанның халық батырының дара жолы қалай басталғанын ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мұражайының залдарының бірінде ұйымдастырылған фотокөрменің арқасында еске түсіріп, білді. 27 шілдеде генерал-майор Тоқтар Әубәкіров 70 жасқа толатынын айта кеткен жөн.

 

Қазақпарат