Back

Наурыз – Қазақтікі ме, Шахановтікі ме?

Қазақстанның Наурыз мерекесін тойлап келе жатқанына 30 жылға таяп қалды. Жалпы, бұл мерекені ауыл, аймақтар ертеден тойлап келді. Тек Кеңес заманында ірі қалалар мен аудан орталықтарында Наурыз тойланған жоқ. Ал тәуелсіздік алғалы бері төл мерекеміз мемлекеттік деңгейде қайта тойлана бастады. Осы ретте 25-30 жылға таяу уақытта Наурыз мерекесін тойлаудың жөн-жосығын қалыптастырдық па деген заңды сұрақ туындайды.

 

Қыдыр ата мен Аяз ата таласады

kalamendala011Шыны керек, біздер әлі күнге дейін Наурыздың мерекелік сипатын айқындай алмадық. Кез келген мереке халықты ортақ игілікке бастауы тиіс. Ал біз болсақ, көже ішіп, аяқ босатудан әріге асқан емеспіз.

Иә, Наурыз көже – мерекенің ажырамас бөлшегі. Анау бір жылдары Қыдыр атаны түйеге мінгізіп, нөпір халықтың арасына енгізіп жібердік. Қыдыр ата мен Наурыз үйлеседі. Бірақ мерекеде Қыдыр атаның миссиясы айқындалмағандықтан, соңғы уақыттары түйеге мінген Қыдыр атаны көрмейтін болдық.

Бүгінде өздерін салт-дәстүрдің жілігін шағып, майын ішкен этнограф санайтын ақын-жазушы, тарихшылар Наурыз бен Жаңа жылды бір-біріне қарсы қоюға құмар. Бұл дерттің асқынғаны сонша алдағы уақытта алаңда – Қыдыр ата мен Аяз ата бір-бірімен төбелесіп жатса, таңғалмайтын болдық.

Біз он жерден ұлтшыл болсақ та, Жаңа жылды Наурыз мерекесінен артық тойлаймыз. Неге? Өйткені бұл мерекені тойлаудың өзіндік жөн-жосығы қалыптасқан.

Қалалық жерлерде алаңдарға киіз үй тігіліп, концерт қойылып жергілікті билік орындары Наурыз мерекесін қарсы алып жатады. Ал саудагерлер Наурыз көже, кәуап пен сусындарын қымбатқа саудалап, қалтасын қалыңдатады. Болған-біткені осы.

Алаңдарда тігілген киіз үйлерге әкім-қаралар бас сұғып, көже ішіп, ет жеп болғаннан кейін әр мекеме тіккен киіз үйлерін жыға бастайтыны да жасырын емес. Мұндайда мереке әкім-қаралар үшін ұйымдастырылған ба деп қаласың. Айтпақшы, мереке соңында алаңдағы қоқыстан аяқ алып жүре алмай қалатын кезіміз де әдетке айналып барады.

 

Көшеге қоқыс тастауды қойғанда ғана ел боламыз

kalamendala012Наурыз – тазалық пен жаңарудың нышаны. Дәл осы күні жалпы жұрт болып көшені тазалап, тал егіп, ағаштың түбін әктеп, мерекені айналамызды тазартудан бастасақ, қандай жақсы болар еді. Осы бір әрекетіміз арқылы жастарды еңбекке, ортақ мақсатқа үндейтін едік қой.

Әрине, Наурыз кезінде ешкім қолына сыпыртқысын алып көше сыпырып кетпейді. Мұны билік орындары бірінші кезекте өздері қолға алуы тиіс. Қажет болса, бұл іске зиялы қауымдарды тартып, халықтың ынта-ықыласын оятқан абзал.

Айналамызды таза ұстау – бұл ел болып ортақ мақсатқа ұйысудың кішкентай ғана көрінісі. Егер біздер осындай қарапайым іс-әрекеттерді өмірлік дағдымызға айналдырсақ, қоғамда орын алған  мәселелерге бей-жай қарамайтын көңілі ояу, сергек халыққа айналар едік.

Бүгінде бәріміз есік алдын сыпырып, қоқысын көшеге тастауға құмармыз. Алыс ауылдағы жағдайды айтпаған күннің өзінде Алматыда жер үйде тұратын халық қыста есік алдындағы қарын күреп, көшенің ортасына лақтырады. Қар мәшине табанымен тапталып, еріп кетеді деп ойлаймыз. Шындығында көшенің қақ ортасына күреп тастаған қарымыз көлік табанымен тапталып, көк тайғақ мұзға айналып, өмірімізге қауіп төндіретінін ескермейміз.

Ал көше тазалайтын қызметкерлер де жолдың жиегінде жатқан қарды көшенің ортасына лақтырып, қарды тасуды қиынсынады. Қарды аулаққа тасып тастау үшін қала билігі қаржы бөледі. Бірақ коммуналдық мекемелер болса қаржы үнемдеп, жол жиегіндегі қарды мәшиненің табанының астына тастағанды жөн санайды.

 

Арықты қазу мен тазалау қиын ба?

Қазір қалалы жерде қарды арықтарға үйіп тастау да үйреншікті жағдайға айналған. Ал қар ерігенде арықтар бітеліп, айналаны топан су басады. «Ауыз ас ішерде, көтен т… керек» дегендей, бізге арық тек көктемде ғана керек. Ал қалған уақытта арықпен ісіміз болмайды.

Ақыр айттық қой, мына бір мәселені де айта кетейік. Қазір қалалардың маңында жаңа елді мекендер бой көтеріп, үйлер көптеп салынып жатыр. Сол елді мекендерде арық дегеніңіз атымен жоқ. Жауған қар ерісе, көше көл-дария болады.

«Өзіме болсын» деген принципті мықтап ұстанған жұрт арық жатуы тиіс жердің бәрін жергілікті сәулет мекемесінің мамандарына беретінін беріп, қарыс сүйем жердің бәрін қоршап, заңдастырып алған. Реті келсе көшені де қоршап, заңдастырып алудан тайынбаймыз. Ал заң нормаларын сақтайды деген жергілікті сәулет мекемелеріне ақшаның шетін көрсетсең, бәрін заңдастырып беруге даяр.

Енді не істеуіміз керек? Екі мәшине қатар келсе, үлкен дау болатын мұндай көшелерде арық қазатын орын мүлде жоқ. Бұл мәселені жергілікті сәулет мекемелері шешіп бермесі анық. Бұдан жапа шегетін сол көшенің тұрғындары.

Әркім қоршауын бір метр кері тартып, үйінің тұсынан 10-15 метр арық қазса, бар мәселе шешілер еді. Оған біздің халықтың ерік-жігері жете ме?

Бірақ мұндай қадамға ешкім барғысы келмейді. Қайта ебін тауып, бір қарыс жерді бауырымызға басып қалуға тырысамыз. Бұдан кейін қайтіп ел боламыз? Наурыз мерекесі бізге арықты тазалауға, арық қазуға үндейтін мереке болса, қандай жақсы болар еді.

Жаңадан бой көтерген елді мекендердің кейбір көшелеріне жергілікті билік орындары асфальт төсеп берді. Бірақ арық болмағаннан кейін жолды жөндеуде не мағына бар?

Қар мен жаңбырдың суы ағатын арық болмаған соң, көшеде көлкіп, бір жылда асфальтталған жолдың астына сіңіп, талқанын шығармай ма? Осының бәрін біле тұра, арықты қазудан, тазалаудан неге қашатынымызды түсінбей-ақ қойдым.

Егер біз ел болуды ойласақ, арық пен тоғандарымызды таза ұстауымыз керек. Наурыз мерекесі тұрмысымызды түзеуге ықпал ететін осындай игілікті істерге жұрт болып жұмылдыруы тиіс. Өкінішке орай, киіз үй тігіп, әкім-қараларға көже ұсынып, табақ-табақ ет тарту – Наурыздың басты нышанына айналып бара жатқаны жанымызға батады.

 

Әкімдер үшін Наурыз «бытовой» іс

kalamendala014Жоғарыда тізбектеп айтқан дүниеміз әкім-қаралар үшін қатардағы тұрмыстық іс болуы мүмкін. Бүгінде әкімдер мұндай «бытовой» істермен басын ауыртқысы келмейді. Олар үшін тендр ұйымдастыру, жеке бизнесінің күйін күйттеуден маңызды іс жоқ.

Көктем шыққанда әкімдер арық тазалауды емес, мектеп түлектерінің тесттен жақсы нәтиже көрсетіп, «бес» деген баға алуын қадағалайды. Иә, мектеп бітіруші түлектердің тесттен жоғары нәтиже көрсетуі маңызды мәселе. Бірақ бұған әкімнің қаншалықты қатысы бар? Бұл – педагогтардың мәселесі емес пе?

Шыны керек, қазір аудан әкімдерінің тиімді жұмыс істеп жатқанын осы тест нәтижесі айқындайтын болды. Қазір аудан-аудандар тест бойынша жарысатын дәрежеге жеткен. Жарыс болған соң, аудан әкімінің аппараты тұтас амал-тәсілді ұйымдастыратыны белгілі. Тест басталғанда қып-қызыл сауда жүретінін бәріміз білеміз. Оның басында комиссияны басқарып әкімнің орынбасары жүреді.

Сондықтан мұндай мемлекеттік маңызы зор «іспен» бас ауыртып жүрген әкімге Наурызды тұрмысымызды түзеуге ыңғайластырып тойлайық деп ұсыныс айтып, сөзіңді босқа шығындаудың түк те қажеті жоқ.

 

Шахановты шаптан түрту әдетке айналып барады

шахановЕнді кімге барып шағынамыз? Зиялы қауымға ма? Наурыз мерекесін зиялылар арасында Мұхтар Шаханов жекешелендіріп алған. Ұсынысыңды айтсаң, ағай күректей қолымен алдындағы үстелді бір салып қалып, «Әй бала, Наурызды ең алғаш тойлауды мен бастадым» деп бір бітпес даудың шетін шығарғанда, әрең қашып құтыласың. Болмаса «Наурыз Шахановтікі» деп бірден илікпесең, біткенің. Қазір басқа зиялылар Наурыз жайында әңгіме айтудан Шахановтан қорқатын болған.

Иә, Шаханов бастамасымен Наурызды тәуелсіздік жылдары қайта тойлай бастадық. Бұған қарсы айтар дауым жоқ. Бірақ ұлттың сөзін сөйлейді деген дардай адамның қайта-қайта бұл мәселені айта беруінің не қажеті бар? Бұл не, жүйкенің жұқарғаны ма?

Жоқ жерден сенсация іздейтін телеарна журналистері де Наурыз қарсаңында бұл дауға май құйып, жандандыра түседі. «Желтоқсан», «Шыңғыс хан», «Тіл», «Шындығын жоғалтқандар» деп әбден жүйкесі жұқарған ағамыздың шабынан түртіп, «Наурызды бәленше деген кісі бәлен облыстың түген деген ауданындағы бір шағын елді мекенінде ең алғаш рет біз тойлағанбыз дейді» деп кезекті даудың шоғын үрлей түседі.

Кезінде Кеңес өкіметінің құрығы жетпеген (мұндай ауылдар көп қой) бәлен деген ауданның отыз-қырық шақты түтіні бар түген деген ауылының тұрғындары бір қазан көже жасап, Наурызды баяғыдан тойласа тойлаған шығар. Соны мәселе етіп көтеріп, тыныш жатқан арыстанды оятудың не қажеті бар? Бұдан кейін Мұхаң Наурыздан бастап, Желтоқсандағы ерлігін тізбелеп, Шыңғыс ханды шықпыртып барып бір-ақ тоқтайды.

Желтоқсан мен Қазақ тілінің мәселесін көтеруде Шахановтай еңбек сіңірген зиялы жоқ. Бірақ бұл тақырыпқа осыншама берілуге бола ма? Мұхаң қайта Наурызды тойлаудың қарапайым тұрмыстық деңгейдегі ереже-дағдысын дайындап, халыққа таратпай ма?

Халықтың есіне Наурызды ең алғаш кімнің бастамасымен тойлағанымызды салып отырудың не қажеті бар? Халық Шахановты онсыз да біледі. Тест сұрақтарында «Наурыз елімізде ең алғаш кімнің бастамасымен тойлана бастады?» деген сұрақ бар. Анық жауабы астында жазулы тұр.

Тағы айта кететін мәселе. Біздің телеарна журналистері жыл сайын Наурыз мерекесі жайында хабар жасап, көжені қалай жасаудың тәсілін үйретуге құмар. Бұдан басқа тақырып жоқ па? Құдайға шүкір, қазір бірінші сыныптың баласы наурыз көжені қалай жасауды жақсы біледі. Наурыз мерекесі қарсаңында телеарнаға қарасаң, мерекені алғаш рет тойлап жатқандай әсерге қаласың.

Өз басым Наурыз мерекесі қарсаңында әнші-әртістердің телеарнада көлбеңдеп көже жасағанынан мезі болдым. Наурыз мерекесі тұрмысымызды түзеп, игілікке бастайтын мереке екенін, яғни осы тақырып аясында талай дүние көрсетуге болады ғой.

Нұрлан ЖҰМАХАН