Back

Секундына 240 мың доллар тапқан

Таяуда ғана дүниежүзі аңызға айналған Мұхаммед Әлимен қоштасты. Оның ринг­тен кеткеніне 35 жыл өтсе де ол туралы аңыз әңгімелер бір сәтке толастаған емес. Ал, енді, Майк Тайсон туралы әңгіме де дәл осы бағытта өрбімесе де әлі күнге дейін үзіліссіз айтылып жатады.

80-жылдардың басында Тайсонды көкке көтеріп, ауыр салмақтағы қолғап шеберлері арасында оған тең келетін тұлға жоққа тән деп келетін пікірлер үстемдік құрған еді. Тіпті, оның қарсыласы бар болғаны бірінші раундқа ғана шыдас беретін. Осынау «жын пері» сондай тоғыз жеңісін небәрі бір минутта ғана құрықтады.

Бір айта кетерлігі, оның кездесуіне асығатын жанкүйерлер құмардан шыға алмай қалатын. Әрине, жүз долларға билет алып, ол небәрі 30 секундқа ғана созылса одан кімге қызық? Осындай «қас-қағым сәті» осыдан 30 жыл бұрын болған еді.

Темір Тайсон сол жолы атақты ауыр салмақтағы боксшы Джо Фреизердің ұлы Марвис Фреизерді 30 секундта ұрып түсірген еді. Бұл кезде оның жасы 20-да, салмағы 90,5 кг. болатын. Оның күрзі соққысынан 2 метрлік алыптар сұлап түсіп жатты.

Бұдан кейін Т.Бербикбекпен болған жекпе-жек 40 секундқа созылды. Осыдан соң жанкүйерлер баяғы Мұхаммед Әлидің айызыңды қандыратын кейде едәуір ұзаққа созылатын өнерін сағынатын, еске алатын болды.

Мұның сыртында Тайсонның табысы да бас айналатындай еді. Қас-қағым сәт, секундтың ішінде мыңдаған, миллиондаған доллар өз-өзінен құйылып жатты. Мәселен, Майкл Спинкспен болған кездесуінде ол өзіндік рекордты жаңартты. Ол 91 секундқа созылған осы жолғы бәсекеде әлем боксы тарихындағы ең жоғары табыс – 22 миллион долларға қол жеткізіп, дүниені дүр сілкіндірді.

Демек, Майк әр секунд сайын 240 мың доллар тапқан болып шығады. Әрине, Тайсон да пенде, кейбір көңілі соқпаған сәттерде ұпай санымен де басым түсті, бірақ, мұндай жағдай оның өмірінде сирек кездесетін.

Алайда, Тайсонның жұлдызды күндері ұзаққа бармады. 80-жылдардың соңында ол ішімдікке салынып, полициямен ілінісіп қалып жүрді. Кейбіреулерді ұрып кетіп жүрді, әйелімен ажырасты.

Ал 1991 жылы жазда 18 жастағы «Американың қара аруын» зорлағаны үшін түрмеге түсті. Тағдырдың осы соққысынан кейін есін жиған ол боксқа қайта оралғанымен, бұрынғы қауқарынан алыстап қалған еді.

Бұл ретте Э.Холифильдпен болған кездесуді жұрт әлі ұмыта қоймаған болуы керек. Әбден титықтаған Тайсон соңғы раундқа зорға шыдас берген еді. Алайда, Тайсон бұл кездесу үшін 30 миллион доллар алып, ал Холифильд 5 миллион долларды қанағат тұтқан. Осыдан кейін барып өткен қарымта кездесу әлем боксының тарихында естен шықпастай болып қалды.

Холифильдпен қайта кездескен Тайсонның кәрі жыны қайта қозып, құлағын жұлып алғаны естеріңізде болар. Әрине, оған екі жылдан кейін лицензиясын қайтып бергенімен, ол бәрібір жаман атымен қалды. Тіпті, оны спорттың ең қанды деген түріне де жолатпай, бәрі қашатын болды. Миллиондаған ақшаларын бірнеше мәрте өткен сот ісіне жұмсады.

Бүгінде Тайсонды сол баяғы атақ-даңқы асырап жүр. Өз өмірі жайлы кітап шығарып, телешоу жүргізеді. Тіпті, саясатқа да араласып қояды. Таяуда ол АҚШ президенттігінен үміткер Дональд Трамптың кандидатурасын қолдайтынын білдірді. Тіпті, миллиардер сенатор «Майк Тайсон мені қолдайды және бұл маған ұнайды. Небір керемет жігіттер менің жағымда» деп лепірді.

Бүгінде ердің жасы елуге келіп отырған темір күрзі иесі өмірінде сәтсіздіктерге ұшырап, тағдырдан қанша таяқ жесе де «жыланның үш кессе де кесірткедей қауқары бар» демекші, әлі де тағынан түсе қойған жоқ, баяғы даңқы өзіне енді қызмет ете бастады.

 

Дереккөзі: «Алматы ақшамы» газеті