Back

АlmaDom: үй жұмысына қажетті сапалы қызмет

Үйіңізде жарық өшіп қалды немесе жылу батареясынан су тамшылап кетті делік. Есігіңіздің құлпы бүлініп, сыртынан жабылып қалатын кездер де болады. Болмаса бұрғылауды, жөндеуді қажет ететін тағы да басқа ұсақ-түйек жұмыстар шығып қалады. Өзіңіз араласқанмен түк өнген жоқ. Не істейсіз?

Әрине, электриктің, сантехниктің немесе есікті бүлдірмей ашып беретін маманның көмегіне жүгінесіз.  Өкінішке орай, біз осы бір салаларға, анығырақ айтқанда, бизнестің түрлеріне әлі де кіре қойған жоқпыз. Электриктің, сантехниктің көпшілігі өзге ұлт өкілдері және осының арқасында жап-жақсы күн көріп отыр.

Шынымен, қазақ баласы неге осындай кәсіптерді меңгермейді? Әлде бұл біздің қолымыздан келмей ме?

20160402_152423

AlmaDom компаниясының басшысы Арман Айманбетов

«Неге келмейді? Келеді!» – дейді AlmaDom компаниясының басшысы Арман Айманбетов. Арман бастаған бір қазақ жігіті үйдегі электрикалық, сантехникалық және басқа да таусылып бітпейтін жұмыстарға көмек көрсететін компания ашыпты. Шынымен қуанып  қалдық.

– Қазақстанда табыс көзі шектеулі. Бір байқағаным, біз белгілі бір кәсіпті игеруге және соларды істеуге  келгенде әлі күнге дейін намыстанатын сияқтымыз. Негізінде, бұл – жалған намыс. Басы істейтін өзге ұлттардың өкілдері бәсекелестігі көп бизнестің түрлерінен әлдеқашан кетіп қалған. Біз көп жағдайда дүкен ашуды, болмаса саудаға қатысты істермей айналысуды жөн көреміз, – дейді бұл ретте Арман Айманбетов.

Олардың ойына осындай қызмет көрсететін компания ашу қалай келді? Арманның бұған да жауабы дайын.

– Айталық, қазіргі таңда қалталы адамдар үйлерін жинамайды. Ерінеді. Мұнымен айналысатын арнайы компаниялар бар. Бұл салада әзір бәсекелестік аз. Ал сұраныс көп. Соны байқағандар тез арада осындай қызмет көрсететін компанияларды ашып алып, қазір қыруар табысқа кенеліп жатыр.

Бизнес бастамай тұрып біз қазіргі уақытта адамдарға қызмет көрсетудің қай түріне сұранысы көп екенін зерттедік. Сөйтсек, жоғарыда айтқан үй жинау қызметінен бөлек, сантехникалық жұмыстарға деген сұраныс жоғары екен.

Үй жинау жұмыстары туралы айтқанда, қазір бұл кәсіпті қазақ жігіттері де біртіндеп игеруде.

Яғни, компания құрып, үй жинауға епті, пысық қыз-келіншектердің басын қосып, сапалы қызмет түрін көрсетуде. Бұл – бір жағынан бизнес ашқан азаматқа ғана емес, соның басы-қасына топтасқан жұмысшыларға әжептәуір табыс көзі. Білсем, қазіргі күні қалталы азаматтардың үйін жинап, тазалап беретін олар күніне 3-5 мың теңгенің айналасында табады, – дейді ол.

Арман бұл кәсіпті жалғыз бастамапты. Сантехникалық қызмет көрсететін компания ашу туралы ұсыныс өзінің жақын танысы әрі электр саласын жақсы білетін маман Талғат Бейісовке айтқан.

– Талғатпен танысқан кезде өзімнің сантехникалық қызмет көрсететін компания ашу туралы ұсынысымды айттым. «Сен электриксің, екеуміз бірігіп, сантехникалық және электриктің қызметін көрсететін компания ашайық. Бұған өзіңдей қолынан іс келетін азаматтарды топтастырайық», – дедім.

Білікті маман Талғат Бейісов Арманның бастамасын бірден қостай кетті.

«Қазір біздің өз электриктеріміз және сантехниктеріміз бар. Үй шаруасындағы ұсақ-түйек шаруалармен айналысатын басқа да мамандарды қанатымыздың астына топтастырдық», – дейді Арманның серіктесі.

 arm-ддддАрман Айманбетов:

«Біздің бағамыз арзан»

– Байқағанымыз, аталған нарықта электриктің, сантехниктің қызметі қымбат тұрады. Олар қызметінен бөлек  шақыртуына және жолына алады. Қазіргідей дағдарыс уақытында бұл халықтың қалтасына артық салмақ екені белгілі. Біздің қызметіміз дәл мұндай компаниялармен салыстырғанда адамның қалтасын қақпайды. Бірақ, арзан екен деп, сапасыз қызмет көрсетпейміз. Шыны керек, мұндай компаниялар да табылады. Біздің бағамыз арзан әрі қызмет көрсету сапамыз жоғары, – дейді Арман.

Компанияның тағы бір ерекшілігі өз сайты бар. Бұл сайтта компаниядағы электриктер мен сантехниктер туралы толыққанды мәлімет топтастырылған.

Бұл не үшін керек?

– Бірінші кезекте, тұрғындар өз қауіпсіздігі үшін алаңдамауға болады. Әйтпесе, қазіргі күні өзін «электрикпіз» немесе «газ жөндеушіміз» деп таныстырып, бүкіл бір үйді үптеп кететін қарақшылар да жоқ емес.

 Яғни, біздің компаниядағы мамандар ана қырдан, мына қырдан жиналған азаматтар емес. Кәсіби білімі бар, тәжірибелі азаматтар.

Айталық, сапасыз қызмет көрсеткен электрикті сіз қайтып таба алмауыңыз мүмкін. Себебі, оның телефонынан басқа кім екенін, қайда тұратынын мүлдем білмейсіз. Ал біздің жағдайда жасалған жұмысқа көңіліңіз толмаса, компанияға хабарласып, өз арыз-шағымыңызды білдіруіңізге болады. Яғни, біздің жұмыс жасау стиліміздің өзі заманауи. Тіпті мамандарымыздың өзіне арнайы униформа кигіземіз. Алатын адамдарымыздың барлығы жіті тексеруден өткен мамандар, – дейді  бұл ретте Арман Айманбетов.

Өз тарапымыздан айта кетелік, AlmaDom компаниясының сайтында мамандардың суреті, телефоны және басқа да дерегі топтастырылған. Яғни, сайтқа кірген тұрғындар өзінің көңіліне жаққан маманды осы арқылы таңдап, шақыра алады.

Ең бастысы, тұрғындар өзінің қандай маманды шақырғанын, оның түр келбеті қандай, жұмыс тәжірибесі қаншалықты екенін біліп отырады.  

Талғат Бейісов:

20160402_152502«Біз дөрекі емеспіз»

– Бізде қызмет сапасын жасалған, істелген өніммен ғана есептемейміз. Ашығын айту керек, көп жағдайда біздің қоғамда дөрекілік басым. Тіпті, үйіңе шақырған электриктің өзі саған әмірін жүргізіп, жұмысын апыл-ғұпыл істеп кетуге асығып тұрады. Біз мұндайға жол бермейміз. Біздің мамандар – сыпайы және мәдениетті.  Сантехниктеріміз бен электриктерімізге дөрекі болмауды, тұтынушыларға қызмет көрсетуде әрдайым мәдениет сақтауды қадап айтамыз.

Ең бастысы, біз жасаған жұмысымызға кепілдік береміз.