Back

Болатхан Тайжанның туғанына 75 жыл

Биыл ұлт жанашыры, кәсіби дипломат, елші, экономист, мемлекет және қоғам  қайраткері – Болатхан Құлжанұлы Тайжанның туғанына 75 жыл толады. Қоғам қайраткерінің 75 жылдық мерейтойына орай «Болатхан Тайжан атындағы қор» бірнеше мерейтойлық іс-шара өткізбекші.

10981424_987049658046532_3142187533591254890_nЖоспарға сәйкес өткен жексенбіде –  21 ақпан күні Болатхан Тайжанның 75 жылдығына арналған теннистен қалалық жарыс өтті. «Горький теннис парк» клубында өткен жарысқа Алматы қаласынан және өзге де аймақтардан келген ең үздік 47 спортшы қатысып, жарыс соңында жеңімпаздар турнир Кубогы және әр орынға сай 50-30-20 мың теңгеден қаржылай сыйлық алды. Финалға шыққандар мен жүлдегерлерге мақтау қағазынан тыс «Болатхан Тайжан атындағы қор» басып шығарған кітаптар үлестірілді. Сонымен бірге бұл жарыстың қорытындысы бойынша ең үздік теннисшілердің ресми рейтингі жасалды. Жарысты Асқар Бекбаев пен Мұхтар Тайжан ұйымдастырып, Марат Баймұхаметов бас төреші болды.

Жарыс алдында сөз алған Болатхан Тайжанның жары Айсұлу Тайжан бокс пен теннис – Болатхан Тайжанның ең сүйікті спорт түрлерінің бірі болғанын айта келіп, спортшыларға жақсы өнер көрсетуіне тілектестігін білдірді. Ал «Болатхан Тайжан атындағы қордың» президенті, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан бұл жарыс тек өз әкесіне ғана арналмағанын, бүкіл әкелерге арналып отырғанын ескерте кетті. Сонымен бірге қоғам қайраткерлері мен ұлт жанашырларының еске алу шараларын дөңгелек үстел деңгейінде ғана емес, халықтың көңілі мен рухын көтеретін спорттық шараларды өткізу, оларды дәріптеу мен насихаттаудың анағұрлым әсерлі екенін айтып өтті. Сондықтан да, ұлт жанашырының 75 жылдығын өткізерде халықты белсенді өмірге жетелейтін шаралар ұйымдастырдық деді.

390600_144824612287359_1289757839_nМұхтар Тайжан бұған дейін Болатхан Тайжанның 75 жылдығына арнап өткізілетін іс-шаралар туралы өзінің фейсбуктағы парақшасында жазған болатын. Алдағы уақытта болатын сол іс-шараларды тағы бір назарларыңызға салып кеткенді жөн көрдік.

  1. 28.02.2016 жыл, жексенбі, сағат 9.00 – Болатхан Тайжанға арналған Алматы қалалық шахматтан әуесқой жарыс. Өтетін орны: «Дебют» шахмат клубы.
  2. 04.03.2016 жыл, жұма, сағат 11.00 –Болатхан Тайжанға арналған үлкен дөңгелек үстел өтпек. Өтетін орны: Ұлттық кітапхана.
  3. 08.03.2016 жыл – Болатхан Тайжан және Мұхтар Тайжан туралы «Әке жолы» аталатын жаңа деректі фильмнің тұсаукесері.

Болатхан Тайжанның 75 жылдық мерейтойын өткізу – тек ұлы Мұхтар Тайжанның ғана мойнындағы жұмыс емес. Тіршілігінде халқына, мемлекетіне адал қызмет атқарып, халықтың сүйіктісі болған ұлт жанашыры мерейтойының өз деңгейінде өтуіне атсалысу бәріміздің де азаматтық борышымыз болып саналатынын ұмытпайық.

Естеріңізге сала кетсем, осы аптада шахматтан өтетін жарысқа қатысу үшін тіркеу жалғасып жатыр. Алматы қаласы, 291-64-11 телефон нөмеріне қоңырау шалып, тіркеле аласыздар. Жарыс Швейцария 15-минуттық әдіспен өтеді. Жеңімпаздар: 1-ші орын – 50 мың теңге, 2-ші орын – 30 мың теңге, 3-ші орын – 20 мың теңгемен және кітаптармен марапатталады. Барлықтарыңызды жексенбі күні Ш.Уәлиханов көшесінің қиылысындағы Қабанбай батыр көшесі, 71-үйде орналасқан «Дебют» шахмат клубында күтеміз.

Тұрдыбек Құрметхан