Cоңғы жаңалықтар
Back

Әншілер үшін тойдан басқа табыс көзі жоқ па?

«Той – халықтың қазынасы», «Жиғаның тойға шашылсын». Не деген таптаурын сөз. Әрине, той тойлаған жақсы. Бірақ оның өзі әлеуметтік жағдайымызға сай өтсе үндемес едік.

Ал қазір ше? Қазақтың тойы шектен шығып кетті. Аста-төк ысырап, дарақылық, қыл аяғы стриптиз…

 

Той қазақты нендей күйге түсірді?

Той01Көргіңіз келсе, youtube-ке кіріңіз. 30-40 жас шамасы арасындағы ер-азаматтар араққа тойып, елдің алдында бұтын шешіп, дамбалмен билегенін көресіз. Жоқ, рас.  Егер осы қарқынмен жалғастырсақ, бұл дүние дәстүрге айналады. Тағы да, рас. Бұл не сонда? Бұл – тойдың азғындағаны. Әлде адамның ба?…

Жұрттың дамбалын шешуге итермелеп отырған кім сонда? Білесіз, біз де білеміз.  «Тупой» тамадалар (олардың болмысын орыстың осы сөзі дәл сипаттайды). Қазаққа жат (жалпы адамзатқа жат деп қабылдасаңыз болады) әдепсіз, анайы ойындар ойнатып, жұрттың абыройын айрандай төгу «тупой» тамадалардың үйреншікті жұмысы.

Тамадалар ойын бастағанда ащы суға тойып алған еркектер өздерінің жұптарын (оның арасында әйелі, қарындасы, келіні де кездеседі) ортаға сүйреп шығып, тамаданың нұсқауымен көргенсіздеу ойынды бастайды. Мұндай ойындардың соңы кейде дау-жанжал, жаға-жыртысуға ұласады.

Таяуда ғаламторға араққа сылқия тойып алып, тойда қисалаңдап билеп жүрген 14-15 жасар баланың «биін» тамашаладық. Сенсация қуған телеарналар маңызды жаңалықтарды тоқтата тұрып, осы тақырыпқа арнайы сюжет жасапты. Байқайсыз ба, қазір тойдың есте қаларлықтай болып өтуі үшін осындай төтенше оқиғалардың орын алып тұруы әдетке айналғандай…

Шындығында, мектеп жасындағы балалардың ішімдік ішіп, жаман әдетке үйір болуына – қыздарымыздың жеңіл жүріске бой алдырып, шылым шегуіне осы той өлшеусіз үлес қосып жатқан сияқты.

Қазір мектеп жасындағы жасөспірімдер әр тойға жеке-жеке киім алып, жасанып баруды әдетке айналдырған. Оларды киіндіріп, қатарынан қалдырмау үшін ата-ана қорасындағы қойын сатып, тойға киетін киім алуға мәжбүр. Бойжетіп қалған қыздарымыз тойға жаңа киім алмаса өлуге бар.

Той бізді іштен ірітіп жатыр…

Тойханадан көз талды

ТойдаАнығында, қазіргі Қазақстанның жағдайында орынсыз той тойлап, жөнсіз несие алып, шала бүлініп, шалшыққа түсудің қажеті жоқ. Күні-түні той тойлаған қауымның еңбекпен ісі болмайды, себебі. Бұл дабыл қағатындай мәселеге айналады, көр де тұрыңыз.

Қазір қай ауылға барсаңыз алдыңыздан әдемі тойхана шығады. Айналасында төрт-бес дүкені бар. Ауылдың жасын да, кәрісін де осы жерден табасың. Қас қарайғанда бұл жер тіпті қызады.

Білесіз бе, шағын және орта бизнеске берілетін мемлекеттің несиелері қызмет көрсету саласына берілмейді. Мұндай несиені тек шағын өндірісті қолға алған кәсіпкерлер ғана алады. Бір жағынан дұрыс. Бізде не көп? Тойхана, кафе, дүкен… Бірақ, көп болса да қоймайды. Қойдыру үшін тойхана салуға ниеттенген кәсіпкерлерге жер телімін беруді доғару керек. Жұртты қарызға батыратын тойханалардан ұлтқа, мемлекетке келетін пайда – нөл!

Ал жұмыс істеп тұрған тойханаларға салынатын салықтың көлемін арттырған абзал. Қажет болса акциздік салық салып, олардың жұмысын бақылауға алған жөн.

Мемлекет акциздік салықты өндірілуі оңай, халықтың денсаулығына кері әсер ететін ішімдік пен темекі кәсіпорындарына салатыны белгілі. Тойхана қожайыны бейнеттеніп, ақша тауып жатпағанын бәріміз білеміз. Даңғарадай залды жалға беріп, ауадан ақша жасап отыр, олар.

Түні бойы тікесінен тік тұрып жұмыс істейтін даяшы жастарға да еңбегіне сай ақы төлемейді. Заңды түрде еңбек келісімшартына отырмаған соң, официант болып жүргендердің әлеуметтік аударымдары «официальный» түрде аударылмайтынын білеміз.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс істеп жатқан кафелердің ас мәзіріне қарасаңыз, түңіліп кетесіз. Бағалары удай. Құдды, етті Бразилиядан, ұнды Америкадан әкеп жатқандай…

Алматыдағы кафелер мен тойхана қожайындары барлық азық-түлікті «Алтын орда» базарынан тасиды, негізінде.

Әнші мен әртіс, сендер не дейсіңдер?

maxresdefault (1)Той мәселесіне қайта оралсақ. Жалпы, той тойлаудың осыншалықты сәнге айналуына айрықша ықпал еткен әнші-әртістер. Сөздеріне қарасақ, тойдан басқа табыс көзі жоқ. Қызық, ә?..

Еліміздегі телеарналардың прайм-тайм уақыты шоу-бағдарламаға арналған. Олардың жақсы шоу-бағдарламалар ұсынып, жарнамадан ақша табуына болады ғой. Солай емес пе?

Бірақ заманауи менеджменттің иісі мұрындарына да бармайтын әншілер күндіз ұйықтап, кешке боянып, сыланып, тойда 2-3 ән салып, оңай жолмен 500-600 долларды қалталарына басқанды жөн санайды. Осылайша тойда өнердің «өрісін кеңейтіп» жүргеніне мәз…

Әншілер концерттен ақша аз түсетінін, оның басым бөлігі «Республика сарайын» жалға алуға кететінін айтып мұң шағады. «Концерттен аз табыс түседі» деген өтірік! «Тойшыл қауым» тұрғанда Республика сарайын толтыру қиын деп мұң шағу да орынсыз.

Иә, «сарайды жалға алу құны қымбат» деген уәждерімен келісуге болады.

Алайда Роза Рымбаевадан өзгесінің бұл мәселені көтеріп, бір әкімнің, бір министрдің алдына барды дегенді естіген де, көрген де емеспіз.

Рас, сарайды жалға алу құны қымбат. Бұл енді әнші-әртістің мәселесі ғой. Олар тойда әкім-қаралармен жиі кездеседі. Сол кезде «Әкім мырза, сарайдың жалдау құны тым қымбат. Өнерпаз бен көрерменге қиын» деп екі ауыз сөз айтса қайда қалды?

Таяуда «Қазақконцерт» мекемесі жабылды. Той жағалап, іргелі мекеменің жұмысын қожыратқан өнерпаздар жұмыссыз қалды.

 Бұған кім кінәлі? Әншілердің өздері. Істің көзін білетін адам «Қазақконцерттің» тізгінін қолға алғанда жұмысын тоқтатпас еді. Бәлкім, «Қазақконцертті» Баян Есентаева басқарса, мекеме мұндай күйге түспес еді. Амал нешік.

Айтпақшы…

Шоу-бизнесте бірнеше фильм түсіріп, миллион доллар пайда тапқан Баян Есентаевадан әріптестері неге үлгі алмайды, шынымен. «Тойдан басқа табыс көзі жоқ» деп жылай бергенше…

Адам бәрінен жалығады. Сол сияқты тойдан да. Сонда дейміз де, той тойлау саябырласа әншілердің күні не болмақ?

Не болатынын біз білеміз. Мұндай жағдайда шоу-бизнесте Баяндай кино түсірген, Айгүл Иманбаевадай театр құрған, Қайраттай концерт ұйымдастырып, мыңдаған көрермен жинайтын шын таланттар ғана қалады.

Нұрлан ЖҰМАХАН