Back

Жан Ахмадиев: «Отандық телеарналар бізді оппозиция санайды»

 

Атышулы қазақ рэпері өзін заманауи жырау деп таныстыратын Жан Ахмадиев «Қала мен Дала» газетіне сұхбат берді.

 IMG-20160216-WA0020– Ғаламторда  сізге қатысты даулы видео жарияланыпты. Бұған қатысты не дейсіз?

– Рэперлікпен айналысқалы артыма өте ықпалды адам шырақ алып түскен сияқты. Көреалмайтындардан бұрын, менің әндерімдегі өткірлікті көтере алмайтындар көп. Бұл видео – соның дәлелі. Бірақ, тез өшіріліп тасталды.

Демек, бұл тапсырыспен жасалған деген сөз.

Бастысы, маған деген халықтың көзқарасы өзгерген жоқ. Керісінше, аталған видеоның қаралау мақсатында жасалғанын көзіқарақты қауым бірден аңғарды.

Мұндағы айтылған дүниелердің барлығы жалған. Бәрінен бұрын әлі күнге дейін менің әке-шешемнің суреттерін қайдан тауып алғанына таңғалып жүрмін. Себебі, ешбір жерде жарияламағам. Соған қарағанда, тапсырыс берушілер бұл видеоны жасауда тыңғылықты дайындалған сияқты.

– Сіз өзіңізді заманауи жырау деп атайсыз. Неге?

– Менің әндерімнің әлеуметтік жүгі бар деп санаймын. Мысалға, махаббат туралы әндер менің стиліме, былайша айтқанда позицияма келмейді.

 Егер өз стилімізді ауыстырып, «сүйдім, күйдім» деген әндерді айтып кететін болсақ, халық бізді дұрыс түсінбей қалатын сияқты. Бұған көзіміз жетті. Абай Бегеймен бірігіп «Күт мені» деп аталатын ән жаздырғанбыз. Халық қабылдаған жоқ. Тыңдармандарым: «Бізге осы стилің және осы бағытың ұнайды», – деген пікір білдірді.

– Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Наурыз  айында «Қазақпыз ғой» әнінің бесінші бөлімін таныстырамыз. Бұл жолы әннің де, бейнебаянның да ауқымы кең болады. Оның қайырмасын айтуға Төреғали Төреәлі мен Бейбіт Қорған ниет білдіріп отыр.  

– Бұл ән де алғашқыларына ұқсас қой?

– Әрине. Сонымен қатар, негізгі мамандығым журналист болғандықтан өзімнің жеке интернет-телеарнамды ашуды жоспарлап отырмын.

IMG-20160216-WA0023– Әндеріңіздің сөзін өзіңіз жазасыз ба?

 –Иә, өзім жазамын. «Өзім жазамын» дегенді көпшілік түсінбейді. Өткенде ғана Асхат Тарғынов деген әншімен бір бағдарламада осы мәселеге қатысты ұзақ айтыстық. «Сенің әндеріңнің сөзі дұрыс емес» дейді.

Мен болсам: «Асхат мырза, алдымен өзіңіздің «Чип-чипіңізді» түзеп алғаныңыз жөн ғой», – деп жауап бердім. Жалпы бұл өнерде өз сөзіңді өзің жазбасаң сен рэпер саналмайсың, түсінесіз бе?

Біз қазақ рэпін қабылдайтын жағдайға жеттік пе?

– Иә, сыншыл халықпыз. Қандай да бір дүниені өткізу өте ауыр. Бірақ, біздің рэптің өзі қазақи.

Қазақша рэп дегенде біз мұның атауын ғана алып отырмын. Айталық, АҚШ-тағы рэптің мәні де мазмұны да қабылдауға ауыр. Біздер үшін. Олардың арасында түрмені, нашаны насихаттайтын, жастарды жаман жолға итермелейтін әндер өте көп. Бір қызығы, бізде де сондай рэперлер болды. Тіпті, айтуға ауыз бармайтын ұятсыз клип түсірген рэперсымақтарды көрдік. Алайда олардың бірде-бірі тиісті деңгейде танылған жоқ.

Себебі, қазақы рэптің қандай болатынын, бір елдің дүниесін бір елге сол қалпында көшіріп әкелуге болмайтынын түсінбеді.

Біз рэпті басқа жағынан алып келдік. Сондықтан да мен өзімді рэпер емес, заманауи жырау ретінде таныстыруды сұраймын.

Иә, бізді де сынайды. Бірақ, тыңдайтын қауым бар. Керек десеңіз, кейбір жиын-шараларда елу-алпыстағы ағаларымыздың өзі: «Әй бала, әлгі «Қазақпыз ғой» деген әніңді орындашы», – деп өтінеді.

 –  Сіздерді тойға шақыра ма? Қалай болған күнде қазіргі қазақ шоу-бизнесінде әншілердің тек той арқылы күн көретіні белгілі ғой?

– Рэп айтып та күн көруге болады. Бастысы өнеріңді бағалай білетіндер болуы керек. Жақында ғана Қытайдағы қандастарымыздың шақыруымен Үрімші қаласында болып келдік.

Иә, тойға шақырулар түсіп тұрады. Бірақ, көп аялдамаймыз. Кейбіреулерге ұқсап елмен бірге ішіп, жұртпен бірге жасап қадірімізді кетіргіміз келмейді. Көбінесе, «Қазақпыз ғой» әнін орындаймыз. Сонымен қатар жақында «Жырау продакшн» атты өзіміздің жеке ұйым құрылады. Бұл жерге рэп айтатын қабілеті бар жастарды топтастырмақпыз.

– Қытайдағы қандастарымыз қалай қарсы алды?

– Ол жақта рэп мәдениеті ерекше дамыған екен. Ел біздегідей отырып алмайды, түрегеп тұрады. Әнші әншімен бірге қосылып айтады. Көрермен «тірі». Белсенді. Бізде қалай? Кейде «Мәдениет үйлерінде» концерт береміз. Бірақ, концерт бергенің сезілмейді, керісінше, өзіңді комиссияның алдында тұрғандай сезінесің.

IMG-20160216-WA0030– Бүгінгі өмірде өткір сөйлеу үшін де тәуекел керек. Кейбіреулер Жан Ахмадиевке бұлай айтқызып отырған ықпалды топтар бар дейді…

– Айтса, айта берсін. Мынаны түсініңіздер, менің әндерім жастарға бағытталған. Бүгінгі қоғамдағы кемшіліктерді көрсете отырып, оларды осындай жолға түспеуге үндеймін. Жастарға қоғамдағы қаны сорғалап тұрған мәселелерді осындай жолмен түсіндірсек жақсы жетеді. Бұл да оларды тәрбиелеудің бір әдісі.

Ал артында ықпалды топтар бар деген әңгімелер тіптен қисынсыз. Бірақ, ондайлардың аузына қақпақ қоя алмайсың, олардың сөзіне мән берер болсам, шығармашылығым тоқырап қалады. Бастысы бүгінгі бағытымнан адаспай жұмыс жасауым керек.

– Сізді телеарнадан сирек көреміз, неге?

– Себебі, шақырмайды. Қорқады. Қорыққан себепті, шығара алмайды. Естуімше, бізді оппозиция деп санайды екен… Музыкалық телеарналар бізді маңына жуытпайды. Тағы да, бұған біздің шығармашылық бағытымыз себеп.

Жақында ғана Нұрлан Қоянбаевтың «Түнгі студия» бағдарламасына қонақ ретінде шақырту алғанбыз. Бірақ, Астанаға барған кезде бізді есіктен кері қайтарды.

Бірақ, телеарнаға шығу соншалықты маңызды мақсат емес. Қазір ғаламтор дәуірі. Бір ғана Youtube желісінен біздің бейнеклиптерімізді 3 миллионнан аса адам тамашалаған екен.

– Қазіргі қоғамға қандай баға бересіз?

Жақсылар азайып, жағымпаздар көбейіп барады. Бар айтарым осы.

 

Әңгімелескен, Аль ФРЕДО