Cоңғы жаңалықтар
Back

Тілдің мәселесі жер заңынан да маңызды

Алматыдағы «Астана» қонақ үйінде «Қазақтың тілі мен тарихы – ұлттың алтын қазығы» деген тақырыпта қоғамдық талқылау өтті.

Аталған мәселеге байланысты саясаттанушы Айдос Сарым кеңірек тоқталып, өз ойын білдірді:

«-  Бүгінгі тіл, мемлекет, білім мәселесі айналып келгенде жер заңынан да маңызды. Осының ұғыңыздар. Тіл дегеніміз – ұлттың жаны, экзистенциальды ұясы. Ұлт дегеніміз алдымен тілден басталады. Адам жаратылысынан солай. Мен де көптеген елде болдым. Сол елдердің көптеген мұғалімі, оқушылары үш тілді біледі деп айта алмаймын. Бүгінгі жағдайға қатысты менде дайын жауап жоқ, тек күдіктерімді айтайын. Бірінші мәселе, үштілділік деген неден туындады?

Ол мынадан туындады: бүгінгі күні орыс тілді билік өзінің дәурені өтіп бара жатқанын жақсы сезінді. Осыны сақтап қалу үшін «үштілділік» деген қойыртпақты ойлап тапты. Ондағы басты міндет – қазақ рухты мемлекетті болғызбау. Егер осыны мойындамаса, қалғанының бәрі бос сөз. Екінші мәселеге көшейік. Мектеп дейміз, сенім, жауапкершілік дейміз. Ал, жарайды үштілділік мәселесі дұрыс болсын. Қазақстанда 3 мың мектеп бар делік. Соның 3 мың директоры, орынбасарларымен жауапқа тартылу керек. 25 жылда математиканы үйретті, химиядан, физикадан олимпиада өткізді, ал 11 жылда қазақша үйрете алмаса, онда жауап беруі тиіс. Сіздер өтірік айтып отырсыздар. Мұның бәрі орыс тілін үйрету үшін жасалып жатыр деп айтады маған кейбір жігіттер. Мен сенбеймін. Мысалы, жерді жалға берсек инвестиция келеді дейді. Бұл да сол секілді жалған аргумент.

Менің Израиль жаққа кеткен бір таныс ағам бар. Ол кісі «Мен қазақ мемлекетінің, билігінің балаларды әсіресе, орысты, кәрісті, басқаны қазақ тіліне үйретуге ниеті бар екеніне сенбеймін» дейді. Егер шын мәнінде сондай ойы болса, Израилдің үлгісінде жасауымыз керек. Оларда балабақшаның бәрі тек еврей тілінде. Біз де солай жасап көрейік.

Қазақстанда тек қазақ балабақшасы болсын, орыс, кәріс дегендер мүлде болмасын. Израиль елінің ұстанған саясаты бойынша, ана тіліңді ешкім шектемейді, үйіңде сөйлес, курсқа бер, өзің білесің. Балабақша – кішкентай нәрестені мемлекеттендіру құралы. Яғни, мемлекетке бойұсындыру, елдің тарихын, мәдениетін үйретудің алғышарты. Балабақшадан тілі сынған бала кейін қандай мектепке барса да, аз да болса тіл үйреніп шығады. Біз ертең комиссия құрайық та, қаладағы кез келген орыс тілді мектепке барайық. Диктант жазғызайық, жүзбе-жүз сөйлесіп көрейік. Егер бұл сынақтардан жақсы өтсе, басымды иемін.

Үшінші мәселе. Осы жылы мектепке барған 400 мың баланың 81%-ы қазақ. Назарбаев мектебі ашылды ма? Оны ауданға дейін жіткізейік. Қазақ-түрік лицейлерінің санын көбейтейік. Дәл бүгін үштілділікті енгізбесек, көштен қаламыз, қирап қаламыз дегенге өз басым сенбеймін. Рас, қазіргі жастарда ағылшын тіліне деген сұраныс бар, мәжбүрлілік бар. Ал, біздің елде қазақ тіліне сұраныс бар ма өзі?! Шенеуніктердің жартысынан көбі қазақ тілін білмейді. Мектеп директорлары мен ректорлардың біраз бөлігі қазақшаға шорқақ. Алдымен жаман молда болмайық. Үш-төрт айда, тіпті бір жылда ағылшын тілінен беретін мұғалім дайындап береді дегенге сенбеймін. Таудан басталған кішкентай ағысты бөгей берсек, соңына жете алмай қалады. Жасайтын іс көп.

Алты ай бойы айлығын ала алмай отырған ғалымдарымыз бар. Министрліктің қарамағындағы ғылыми мекемелердің санын көбейтіп, сарапшыларымызды арттырайық. Түйінін таппаған мәселе көп. Соның бәрін жүйелеп алғаннан кейін, үш тілге не бес тілге көшу шаруасын ойластырармыз. Алдымен ұлттың, мемлекеттің мәселесін шешіп алайық. Тіл дегеніміз – өлім мен өмірдің мәселесі. Кезінде мен сұрағанымда «қазақстандық ұлт» дефиницасы үшін өлімге бас тігер адам болмады. Мен білсем, дәл қазір де үштілділік үшін жанын қиятын адам жоқ.

Мен қазір неге мына мәселе үшін жанталаса сөйлеп жатырмын? Жерді 5 жылдан кейін, Үкімет өзгергеннен кейін «национализация» деп, басқа деп қайтарып алуға болады.

Ал арада мәңгүрт бір ұрпақ пайда болса, мәңгі бақи дертке айналады. Ол адам екінші, үшінші мәңгүртті жалғастырады. «Болашақпен» оқып келген жастарымыз шет елдегі білімін Қазақстанда жүзеге асыра алмайды. Ол жүйе, ол білім мүлде басқа ел үшін арналған. Үштілділік мәселесін сонша асықтырудың ешқандай реті жоқ».

Айта кетсек, жиында қоғам белсенділері үштілділік реформасының ұлтты жоюға бағытталғанын ашық айтып, өз қарсылықтарын білдірді. Сондай-ақ, Білім министрлігінің өкілдеріне қоғам белсендісі Руза Бейсенбектегінің 4 жарым мыңнан астам адамның қолы жиналған ашық хатын тапсырды.

ДереккөзҰлт порталы