Back

Біз Саакашвилиді сыйдырар ма едік?

 

saakashvili_avakov_729x547 (1)Анығында бүгінгі қоғам, қазіргі билік дәл осы Саакашвили сияқты шенеуніктерге мұқтаж болуы керек еді. Жоқ, рас. Себебі, оның еті тірі. Жалпы, тірі адам. Бізге биліктің мінберінде айтысып-тартысып жататын, саяси сахнадағы кез-келген оппонентімен ашық пікірталасқа түсе алатын, керек десеңіз, оның әлсіз жерін бетіне басып, жіберген қателіктерін жіпке тізуге қорықпайтын дәл осы Саакашвили сияқты шенеуніктер қажет.

Ал біздің шенеуніктер қандай? Олардың қарапайым халықтан алыстығы сондай, біз оларды күнделікті өмірде көрмейміз де. Олар кәстөм-шалбарын өмірі шешпейтін сияқты. Қатып қалған қасаң ұстаным. Халықпен қатынаста да олар дәл осы кәстөм-шалбарын шешпей сөйлеседі. Халықтан биік тұрғысы келеді, осы арқылы. Өзінің де адам екенін, өзінің де кем-кетігі барын көрсетіп қоюдан, білдіріп қалудан өлердей қорқады.

Байқар болсаңыз, біздің шенеуніктердің халықпен арадағы байланысында да коммунистік идеологиядан қалған сол бір өктемдік, анығырақ айтсақ, əміршілдік бар. Өзін сауатты, ақылды етіп көрсетуге тырысу…

Əлдебір оқыс жағдай орын алса, жұртпен жүздесуге мəжбүр болатын əкім-қара дүйім елдің алдында кішірейгісі келмейді. Керісінше өзінше ұрсып-сөгіп, ақыл-кеңес айтқансып сөйлейді. 

1444982662_photo_157337 (1)Бұл әлгі әкім-қараға, шенеунікке қайдан жұққан және қашан жойылады? Ешқашан…

Ал Саакашвили ше? Оны иттің етінен жек көретін бір топ бар. Олар – ресейшілдер. Өте ықпалды, өте қауіпті әрі өте кекшіл топ. Ресейшілдердің оны неге жек көретіні белгілі. Ол антиресейшіл, өйткені. Әлемдік баспасөздің пікірінше, шынтуайында Путиннің №1 жауы – АҚШ-та, Батыс та емес, дәл осы – Саакашвили екен.

Оның Кремльге қатысты айтқан кейбір болжамдары дәл келді. 2013 жылдың қыркүйегінде Саакашвили Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде: «Өзін әлі де болса империя санайтын Кремль бір кезгі шашыратып алған шекарасын қайта қалпына келтіруге тырбанып жатыр», – деді ол.

Өкініштісі, ол кезде оның сөзін ешкім естіген де, елеген де жоқ. Екі жыл өтті. Екі жылдан кейін Батыс лидерлері сол жолғы Саакашвили сөзінің шындыққа айналғанын ұқты.

Ол: «Путин туралы  тіпті ойламауға тырысам» деген бір жолы. «Бұл кісінің атын естісем, жүрегім лоқсиды» деген де осы Саакашвили.

Міне, сөй деген Саакашвили әрі ресейшіл, әрі орыстілді Қазақстанға келуі мүмкін бе? Айталық, билік оған бір орын ұсынар ма еді? Жоқ, әрине.

«Келгім келеді» деген күннің өзінде ат-тонымызды ала қашар едік. Құдай біледі, келген күннің өзінде біз оны сыйдырмас едік. Тіпті, Қазақстаннан тірі қайтуы күмәнді болар еді…

Әйтпесе, көзқарасы мен ұстанымы жағынан Саакашвилиге ұқсайтын, турасын айтқанда қоғамның санасы мен жүйені өзгертуге талпынған саяси тұлғалар бізде де болды емес пе?! Бірақ, солар қазір қайда? Халық біледі… 

Билік оған бір орын ұсынар ма еді? Байқасақ, біздің бұлай ойлауымыздың өзі утопия екен. Шынымен, мүлде қисынға келмейді.

Бірінші себебі:  Одесса губернаторының қызметіне кіріскелі бері ол «бекер отыратын» 600 қызметкердің жартысын жұмысынан қуыпты. «Аға», «көкелерінің» қабағына қарамаған. Оның орнына белсенділер мен еріктілерді отырғызған. Қазақстанда оған бұлай жасауға кім «рұқсат» береді?

Екіншісі: Саакашвилидің атын естісе, кірпідей жиырыла қалатын Кремль бұған жол береді дегенге тағы сенбейміз. Өзіңіз ойлаңызшы, Ресейдің айтқанынан шықпайтын Қазақстан Путиннің №1 жауына биліктен бір орын ұсынуы мүмкін бе? Жоқ, әрине.    
Анығында, Украинаның саяси элитасы да Саакашвилиге әрең шыдап жүр.

Мұны өзі де айтқан: «Украинада майдан болғанмен бұрынғы саяси элита сол орнында қалыпты. Саяси элитаның сапын өзгертпеген төңкеріс қоғамды өзгертіпті. Мені нақ осы қоғам, халық қолдап отыр. Әйтпесе, баяғыда-ақ тырқыратып қуып шығар еді. Грузия  президенті болғанда елді қолынан сүйреп ілгері жүруге итермелейтін едім. Мұнда керісінше, билік халықтың соңынан ілесіп барады», – дейді ол.

Украинамен салыстырғанда біз мүлде бөлек әлембіз.

Іштей біз өзімізді Орта Азиядағы, қазіргі түсінікпен алып қарағанда, əлі де болса «орта ғасырда» өмір сүретін кейбір мемлекеттерден артық қоямыз.  Анығы, артық ештеңеміз жоқ.

Думан БЫҚАЙ