Back

Ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ

Ол әрқашан ізденіс үстінде жүретін жан. Ғылыми жаңалық ашуға деген құштарлығы ерек. Ойына алған идеяны дер кезінде дәлелдеп, нәтиже шығаруға асығып тұрады. Ішкі түйсігі алдамайды да. Ертесіне-ақ жаңа ғылыми жобаның тұсауын кеседі. Ол – саналы ғұмырын химия ғылымы саласына арнаған ғалым, Д.В.Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия институты, Электрохимиялық технологиялар зертханасының меңгерушісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, 190-ға жуық патенттің авторы Әбдуәлі Баешов. Отандық химия ғылымы саласында елеулі жаңалықтар ашқан ғалыммен әңгімеміз де бүгінгі ғылымның түйткілді мәселелеріне арналды.

 

– Өзіңіз талай жылдан бері қызмет етіп келе жатқан инс­ти­ту­ттың тарихы тереңде жатқаны белгілі. Жалпы, әлемдегі 4 катализ институтының екеуі ТМД-да болса, оның біреуі Алматыда екен. Бұның себебі неде?

– Институт екі-үш айдан бері «Д.В.Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия институты» деген жаңа атауға ие болды. Біз Қазақ-британ университетіне қараймыз. Қазір институттарды оқу орнына қосып жатыр. Ол рас, катализбен шұғылданатын институт әлемде төртеу ғана. Оның бірі – Қазақстанда, бірі – Новосібірде. Ал электрохимия бойынша, Орта Азия елдерінде бізде ғана. Бұл өзі ерекше институт. 1969 жылы Сокольс­кий осы институтты ашқанда-ақ, қажеттілігі туды. Себебі Қазақстанда өндіріс орындары көптеп ашыла бастады. Қазір біз негізінен, электрохимиялық бағыт бойынша жұмыс істеудеміз. Жезқазғанда, Балқашта дүниежүзінде үлкен көлемде мыс алатын тау-кен комбинаты бар, Өскеменде электролиз арқылы қорғасын-мырыш өндіріледі, ал Павлодардағы балқыған электролиз арқылы магний алатын зауыт неге тұрады? Еліміз егемендік алғаннан кейін осы қалада алюминий зауыты салынды. Шымкентте электролиз арқылы металл алатын зауыт бар еді, ол қазір жабылып қалды. Міне, осындай өндіріс ошақтары жұмыс істеп тұрғанда, біздің институт та өміршең болуға міндетті деп ойлаймын.

– Өндіріс орындарын тізіп айтып жатқаныңызға қарағанда, байланыстарыңыз жақсы секілді…

– Қазір байланыс үзіліп барады. Себебі оның бәрін шетелдік компаниялар сатып алған. Олар қажетті нәрсенің бәрін өздерінен алып келгісі келеді. Мынау Павлодар, Атырау, Шымкенттегі мұнай өңдейтін зауыттың бәрі катализатор қолданады. Алайда олардың ешқайсысы біздің катализаторды кәдеге жаратқысы келмейді. Себебі компания басшылығы «бәрін шетелден аламыз, қажет емес» дейді. Шын мәнінде, сол шетелден удай бағаға сатып алынатын катализаторды өзімізде де жасап жатырмыз. Отандық өндіріс ошақтары әу баста біздің ғалымдарға қолдау білдіріп, келісім-шарт жасауға болатын еді. Бірақ қайдам…

– Сонда отандық катализаторды кім кәдеге жаратып отыр?

– Бір өкініштісі, еліміздегі ешбір компания керек қылмады. Тек бір катализаторымызды Қытайдағы өндіріс орны қолданып жүр. Ал жүзеге асыруға ниет білдіріп, өз өнертапқыштарымызға жаны ашып жатқан отандық зауытты әзірге көрмей тұрмын. Кезінде мамандар «Балқаштың өнімімен ғана Қазақстанды асырауға болады» деген еді. Қазір не болды? Қытайға екі рет бардым. Оларда ғылым керемет дамыған. Бірақ «ғылымда артта қалғанбыз» деп айта береді. Олар ғылымды бірден өндіріске жібереді. Қандай керемет!

– Әлгінде ғана электрохимия өндірісі дамыған мемлекеттің біріміз дедіңіз. Алайда ғылымда қол жеткізген табысты өз елімізде қолдана алмасақ, несіне мақтанамыз?

– Мәселенің түп-төркіні осында ғой. Жалпы, электрохимия деген не? Бұл ток жіберу арқылы химиялық реакцияны жүргізу. Мысалға, Жезқазғанда, Балқашта осы арқылы таза мыс, ал Павлодарда алюминий алынады. Бүгінде көптеген өндіріс ошақтары тоқтап қалды. Кейбірі шетелдік алпауыт компаниялардың қолына өтіп кетті. Біздің де өндіріспен байланысымыз бірте-бірте үзіле бастады.

– Сіздіңше, «Ғылымды дамыту­ керек» деген сөз орындалмас ұран­ға айналғаны ма?

– Әр мемлекеттің ғылымы дамуы керек. Кезінде Орта Азия бойынша электрохимия мамандарын дайындайтын оқу орны – Шымкент химия, технология институтынан жылына 25 электрохимик шығатын. Соның өзі жетпейтін еді. Сол кездің өзінде электрохимиктер Екатеринбургта, Мәскеуде даярланса да, оларды бүкіл Одақ бойынша әкететін. Бірде-бірі жұмыссыз қалмайтын. Ал қазір жылына төрт-бес маман даярлана ма, жоқ па, білмеймін.

– Демек, сұраныс жоқ қой…

– Сұраныс та, байланыс та жоқ. Кейде ғалым ретінде мәселенің осы жағын ойласам, мазам қашады. «Ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ» демей ме әл-Фараби. Біздің ғылымның дамымай қалған көптеген себебі бар. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап жаңа технологияны жаппай шетелден сатып алу басталды. Бірақ мұның бұрыс екенін егемендік алғанымызға 25 жылға аяқ басқан уақытта түсіне бастадық. Ешбір мемлекет ғылымдағы жетістігін бөгде елге бермейді. Тек жүзеге асырып, одан нәтижелі пайда көргеннен кейін ғана беруі мүмкін. Шынында да, әр мемлекеттің дәрігері, мұғалімі болуы керек сияқты, ғалымдары да болуы керек. Әр салада тепе-теңдік болуы тиіс. Көптеген дамыған мемлекеттерде ЖІӨ-нің 3-4 пайызына дейін ғылымға бөлінеді. Адам ғылыммен шұғылданбаса, болашақ жоқ. Ал егер ғылымға бет бұрсақ, табиғаттың заңдылықтарын ашып, жаңа қосылыстардың қасиетін зерттеп, бұрын болмаған дүние ашуға болады. Құдай-ау, күн сайын пайдаланып жүрген заттың бәрі ғылымның нәтижесі. Біз оны қайдан алып жүрміз? Кейде болмашы затты да шетелден сатып аламыз. Соны өзімізде өндіруге әлеуетіміз жетпей ме? Финляндия, Норвегия, т.б. халық саны аз мемлекеттер өз өндірісін жолға қойып алған. Себебі олар ғылымды дамытып, нәтижелі жетістігін көріп отыр. Ал, бізде түк те жоқ деуге болады.

– Елбасы «Ғылым туралы» жаңа заң қабылданған кезде ЖІӨ-нің 3 пайы­зын ғылымға бөлеміз дегенді қадап айтқан еді.

– Айтылуы айтылды ғой. Қазір 0,1 пайыздың шамасында ғана.

– Бүгінде инновациялық-индус­триал­дық жобаларға мемлекет тара­пынан көп көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде 20 ғылыми технопарк ашылды емес пе?

– 20 ғылыми технопарк ашылды. Оған қаншама қаражат бөлінді. Оның басына ғалым емес, коммерсант келді. Олар тек өз пайдасын ғана ойлайды. Шыны керек, сол технопарктер ештеңе жасап жатқан жоқ сияқты. Ал керісінше, әрқайсысына ғалым тағайындағанда, жұмыс жемісті болар еді. Маған да институт беріп, жағдай жасасыншы, бар күшімді салар едім. Әлі талай шаруа атқаратын қауқарым бар.

– Соңғы кезде ғылыми институт­тар­дың қызметкерлері жалақыны уа­қытылы алмауына байланыс­ты мәселені жиі көтеріп жүр. Тіпті, қайбір жылы бір инситут маман­дарының наразылық акция­сын өткізгені есімізде. Шын мәнін­де, ғалымдардың жағдайы сон­ша­лықты төмен бе?

– Ғалымдардың жағдайы өте қиын. Міне, жыл басынан бері төрт ай бойы қаражат бөлінген жоқ. Министрліктің бізге үнемдеген азын-аулақ ақшасы бар екен. Содан бөліп беріп, аштан өлтірмей отыр. Түсінбеймін, қазір көп нәрсенің мағынасы да, қисыны да кеткен бе?! Мысалы, ғылымға ақшаны бөлетін – шенеуніктер. Олар ғылымды түсінбейді, бірақ солар ғылымға ақша бөледі. Кеңес Одағы кезінде әрбір ғылымның бағыты бойынша қаражат бас институтқа түсетін. Бұл институт бәрін біледі. Мысалы, сол кезде біздің институт Электрохимия және катализ бойынша бас институт болды. Осы бағытқа байланысты қаражаттың көбі біз арқылы өтетін. Сосын бізге есеп беретін, өте объективті болатын. Ал қазір министрліктегі шенеуніктер біздің жұмысты түсінбейді. Ақшаға өздері иелік еткісі келеді. Міне, соның салдарынан қаншама қиындық туып отыр. Ең сорақысы сол, енді олар біздің ой-идеямызды шетелге экспертизаға жіберуді шығарды. Бүкіл ішкі сырымызды, ойымыздың бәрін ашық-шашық бере салады.

– Неге? Бұған жол беріп отырғанымызды қалай түсінуге болады?

– Бұрын шетелдіктер әр институт немен айналысатынын білу үшін арнайы шпиондар жіберсе, қазір өзіміз-ақ апарып береміз. Неге екенін сұрасақ, жауабы мынау. «Біздің сарапшылар объективті шешім шығара алмайды» екен. Ал шын мәнінде, еңбекке объективті баға беру мүмкін емес. Ол менің көңіл-күйіме, біліміме, түсінуіме байланысты. Кез келген жұмысқа «өте жақсы» немесе «түкке жарамайды» деп рецензия беруім мүмкін. Яғни, адам алдыңдағы жұмыстың жақсы және жаман жағын таба алады. Нені көргісі келсе, соны көреді ғой. Бір мысал айтайын, бір жобамызға осындай эксперттің қойған бағасына байланысты, екінші жылға ақшамызды кесіп тастады. Айтарлықтай сыны да жоқ. Бар сылтауы – «Сендер басқа ғылыми жұмыстарға сілтемені аз жасапсыңдар» дейді. Біздің бағыт бойынша ешкім шұғылданбаса, қалай жасаймыз сілтемені? Оны түсіндіретін адам жоқ. Айтты да кетті. Немесе «графикаңыз дұрыс емес» дейді. Дұрыс болмауы мүмкін емес. Мемлекеттік стандартты тексерушілердің қолынан өткен жоба ғой. Сөйтеді де, 18 балл қояды. Ал 20 балға жетпегендіктен, бөлініп тұрған ақшаның 10 пайызын кесіп тастады. Егер 15 балдан төмен болса, онда 20 пайызын алып қояды. Осындай қитұрқы заңдары бар. Тағы айтам, олардың берген бағасы ешқандай да объективті емес. Ау, ғалымдардың еңбегін осылай еш етуге бола ма екен?

– Сонда құнды, бағалы идеяның бәрін шетелге өзіміз беріп қойып отырмыз ба?

– Баяғыда бір зауытта өндіріс жолға қойылса, шпиондар жүреді екен. Олар зауытқа келіп жатқан заттар мен қалдықтарды қарап, зауыттың не өндіретінін, қанша көлемде өндіретінін есептеп шығарады екен. Ал қазір ешқандай шпионның керегі жоқ. Тіптен, керемет идеяның көбі шетелге кетіп жатыр. Біздің еңбекті жарамсыз деп тауып, өздері шұғылданып жатпағанына кім кепіл? Идея – өте қымбат. Бірауыз сөздің өзі бүкіл ғылымды өзгертіп жіберуі мүмкін. Көрдіңіз бе?! Біздің жұмысымыз осылай тәлкекке салынып кетті. Ал ғылым дамымаса, болашақ қайда?

– Бұл мәселені тиісті орындарға жеткіздіңіздер ме?

– Айтқанда, бізді кім тыңдайды? Жаңа ғана Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының жиынынан келдім. Әлгі академияның директоры Буктуков «Шетелдік экспертиза жасайтындарға 3 млн АҚШ долларын береді екен» деп біз білмейтін жаңалықтың бетін ашты. Біріншіден, идеямызды ұрлап алады, екіншіден, тағы қосымша ақша төлейміз. Бұл не сонда? Шын мәнінде, сол 3 млн долларға 20 институтты қаржыландыруға болады емес пе?!

– Бұл тығырықтан шығудың жолы қайсы?

– Бұған бас қатырудың қажеті жоқ. Химия саласын химия институтына, электрохимия катализін біздің институтқа, физика саласын физика институтына беру керек. Шенеунік соның үстінен қарап отырсын! Кеңес Одағын анау дейміз, мынау дейміз, бірақ 1950-60 жылдары аш-жалаңаш жүрсек те ғылым саласы жақсы дамыды. Неге? Себебі қаражат дұрыс бөлінді. Сталин ғалымды, ғылымды өте жақсы бағалаған. Соғыс біткеннен кейінгі жылдары ортаңқол ғалымның айлығы сол кездегі облыс хатшысының айлығынан көп болған. 1950-60 жылдардағы жетістіктің бәрі соның арқасы. Бірде физиолог-ғалым И.Павловтың «Революцияны сынап жүрсем, қасымдағылардың біразын соттап жатыр екен. Сөйткенше, «Сталин шақырып жатыр» деген хабар жетті. Қорқып барсам, ол: «Сіздің бірден-бір физиолог-ғалым екеніңізді жақсы білемін. Бүкіл мақалаңызды оқып жүрмін. Сыныңызбен де, өкпеңізбен де келісемін. Бізден де қателік кетеді. Одан да сіздің салаңыз бойынша инс­титут салайық. Сіз маған жобасын жасап әкеліңіз» деп бір апта уақыт берді. Сосын кішкентай жоба сызып апарып едім: «Мынауыңыз не? Анау Германиядағы, Англиядағы институт осындай ма?», – деді. Содан не керек, қаншама гектар жер бөліп, бір жылда салып берді» дегенін естігем. Сол Сталин әр саланың ғалымдарына институт ашып берген. Бүгін де ғалымдарды тауып, жағдайын жасау керек. Жақсы ғалым ұрламайды, өтірік айтпайды, алдамайды. Ол ұрлаған нәрсені жиырма жылдан кейін де тауып алуға болатынын біледі. Ақыл-ойы бар адам жаман нәрсеге бармайды. Қазір ше? Қазір біздің ғылым ойлайтын шамамыз жоқ. Әрине, бізде ақша бөлінбейді деу­ге де болмайды. Бірақ бәрі рәсуа боп кетті.

– Ал сіз меңгерушілік ететін Электрохимиялық технологиялар зертханасы ғылымға қатысты нендей жаңалықтарымен қуантып келеді?

– Ойбой, бізде жаңалық көп. Біз электрохимия саласында жаңа дүние жасап жатырмыз. Оның бірі – өте майда ультрадисперлі, нано размерлі металдың майда ұнтағын алу. Металдың майда ұнтағын алу өте қиын. Бұрынғы майда деген нәрсе қазір түйе болып кетті. Оны алатын әдіс жоқтың қасы екен. Соған электрохимиялық жолмен наноразмерлі метал токтарын алудың үш жаңа механизмін таптым. Оның қасиеті ерекше. Оны қолданатын жер өте көп. Бір нәрсе айтайын. КОКП ОК-нің Бас хатшысы М. Горбачев бір съезде: «Қазір Кеңес үкіметінде екі жаңалық бар. Оның әрқайсысы бірнеше миллиард рубль пайда әкеледі. Ал бұл неге қолданылмай жатыр?» деген. Соның бірі мыстың ұнтағына байланыс­ты айтылды. Жас ғалым ретінде майда ұнтақтарды алып жүрген кезім. Сосын жатпай-тұрмай Горбачевқа да, патент беретін мекемелерге де хат жаздым. Шындығында, мыстың майда ұнтағын моторға құйса, үйкеліс күші азайып, жұмыс істеу уақыты бес-он есе артады. Біраз сынақтан өткізіп, біздің ұнтағымыздың қажет екенін енді дәлелдеген тұста Кеңес Одағы тарап кетті. Кейіннен ұнтақты Жезқазғанның ашық шахтасында жұмыс істейтін көліктің моторына пайдаланып, еңбек күшін арттырғанын естідім. Бір жылдан кейін моторын қараса, жап-жаңа дейді. Тіпті, артығымен кететін жанармайдың мөлшері азайып, мотордың шуы басылады екен. Бұған да патент алдым.

Теміртаудағы «Испат-Кармет» зауытында қаңылтыр шығарады. Бұрын одан «Жигули» көлігінің қаңқасын жасайтын. Соған біздің ұнтақты қолданып көріпті. Екі есе жұмыс істейтін болыпты. Бірақ олар: «Сіздердікін қолдана алмаймыз, біз жиырма жылға мойынтірек (подшипник) сатып алатын шетелдік компаниямен келісімшартқа отырғанбыз», – деп жауап берді. Негізінде бір мойынтірек 10-15 мың доллар тұрады екен. Палладий, платина деген қымбат металл бар. Соның бәрі ұнтақ арқылы ғана жасалады. Біз мыс, платина, палладий, т.б. көптеген қымбат металдардың наноразмерлі ұнтағын алуды көрсеттік. Әрине, ғылыми тұрғыдан дәлелденгенмен, іске асыру жағы тоқтап тұр.

Алюминий мен су әрекеттескенде сутегі алынатынын таптым. Мұның принципін ғана көрсеттім. Жердің тартылыс күшінен электр қуатын алу мүмкін екенін теориялық тұрғыдан дәлелдеп, патент алдым. Мысалы, гидро­электрстанциясын алайық. Ешкім от жағып жатқан жоқ, су буланады, ұшады, ол қайта жауын болады, ериді, ағады. Осыны бір жерге жинақтадым. 20 метр мұнара салып тексеру керек. Егер бұл мәселе шешілсе, көмір де, мұнай да, газ да далада қалады. Әр үйдің қасында бір мұнара болса, содан ток алып отыра береді. Темірден ток алатын әдіс таптым. Менде ғылыми жаңалық жетеді.

– Осы уақытқа дейін 190 патент­тің иесі атаныпсыз. Әрбір ғалым арман­дайтын-ақ көрсеткіш…

– Тек пайда таба алмай жүрміз ғой. Қайда барам? Осы жаңалықтарыма үлкен еңбекпен жеттім. Металдан ұнтақ алу бағыты бойынша 32 ғылым кандидатына, 2 ғылым докторына, 7 Phd докторына жетекшілік еттім. Шіркін, бәрі жүрек пен тілде сайрап тұр, бірақ өндіріске енгізу жағына келгенде қол қысқа. Жаныма бір менеджер керек пе? Өзім айлығымды әрең алып отырғанда, оны қалай ұстаймын? Зауыт басшылығына барып, сөйлесейін десең, бәрінің қожайыны шетелдіктер. Ал олар жолатпайды да.

Тағы бір жаңалығым – айнымалы токпен заттарды алу. Бізде айнымалы ток өте арзан. Ал химиялық процестің көбі тұрақты токпен жүреді. Маған дейін айнымалы токпен реакция жүрмейді деп келген. Қалауын тапса, айнымалы токпен, тіпті тұрақты токпен жүрмейтін процестерді жүргізуге болады екен. Өзім Қазақстанда «айнымалы ток электрохимиясы» деген ғылымның жаңа саласын ашып келе жатқан сияқтымын. Қазақстанда мен ғана айналысамын. Орыстың көптеген ғалымдары «Дұрыс емес, бұл мүмкін емес» деп талай жазған. Десе де, елімізде айнымалы ток электрохимиясы деген жаңа бағыт ашылды. Осы бағыт бойынша оннан астам кандидаттық диссертация қорғалды. Сосын титан деген металл бар. Өте қатты металл. 1800 градуста ғана балқиды. Бір жері жарамай қалса, әрі қарай өңдеу қиын. Ал оны еріте алсақ, қосындысы керемет. Айнымалы токпен титанды қант сияқты еріттім. Маған дейін ешкім еріте алмапты. Әуелгіде өте майда ұнтақ алғанда академик А.Жарменов: «Электролиз әдісімен суға батпайтын өте майда мыс ұнтағын алған дүниежүзіндегі алғашқы адам, ол профессор Ә.Баешов» десе, ал титанға тәнті болған еврей ғалымы Марк Залманович Угорец: «Әбдуәлі, сен табиғаттың әдейілеп жаратқан ең қатты, ең мықты және ерімейтін металы титанды фундаменталды зерттеу­лер негізінде тас-талқанын шығарып, қант сияқты еріту амалдарын таптың, бұл сенің адал теріңді төгіп, тапқыр тәжірибелер нәтижесінде жеткен жемістеріңнің бірі. Сені «ғылыммен шұғылдансын» деп Құдайдың әдейілеп жаратқан адамдарының бірі деп есептеймін» деп баға берген еді.

– Экология саласын да зерт­тедіңіз. Еліміздің кейбір аймақ­та­рының жағдайы көңіл қуантар­лық емес. Экологиялық тепе-теңдік ту­ралы аз сөз болған жоқ. Бірақ…

– Тепе-теңдікке қарап жатқан ешкім жоқ, ол өте жоғары шекте бұзылған. Өндіріс орындары қалдықтарды суға ағызып, қоршаған ортаны лас­тап жатыр. Шетелдіктер құрамында күкіртсутек бар газдарды зияндығына қарамастан ауада жағып жіберіп, атмосфераны ластауда. «Байқоңырдан» ұшқан зымырандар апатқа ұшыраған сайын жерімізге 400-600 тоннадай гептил төгіледі екен. Гептил деген өте улы зат. Ол топыраққа сіңді, ауаға шашылды. Оның зардабын қалай тартып жатқанымызды былай айтар едім. Егер құрбақаны ыстық суға салып жіберсеңіз, бірден секіріп шығуға тырысады. Шығып кетуі де мүмкін. Ал сол құрбақаны бөлме температурасындағы суға салып, суды жайлап, біртіндеп қыздыра берсеңіз, оның денесі де біртіндеп температураға бейімделе береді. Судың температурасы 1000-қа жеткенде пісіп өледі. Сол сияқты адамның да ағзасы экологиялық апаттың салдарларына үйрене береді, бірақ біраз уақыттан кейін солардың әсерінен уақыты жетпей тіршілігін тоқтатады.

– Ішіп отырған ауызсу да, жұтып отырған ауа да таза емес дейсіз. Осы бағытта да ғылыми жаңалығыңыз бар сияқты…

– Мысалы, су тазалауда химия­лық реактив – коагулянт деген қол­да­нылады. Сіз суды қанша сүзсеңіз де, тазармайды. Ал оған коагулянтты қосып жіберсеңіз, мөлдір боп шыға келеді. Ол – алюминий мен темірдің тұзы. Осыны біз айнымалы ток арқылы аламыз. Білуімше, мұны еліміз Ресейден, Қытайдан қымбат бағаға сатып алып жатыр. Бізге жағдай жасаса, бүкіл Қазақстанға жететін коагулянт өндірер едік. Негізі айнымалы ток арқылы көп затты оңай алуға болады. Нәтижесінде басқа заңдылықтар пайда болады. Ғылыми жаңалық деген осы. Бірінен соң бірі шығады. Біз ерімейтін анодты да еріттік. Енді осыған патентті Америкадан да алуым үшін 3 мың доллар керек екен. Ол ақшаны кім береді?

Қазақстан мұнайының сапасы нашар. Құрамында күкірт, парафин көп. Мұнайды өңдегенде күкіртті бөліп алады. Қазір Ақтау, Атырау жақта күкірттен үлкен тау пайда болды. Бұрын күкіртті әдейілеп алса, қазір бұл қосымша өнім. Оның зияны көп. Сол Ақтау, Атырау ауылдарында әр көшеден жылына бір адам асылып өледі екен. Қазір басшылар сол күкіртті не істерін білмей дал. Жалпы, күкірттің өзі реакцияға түсе қоймайтын элемент. Оның да амалын табуға болады. Әдетте 50 пайыз күкірт, 50 пайыз графит болса, осының құрамындағы күкірт металл сияқты тоқпен реакцияға түсе береді. Егер ток өткізетін композиция құрамындағы күкіртті сілтілі ортада катодты поляризациялайтын болсақ, натрий сульфиді түзіледі. Кейінгі қосылыс – түсті металдар рудасын флотация арқылы байыту кезінде қолданылатын ең қажетті флотореагенттердің бірі. Рес­публика жылына пәленбай мың тонна флотореагентті натрий сульфидін Қытайдан, Ресейден сатып алады. Ол елге жеткенше қасиетін жоғалтып алады. Бұл да бізде дайын еді. Бұл ғылыми жұмыс бойынша он шақты патент алдық. Кезінде АҚШ-тың қоғам қайраткері Хиллари Клинтон ең жақсы технологияға байқау жариялады. Ғылыми жаңалықтың қыр-сырын, сиқырын айтып, біз 20 мың доллар алғанымызға мәз болдық. Олар негізінде идея ұрлап алуға келген ғой. Себебі Америкадан алған патентіміз жоқ. Өндірістеріне енгізсе де ештеңе істей алмаймыз. Осы грант бүкіл Орта Азия бойынша 8 ғалымға берілді.

Тағы бір жұмысқа тоқталмасам болмас. Химияда заттар көп, реакция жүру керек, бірақ жүрмейді. Оңай тотықсыздану керек, бірақ тотықсызданбайды. Соның амалын таптым. «Қалауын тапсаң қар жанар» демекші, ақыры реакцияны жүргіздім. Ұстазым Евней Бөкетов: «Кітапта реакция жүрмейді делінген, сен шатас­тырып отырсың-ау» деп шыж-быж болады. Іле-шала дәлелдеп беріп ем, мәз болғаны есімде. Диссертациямды қорғайын деп жүргенде, ол кісі аяқ астынан қайтыс болды. Ленинградқа, ғалым Татьяна Наумовнаға барып, бәрін айтып беріп ем: «Сен әдемі түсіндіресің, бірақ сенбеймін» деді. Онда сізге үш айдан соң келіп, дәлелдеймін дедім. Кейін барсам, сол туралы дәріс өтіп жатыр екен. Мені көріп, қуанып кетті. Сөйтсем, менің шырылдап жүрген еңбегімді ескеріп, реакцияны тексеріп көріпті. Содан ғалым: «Бұл реакцияны әкем 50 жыл жүрмейді деген, мен 30 жыл солай деп келдім. Бұл жұмысың бізді таңқалдырды» дегені бар.

– Бір кездері көлік жарығын көзге түсірмейтін жоба жасап едіңіз ғой. Ол да аяқсыз қалды ма?

– 2003 жылы жол апатына түстім. Түнде көліктер алыс және жақынға түсіретін жарығын жағып жүреді. Кейбір жүргізушілер қарсы алдындағы көлікке алысқа түсіретін жарығын бақшитып өте шығады. Осының кесірінен бір түнде талай адам қайтыс болады екен. Ал соны көзге көрсетпейтін ғылыми жоба жасадым. Келе жатсаңыз, көліктің жарығы сізге жетпейді. Өшіп тұрған сияқты. Әуелі адамзаттың қамын ойлау керек қой. Міне, соны Астанаға барып көрсетейін десем, іссапарға ақша бөлінбейді.

– Бүгінде дамыған елдің бәрі күн сәулесінен ток алатын жағдайға жетті. Бұл мәселе бойынша не айтасыз?

– Күннен қаншама энергия алуға болады. Түркияда әр үйдің төбесінде күн сәулесінен ток алатын құрылғы бар. Біз жылы суды ток қосып аламыз. Фотоэффект деген күн сәулесінен ток алатын әдіс бар. Оның да кемістіктері көп әрі қымбат. Ал өзім электрохимиялық әдіспен жылудан тікелей ток алу әдісін таптым. Бұл физикадағы термобудан үш есе тиімді. Жылу тікелей токқа өтіп кетеді. Үш жыл қатарынан 6 млн теңге алып келдік. Ал Қытайда, Америкада энергияны жаңаландыруға триллион доллар бөлінсе, Қазақстанда жылына 80 млн доллар беріледі дейді. Демек, энергетика мәселесін шешуде жылудан ток алуды принципті түрде шешіп қойдық. Оны әрі қарай жүзеге асыру тағы да қаржыға тіреліп тұр.

Қазір Атырау, Шымкент, Павлодардың мұнай өңдеу зауыттарынан қалдық ретінде сасық су шығады. Үш жылдан бері оны тазалау әдісін енгіздік. Түйіршікті электродты пайдалану арқылы тазалап көрдік. Әлгі зауыттарда былтыр өндірістік сынақ өткіздік. Атырау 15 млн теңге ақша бөлді, ал Шымкент өндіріске енгіземіз деген еді, тым-тырыс. Мақтанғаным емес, біздің кішкентай зертхана үш-төрт институттың жұмысын атқарып отыр. Ал, айлығымыз түк емес. Негізгі айлығым – 83 мың теңге, докторлыққа қосымша 20 мың төлейді.

– Сіз ғылымға талантты, жас мамандардың ауадай қажеттігін айтып келесіз. Шын мәнінде, ғалымдардың орташа жасы – 65-те екен. Тіпті, «ғалымдар қартайып кетті» деген дабыл пікірді жиі естиміз. Ал жастар 20-30 мың жалақыға жұмыс істегісі келмейді. Қайтпек керек?

– Жастардың айлығы өте аз. Тіпті, кейбірі 12 мың теңге алады. Арасында өте білімді жас­тар бар. Басқа салаға кеткісі-ақ келеді. Ішің удай ашиды. Кетіп те жатқандары бар шығар, кім білсін?! Бірақ біз: «Бәрі жақсы болады. Еліміз ғылымға көңіл бөліп жатыр» деп жібергіміз келмейді. Ал негізінде ғалым қартаймайды, керісінше піседі. Біз бар білгенімізді жастарға үйреткіміз келеді. Кейбірі ғылым жолына адасып келеді, енді бірі осы саланың нағыз маманы болуға лайық. Кемшілігін бірден байқап, түзетіп отыруға тырысамын. Ғылымға жастарды тарту керек. Үкіметтің саясаты осыған қарсы сияқты. Ойлаңызшы, жоғары білімі бар адам ақымақ болмаса, 30 мың теңге беретін мекемеге жұмысқа орналаса ма? Әлде, 300 мың теңге беретін коммерциялық мекемеге ме? Кім келеді бізге? Әрі кетсе, 60 мың теңге алады. Ол тамақ ішпей ме, киім кимей ме? Отбасы құрып, бала асырамай ма? Ғылымға келетін жастардың дені өз білімі мен білігіне сенген қарапайым отбасының баласы. Оның ішінде жаңа технологияға байланысты жаңалық ашып, соны қорғап, дәлелдеп, жалақысы көп жерге ауысып жатқандары да баршылық. Ғылымды технологияға негіздеп жұмыс істеуге қабілетті қазіргі ғалымдардың жасы 60-70 аралығында. Ал жастар мен ақсақалдар арасында байланыс үзілген. Шәкірт деген ұстазының қасында жүруі керек. Миды басқа адамға құйып беруге болмайды, бірақ оны күнделікті әңгімелесу, сөйлесу, ақылдасу арқылы қалыптастыруға болады. Ғылымды ұстаз арқылы игеру оңай. Бәріне іштей қынжылам ғой. Бірақ қайдам, ғылыммен бір күн шұғылданбасам, өмір сүре алмайтын сияқтымын. Құдай өмірге қайта келтірсе де, осы жолды таңдар едім.

– Өзіңіз айтпақшы, «Нағыз ғалым балға, шегемен-ақ үлкен сарай салады» дейсіз ғой…

– Дәл солай. Қарапайым отбасында тәрбиеленіп, шетелде оқымасам да, ғылыми жаңалық ашуда алдыма қара салмадым. Кейінгі жастарға теориялық тұрғыдан түсінікті болу үшін 1300-дей ғылыми мақала жаздым. Оқу құралым да жеткілікті. Қазақ тілінде 20-дан астам кітабым жарық көрді. Әлі іске аспаған жобаларым көп. Мақсатым – энергияның арзан жолын алу. Адамзатқа ұмытпайтындай мұра қалдыру. Жердің тартылыс заңынан энергия алуға болады, тіпті, суды жағуға да болатынын таптым. Әр нәрсенің амалы бар. Энергияның көзін судан алсаңыз, су таусылмайды. Бұл кезде қайта су түзіледі. Міне, таңның атысынан күннің батысына дейін ойлайтыным ғылыми жобалар. Кезінде талай ұсыныс түсті. Бірақ ғылымнан кетпедім. Егер шетелге барсам, осы патенттеріммен-ақ шалқып өмір сүруге болады екен (күледі).

– «Бөкетов-Баешов» жұлдызы деген атқа лайық еңбектеріңіз де халық есінде. Қазір ұстазыңыз жайлы еңбек жазып жатыр екенсіз…

– Бөкетовтың шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Ол кісі мені баласындай жақсы көрді. Әкемдей қадірлі, білімді, білікті кісі болатын. Көзі тірісінде аспиранты – менің жобаларымды қуана қарсы алды. Фосфор шламының суспензиясын анод кеңістігінде өңдеу арқылы фосфат қосылыстарын және мыс, никель, кобальт фосфидтерін синтездеудің алғашқы электрохимиялық технологиясын ұсындық. Нәтижесінде элементті фосфор мен мыс иондарының әрекеттесу реакциясы негізінде фосфор шламындағы фосфордың мөлшерін анықтаудың жаңа әдісі табылды. Оған «Бөкетов-Баешов» әдісі деп айдар тағылды. Біздің анализ бойынша жүз әдіс жасауға болады екен. Бүгінде ұстазым хақында кітап жазып жатқаным рас. Ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынасы, сыйластығы, достығы, адалдығы, бәрі-бәрі осы еңбекте қамтылмақшы. Міне, 70 жасқа да аяқ бастым, бәріне үлгеруім керек. Ол кісінің жанында жүру, ақылын тыңдау көп қозғау салды. Маған «басқаша көзқараста қарайсың. Стандартты ойламайсың» деп тәнті болып өтті. Өзімнің орындауымдағы «Ұстазға» деген күйім Бөкетовке арналған.

– Сіздің өнерден де құралақан емес екеніңізді білеміз…

– Негізі ғалым адам жан-жақты ғой. Менделеевтің шұғылданбаған нәрсесі жоқ. Ломоносов өлең жазып қана қоймай, орыс грамматикасымен, физикамен, химиямен шұғылданған. Кішкентай кезімде еңбекке, техникаға, музыкаға әуес болдым. Радионы өзім жөндейтінмін. Өзім әуесқой композитормын. Музыкада баян, домбыра класында оқыдым. Досым Сүлеев, Сейдолла Бәйтереков үшеуміз баян класында бірге оқыдық. Гимнастиканы да жақсы меңгердім. 1996 жылы «Ясауи толғауы» атты күйлер жинағым жарық көрді. Оған «Ясауи толғауы», «Түркістан», «Тұран», «Репрессия», «Ұстаз», т.б. күйлерім енді. Ал «Гүл ару», «Өмірімнің жұлдызы», «Өмір – өлең», «Түркістан жастарының вальсі» өлеңдерім еліміздің оңтүстік өңірінде жиі айтылып жүр.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

 

Дереккөзі: turkystan.kz