Back

Айдос Сарым: “10 сотық жер? Оның кімге және қалай берілетіні белгісіз”

Елімізде 10 сотық жер кімге және қалай берілуі тиіс екені заңда нақты көрсетілмеген. Бұл туралы Жер реформасы жөнiндегi комиссияның Көкшетаудағы көшпелi отырысында саясаттанушы Айдос Сарым мәлімдеді.

«Бүгін осы комиссияның мүшесі Дәурен Бабамұратов деген бауырымыз қоңырау шалды. Алатаудың Халыққа қызмет көрсету орталығына 200-ден астам адам 10 сотық жер алуға келіпті. Шынын айту керек, халық жер алуға құқылымыз, жұрттан естідік деп жүр. Осы кезге дейін бұл жөнінде ауыл шаруашылығы министрлігі, басқалар да айтып келді. Бірақ нақты ештеңе жоқ. Бәлкім бұл ақпаратты біреу таратып, ушықтырып жүрген шығар», — деп атап өтті комиссия мүшесі.

Айдос Сарымның айтуынша, заңда жер кімге, қалай берілуі тиіс екені нақты көрсетілмеген.

«10 сотық деген мәселеге келейікші, бұл енді таза заңдағы популистік бап секілді. Себебі, ол жер кімге берілуі тиіс, қалай берілуі тиіс екені белгісіз. Әр адамға 10 сотық береміз дейтін болсақ, үкіметтің қорындағы жер жетпейді және онша көлемде инфрақұрылым тартылған жер жоқ. Шынын айту керек қой, Алматыда, Астанада, мына Көкшетауда жұртқа беретін жер жоқ. Яғни, бұл мәселенің анық-қанығына жетіп, дұрыстап қолға алу керек секілді, мораторий енгізіп, тоқтата тұру керек пе… Себебі азаматтар арасында жұрт 100 мыңдап алып жатқанда, неге 10 сотық ала алмаймын деген әңгіме болады. Қоғамтанушы, әлеуметтанушы ретінде айтарым, бұл енді таза дау-жанжалдың ошағы. Қазір әкімдіктердің халықпен тілдесуге, түсіндіруге мүмкіндігі бар. Ал ертең 5-10 мың адам жетіп келсе, оларға әкімдік басу айта ала ма, жоқ па, белгісіз. Сондықтан үкімет тарапынан осы мәселеге тоқтау болатын шешім қабылдану керек», — деп толықтырды қоғамтанушы.+

Сонымен қатар, ол жер мәселесіндегі ашықтықты қамтамасыз ету керек деген пікірде.

«Қазақстандағы жер иеленіп отырған ірі тұлғалардың тізімі және тағы басқа қоғамды алаңдатып отырған мәселелерге жауап бермей, біздің комиссияның жұмысы алға баспайды. Ауыл шаруашылығына жаңа көзқарас қалыптастыруымыз қажет», — деп түйіндеді Айдос Сарым.

 Дереккөз: BNews.kz