Back

Бауыржан Момышұлы – түркі халықтары әскери әдебиетінің негізін салушы

Өркениеттің 2 түрі бар: 1. Көшпелі дәуір өркениеті. Ерекшелігі – қанағат. “Малым жанымның, жаным арымның садағасы” – рухани тұрақты армиясы жоқ, мақсаты – рухани қор­ғану. 2. Отырықшы ел өркениеті. Бұлар: а) Қытай; б) Мысыр; в) Грекия. Ерекшелігі – қанағатсыздық (Мағжан өлеңі). Тұрақты армия ұстайды. Мақсаты а) жаулап алу, б) руханиятын қирату.

 

Әскери әдебиетте Бауыржан Момышұлының өткен заман мен біздің заманымызда болып өткен әлем халықтарын қамтыған соғыстардың қайталанбас үш түрлі ерекшелігі болғанын атап өтумен бірге, өз танымын жіктей отырып көрсететіні бар. 1969 жылы 2 қарашада Қазақ Кеңес энциклопедиясының бас редакторы профессор М.Қаратаевқа жазған хатында: “Әскери ғылым адам­зат тарихында үш дәуірге бөлінеді: а) Мануфактурный период веде­ния войны; б) Машинный период ведения войны; в) Термоядерный период войны”, дейді.

 

Қарап отырсақ, үшеуінің үш түрлі ұғымы бар. Үшеуінің үш түрлі қаружарағы бар. Үшеуінің үш түрлі тактикасы мен стратегиясы бар. Үшеуінің үш түрлі тілі бар, біріне-бірі ұқсамайды. Ол та­рихи нәрсе… Осы таным тұрғысынан қарағанда, түркі халықтары басынан кешкен әскери әдебиеттің болмысын, тарихын танып білуге, ол жайында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізгенде осы ой-танымдарды әскери теориялық қағида ретінде қарап, үнемі сүйеніп отыруға болатын идеялық бағыт-бағдар бола алады деген байламға келеміз. Б.Момышұлының осы ой-танымына сүйене отырып, ой көзімен қарағанда: 1. Соғыс жүргізудің мануфактуралық дәуірі негізінен майдан төрінде бес қару түрін молынан әрі тұрақты түрде қолданумен шектелген жағдайды көреміз. 2. Соғыс жүр­гізудің машиналық кезеңі негізінен отпен атылатын мылтықтан басталып, пулемет, зеңбірек, танк, ұшақ, т.б. техникалық қару-жарақ түрлерінің бәрін қамтуымен ерекшеленеді екен. 3. Соғыс жүргізудің ядролық қаруды пайдалану дәуірі бүгінгі компьютерге сүйенген ақпараттық техника көмегімен жүргізілмек.

 

І

 

Соғыс жүргізудің мануфактуралық дәуірі Б.Момышұлы танымы бойынша: “Қазақ тілін­де мануфактурный период веде­ния войны тіркесінде тілдер де, түсініктер де, ұғымдар да бар. Оған дәлелдер – ерте­гілер, батырлық эпостар, шынымды айтсам, ол жағынан мен өзімді өзім тексердім. Мануфактурный период ведения войны деген нәрсе өз заманында сойыл, шоқпар, найза, садақ, айбалта, т.б. қолмен ұсталатын қарулар­мен өткізілген екен (кәдімгі қып-қызыл төбелес)”. Яғни, соғыс негізінен бес қару түрін пайдалану жолымен іске асқан. Ол қарулар қылыш,садақ, найза, шоқпар, қанжар тәрізді соғыс құралдарымен шектеледі. (“Қа­ру-жарақ сөздігі” – Т.Байжанов) Бұл соғыс қаруы тұсындағы соғысушы сарбаздар жаумен бетпе-бет келіп, күш сынасады. Майданда әлі жеткені, айласы мен ақылы асқандары басым түсіп жатады. Жауынгер майдан төрінде жеңсе де, жеңілсе де айқас әділетті түрде жүргізіліп отырады. Бұл тұста қазақтың батырлық жырында жырланатын атақты батырлардың жекпе-жек соғысуы мен жеңген жағы тікелей рухы көтеріліп, қан майданға түсетін соғыс көріністері көз алдымызда елестейді.

 

Қазақтар бұл дәуірде бес қарудың түрімен қорғану, шабуыл жасау жорықтарында соғыс жүргізудің мануфактуралық түрінде басым түсіп отырған. Бұл шайқастың қыры мен сырын жақсы біліп, соғыстың стратегиясы мен тактикасын жете меңгерген халық екенін әлемге танытып отырған. Мұның үстіне қорғану жолында жүргізілген соғыста өз жерінің табиғатын, яғни тауы мен даласын, қыры мен жазығын да білгірлікпен пайдала­нып, қарсыласын жер қаптырып отырған. Мұның үстіне қазақтардың ат құлағында ойнайтын шабандоздығы, соғыс­та жылқының шешуші күшке айналуында көп мәселенің түйіні жатыр. Бұған дәлел Еділ, Шыңғыс­хан, Әмір Темір, т.б. қолбасшылар заманында тұлпар аттың шешуші күшке айналған ерекшелігін сезінеміз. Ал батырлар жырында батырмен бірге тұлпар аттың бейнесі қатар сом­далуында көп сыр жатыр. Соғыста ең ықшам, маневр жасауға бейім, алыс пен жақын жерді тез басып өтетін жарамды қазанаттың болуы – қазақ жерін жаудан қорғап, Отан кеңістігін ұстап қалудың шешуші жолы да жауынгер мінген жарамды жорық атына байланысты болып келгені де шындық. Осы себепті халқымыз шығарған эпикалық жырларда батыр образын сомдаумен бірге оның таңдап мінген тұлпарлардың бейнесі де қатар алынып суреттелуінде көп сыр жатыр.

 

ІІ

 

Соғысты жүргізудің маши­на­лық дәуірі деп отпен атылатын қару түрлері жетіліп, автомат, пулемет, зеңбірек, танк, ракета, самолет, бомба мен граната түрлерінің үстемдік алған заманын айтады. Бұл техникалық жарақтармен соғыс жүргізгенде, қарулардың небір жаңа түрлері майдан төрінде қолданылса да бәрібір адам психологиясы мен рухани табиғаты, яғни адам жаны шешуші күшке айналып отырады.

 

Қазақ халқы өз тарихында соғыс жүргізудің машиналық дәуірі деп аталатын түріне, былайша айтқанда, мейлінше жетілген түріне алғаш рет Кеңес Одағы мен фашистік Германия арасындағы соғыста араласты. Қазақ солдаттары мен қазақ командирлері майдан төрінің бұл дәуіріндегі қару-жарақтың барлық түрін тез арада меңгеріп, әлем жұртын таңдандырған ерліктер жасап жатты. Яғни, тарихтың қатал сынынан абыроймен өтті.

 

Өз халқының қас батыры атанған Бауыржан Момышұлы да алғаш рет соғыс жүргізудің мейлінше жетілген машиналық дәуіріне араласып, ерлік даңқы бүкіл әлем халықтары назарына ілікті. Ата жауға қарсы Отанды қорғау жолында фашистерге қарсы соғыс қару-жарақтары­мен бірге қаламын, яғни қамал бұзар қаһарлы сөзін де қоса жұмсаумен ерекшеленді. Бұл тақыр жерде пайда болған кез­дейсоқ құбылыс емес, ол көне заман ата-бабаларынан бермен қарай үзілмей келе жатқан дәстүр жалғастығы болатын­ды. “Мен бастан кешкендерін жазып жүретін жауынгерлердің бірімін. Майданда жауынгерлер арасынан шыққан, қалтасында Жазушылар одағының билеті болмаса да жазатын майдан­герлер деп аталатын бытыраң­қы топ бар. Мен бұл топты жазушылардың жаңа буынының тұтас бір армиясы деп ойлаймын. Олар әзір оқиғаны болат қаламсаптың ұшымен көр­кем сөзбен шебер өрнектеуді меңгере қойған жоқ. Олар көзбен көргендерін, өздері куәгер болған оқиғаларды, соғыстың қатқыл тілімен жазып жүр. Олардың кейбіреулері оққа ұшты, кейбіреулері мүге­дек болып қалды, басқа біреулері өз қызметін атқаруда. Көргендерін хатқа түсіріп жүретін менің қарулас жолдастарымның бірі – осында отырған Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллин. Оның жазғандары 10-ға жуық дәптер болады. Соғыс жүріп жатқан кезден бері бұл топқа көптеген басқа адам­дарды қоссақ, мыңдаған парақ жазылған болар еді. Соғыс аяқталған кезде соғыс әдебиет майданында да басталады, қазір әдебиет майданында соғыс жоқ. Ал біздің соғыс деп жүргеніміз – жай шамалы қақ­тығыс қана. Соғыс аяқталғаннан кейін майдангерлер армиясы жазу өнерін меңгеруді қызу қолға алып, бүгінде әдебиет тосқауылында бұғып отырған кейбір жазушылармен шайқасатын болады. Мұның өзі бәлкім бес жылдан кейін бе, болмаса он жылдан соң ба, яки болмаса жиыр­ма жыл өткеннен кейін бола ма – оны мен дәл білмеймін. Бірақ соғыстан кейін жаңа адамдардың, жаңа жазушылар­дың туатынын білемін”, – деп жазады Б.Момышұлы.

 

ІІІ

 

Соғыс жүргізудің бүгінгі күндегі ядролық дәуірі де өз белгісін беруде. Жапония халқына қарсы қолданылған атам бомбасы осы құбылыстың айғағы десе болғандай. Атом бомбасына ие, ядролық қаруға ие мемлекеттер саны да бүгінде отызға жақындап келеді. Соғыс білімпаздарының айтуы бойынша, егер ядролық атом қару-жарақтарының тетігі ағытылып кетсе, жеңуші де, жеңілуші де болмайды. Әлем бұрын-соңды болмаған апатқа ұшырап, Жер шары орбитасынан ауып, құрдымға кетуі мүмкін.

 

Соғыс жүргізудің осы үш түрінің алғашқы екі кезеңінде әскери әдебиет түрі пайда болып, дамудың, жетіліп қалыптасудың ұзақ жолдарын бастан кешті.

 

“Әскери әдебиет деп нені айтамыз, оның тақырыптық негізі мен зерттеу нысанасына нелер жатпақ?” – деген сұрақ­тар алдымызды орағытатыны да шындық.

 

Әскери әдебиет деп әскери ғылым түрлерімен бірге көркем өнердің өзіндік ерекшелігіне орай пайда болған көне заманнан бүгінге дейін дамып, қалыптасу үстінде келе жатқан рухани құбылыстың қомақты бір саласын айтамыз.

 

Әскери әдебиеттің көркем әдебиет саласында пайда болған түрлерін, оның өзіндік дербес саласына жататын жалпы әскери көркем әдебиет пен соғыс майданына тікелей қатысып, толарсақтан саз кешіп, Отан үшін жан беріп, жан алысқан әрі майданда қаруымен бірге қамал бұзар қаһарман сөзді қоса жұмсаған дарынды жауынгер мен қолбасшылар қаламынан туған әскери көркем әдебиеттің жөні бір басқа екенін баса айтамыз. Әскери әдебиеттің түрі деп бізде Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған көркем әдебиет жанрларын айтып жүрміз. Кеңес дәуірінде Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған көркем туындылар ішінде біз­дер, қазақстандық жазушылар, Ресей мен Украинадан кейінгі орынды иемденеміз. Кеңес өкі­метіне қараған түркі халық­тарының ішінде қазақтар әске­ри әдебиет тарихында жетекші орында тұр.

 

Қырғын соғысқа қатыспай-ақ сырттан бақылап, майдан өмірі туралы көркем шығарма­ның әртүрлі жанрында жазатын ақын, жазушылар, драматургтер да болады. Мысалы, Л.Толстой орыстардың басынан өткен 1812 жылғы Отан соғысы шындығын суреттейтін өзінің “Соғыс және бейбітшілік” романын жазса, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жайында Ғ.Мүсірепов “Қазақ солдаты” романын, М.Әуезов “Намыс гвардиясы” пьесасын жазды. Басқа ақын-жазушылар да майдан тақырыбына қызу атсалысты. Әрине, бұларды да соғыс тақырыбына жазылған көркем әдебиет саласына жатқызамыз.

 

Біздің көздеп отырғанымыз, яғни ой талқысына салып ар­найы ғылыми зерттеу нысана­сында ұстанарымыз соғыс майданына әскери жауынгер ретінде араласып, қанды қырғын ішінде ауыздықпен су ішіп, етігімен су кешкен қас батыр­лар көп шық­ты. Оларды жорыққа бастаған қолбасылар мен партизандар жауға қарсы қаруымен ғана емес, қаламын да қаҺарлы қару ретінде қатар жұмсаған көрнекті ақын-жазушылар әскери әдебиеттің көрнекті өкілдеріне айналды.

 

Б.Момышұлы “ВОВ в казах­ской прозе” деп аталатын баян­дамасында: “На фронт отправи­лись более сотни работников искусства. Они одев серые солдатские шинели, с оружием в руках становились в строй, они были солдатами войны. Среди них были такие талантливые поэты как Касым Аманжолов, Павел Кузнецов, Дихан Абилов, Жумагали Саин, Абдулла Жу­магалиев, Дм. Снегин, Абу Сарсенбаев, Сырбай Мауленов, композитор Рамазан Елебаев, дирижер Газиз Дугашев, певец Темирбек Кокубаев и др.

 

Они эти солдаты и офи­церы, находясь на переднем крае на различных должностях, умело сочетали штыки с пером”, – деп жазғанда одан қарсы қарумен қоса қамал бұзар қаһарлы сөз өне­рімен соғысқан ақын-жазу­шылар мен өнер иелерін көреміз.

 

ІV

 

Көшпелі өркениет заманында соғыс жүргізудің мануфактуралық дәуіріне сай қалыптасқан қолбасшының жауға қарсы күресінде бес қарумен қоса ақындық өнерді қоса қабат пайдалану дәстүрі болатын. Мысалы, қазақ-қалмақ соғысы заманында бұл ата дәстүрді Ақтамберді мен Қожаберген жырау, тәуелсіздік үшін күрес жолында Махамбет, Қоқанға қарсы соғыста Мәделі қожа ата дәстүрін жалғастыра түсті. Міне, осы үрдіс Ұлы Отан соғы­сын­да да өмірден орын тауып жалғастық табуын атақты қолбасшы, аты аңызға айналған қазақтың ұлттық батыры Б.Момышұлының қанды майдан үстіндегі өмір жо­лынан да байқаймыз. Мұны “Қанмен жазылған кітап” шығармасында: “Ұлы Отан соғысында алған тәжірибеміз ата-бабамыздан қалған халқымыздың жауынгерлік дәстүр-мұралары ондай әдебиетті жазуға аумақты, көлемді, сіңімді қорек бола алады”, – деп жазуында астарлы ойлар жатыр.

 

Көркем әдебиеттегі әске­ри әдебиет деп аталатын бұл құбылыс тақыр жерден пайда болған дәстүрсіз, дәстүрлі жалғастықсыз өлі дүние емес. Түркі халықтарының көне дәуірден бүгінге дейін дәстүрлі жалғастық тауып, дамып келе жатқан әскери әдебиеті болғандығын жазба тарих ескерткіштері де айғақтайды. Түркі халықтары әдебиетінің бастау көздері біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтар ішінде жатқанын, яғни оның бастамасы сақтар елінен шыққан, бірақ өлеңдерін қытай тілінде жазғанын көне қытай жазба деректері бойынша менің шәкіртім Әлімғазы өзінің кандидаттық диссертациясы арқылы ғылыми айналымға түсіріп отыр. Бірақ біздер сақтар дәуірі мен тұңғыш Түрік қағанаты (­VШ ғ.) арасындағы әскери әдебиет туралы нақтылы дерек көздерін әзірше терең танып бойлай алмай келеміз.

 

Бұл мәселені Түрік қағанатының ұлы идеологы әрі ойма жазу арқылы тасқа ше­кіп, ұлы мұра қалдырған әйгілі Тоныкөк данадан бас­таудың жөні бар деп білеміз.

 

Одан кейінгі Қараханидтер заманында бұрынғы он садақ аталған елден шыққан әлемге әйгілі “Құдатғу білік” (ХІ ғ.) кітабының авторы Жүсіп Баласағұнның еңбегінде сол заманда ғұмыр кешкен қоғамның саяси-әлеуметтік топтарын жүйелеп, әскери қолбасшылар туралы сарап­талған пікірлері бүгінгі таңда да қолданысқа сұранып тұрған ойтанымдарға тұнып тұр. Автордың майдан төрінде әскери қолбасшылардың ше­шуші орнын анықтап, жеке тұлғаның қаншалықты ықпалы барын сараптай келіп: “Мың арыстанды бастаған қой бастықтан, мың қойды бастаған арыстан бастық артық” деген аталы сөзі тек майдан төріндегі әскери қол­басшы туралы ғана емес қазіргі қоғамдық билеу сатысындағы әрбір бастыққа қолдануға болатын шындық екенін анық сезінеміз.

 

Біз ерекшелеп назарда ұстап отырған әскери әдебиет туралы танымның өлшеміне Моғолстан мен Шағатай өлкесіндегі Әмір Темір әулеті заманында да ақын, ғалым, қолбасшы, патшалық билік еткен айтулы тұлғалардың әрекет еткенін алға тарта ала­мыз. Мысалы, атақты Бабыр патшаның өз мақсатына жету жолында жүргізген күресте­рін­де қаруы мен қаламын қа­тар жұмсап, артына өз өлең­дері мен әлем мойындаған “Бабырнама” туындысын қалдыруы – осының айғақты дәлелі. Немесе Бабырдың бөле туысы, Моғолстаннан қанат қаққан М.Х.Дулатидің “Тарих-и-Рашиди” деп аталатын мемуарлық жанрдағы еңбегі мен “Жаһаннама” дастаны өз заманындағы әскери әдебиеттің бұрынғы өткен дәстүр жалғастығын ұштас­тыра дамытып қалыптастыр­ған дарынды ақын, тарихшы ғалым, даңқты қолбасшы болғанын көреміз. Сол заманда, яғни, Бабыр мен Хайдар мырза билік еткен кездегі әскери әдебиетке айтарлықтай үлес қосқан Хасен Әли Жалайырдың қасида жанрындағы теңдесі жоқ ақын­дық өнерін екеуі де аса жоғары бағалап, өнегелі үлгі ретінде таныстыратыны бар.

 

Бұл аталған ақындардың бәрінің де өз заманында мемлекеттік билік үшін күрес жолында қан майданда қол бастап, күреске білек сыбана кіріскен, ақындық өнеріне қоса қару-жарағын жауға қарсы сілтеген ерекшелігі мен мұндалап тұрады.

 

Алтын Орда империясы құлап, біртұтас түркі халық­тары көптеген ұсақ хандықтарға бөлініп, ыдыраған тұста, тарих сахнасына шыққан қазақ хандығы ХV ғасыр мен XVІІІ ғасыр арасында өз тәуелсіздігін сақтау жолында айтарлықтай мән-мағынасы бар тарихи күрес жолын бастан өткеріп жатты.

 

Қазақ хандығының тәуел­сіздігі жолында, әсіресе, ұзақ жылдарға созылған қазақ пен қалмақ арасында болған соғысқа қатысып, өз көз алдында өткен тарихи оқиғаларға тікелей араласқан қазақ ақын-жыраулары әскери әдебиеттегі бабалар дәстүрін әрі қарай жалғастырды. Ақтабан шұбырынды заманын көзі көріп, қасіретін өз басынан өткізген Қожаберген, Ақтамберді жыраулар жауға қарсы қол бастап, қанды майдан алаңында жауға қарсы найзасы мен отты жырын қатар жұмсаған әрі арманын келер ұрпаққа ама­нат­қа қалдырған жыр жол­дарын қалдырды. Ол тұстағы қазақ ақын-жырауларының бәрі де майдан алаңында болып, жауға қарсы күресте қаруы мен ақындық өнерін қатар қолдануы арқылы әскери әдебиеттің де көрнекті өкілдері еді.

 

ХVІІІ ғасырдың басында Ресей империясы қазақ жеріне қол салып, ХІХ ғасыр ішінде Қазақ еліне тұтастай отаршылдық ойранын орна­тып бақты. Қазақ елін біртұтас қалпынан ажыратып, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында үш бөлікке ажырап кетуіне себепкер болды. Кіші жүзді Орынборға қаратып, ел билеудің халыққа жат сұлтан правитель билігін орнатты. Орта жүзді Омбыға қаратып, ел билеудің аға сұлтандық жүйесін орнықтырды. Ұлы жүз Қоқан хандығына бағы­нып, ел билеудің рулық жүйеге негізделген датқалық түрін бастан өткізіп жатты. Тұтас бір халық отаршылдық саясаттың нәтижесінде үшке жарылып, рухани тұтастығының ыдырай бастағаны ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет әлеміндегі заман шындығының айнасы болған поэзия жанрында айқын байқалды.

 

Батыс Қазақстан қазақтары арасынан ақырып теңдік сұраған Махамбет отты жыры арқылы сол тұстағы нағыз әскери әдебиет дәстүрін жалғастырушы жауынгер поэзияның бірегей көрнекті өкіліне айналды.

 

ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Қоқан хандығының қорлығы мен зұлымдығына қарсы көтерілген халықтың жарқылдаған алмас қылышындай ақын Мәделі өлеңдері қалың елге рухани қуат берді. Мәделі де Қоқан жасақтарымен қанды май­данға түсіп, қаруы мен сөз нөсерін қабат қолданып, талай ерліктің үлгісін көрсетті.

 

Қазақ ақындарының әскери әдебиет жасаудағы ата дәстүрін жалғастыру әрекеті, тіпті 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің жаршысы мен жыршысына айналған халық ақыны Омар Шипиннің шығармаларында да айқын белгі беріп жатты. Міне, бастамасы орта ғасырдағы ақын әрі қолбасшы Түрік қағанатының темірқазық жұлдызындай мызғымас идеологы болған Тоныкөктен басталған поэзия жанрынан өрбіп өріс жайған әскери әдебиетте қалыптас­қан дәс­түрдің соңғы жалғасы Омар Шипинмен аяқталады. Бұл сан ғасырларға созылған соғыс жүргізудің мануфак­туралық дәуіріндегі әскери әдебиет өкілдерінің бәрі де бес қару­дың күшімен сөз өнерін қоса жұмсаған кезең­мен бітеді.

 

V

 

Соғыс жүргізудің маши­налық дәуіріне қазақ халқы шын мәнінде Кеңес Одағы­ның фашистік Германиямен болған 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында тұңғыш рет қатысты. Бұрын мұндай соғысты ішінара ұлт-азаттық күре­сіне қатысып, кең мағы­нада бастан өткізбеген әрі бұған жетерліктей даярлығы болмаған қазақ солдаттары мен командирлері соғысқа арналған бүгінгі күн қару-жарақтарды тез меңгерді. Мәскеу түбінде болған шешу­ші айқастарда көзсіз ерліктер жасап, бүкіл әлем халқын таң­­­қалдырды. Панфиловшы батыр­лардың ерлігі осы көрініс­тің нақтылы айғағына айналды.

 

Бауыржан Момышұлы тағдыры Кеңес Одағы мен фашистік Германия арасында болып өткен Ұлы Отан соғысында соғыс жүргізудің мейлінше жетілген машина­лық дәуіріне тұс келді. Соғыс басталғанға дейін-ақ ол 1932 жылдан әскер қатарында қызмет етіп, әскери білім мен іс тәжірибесін жете меңгерген аға лейтенант дәрежесіне дейін көтерілген, яғни алдын ала даярлығы жетілген жауынгер командир ретінде қалыптасқан еді. Мұның үстіне рухани дүниесі де қордаланып байи түскен-тін.

 

Ұлы Отан соғысы баста­лып, шайқастар қызған тұста “Барлығы да майдан үшін” ұраны белең алды. Майдан жауынгерлеріне рух беріп, отаншылдық сезімін ұштай түсуге барлық өнер қайрат­керлері жұдырықтай жұмыла түскен кезде кең мағынадағы әскери әдебиеттің саласын­дағы қаламгерлер өнері қа­лыптасу, даму жолына түсті. Осы тұрғыдан қараған­да әскери әдебиеттің аумағына енетін әрі қайталанбас өз ерекшелігімен дараланатын мынадай жіктелістерді бай­қаймыз:

 

Тылда, майданнан алыс­та отырып соғыс та­қырыбына жазған ақын-жазушылар тобы шыға бас­тады. Мысалы, XX ғасыр Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың “Ленинградтық өренім”, Ғабит Мүсіреповтің “Қазақ солдаты” романы, Мұхтар Әуезовтің “Намыс гвардиясы” мен халық ақын­дарының 28 панфиловшылар туралы өлең, дастандары, т.б.

Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған партизан ақын-жазушылардың өз бастарынан кешкен жортуыл­дағы өмір шындығы арқау болып өрілген шығармалары. Мысалы, Қ. Қайсенов, Ә. Шәріпов, Ж. Сайын, т.б.

Майданның өтінде болып, жаумен бетпе-бет келіп алысқан жауынгер ақын-жазушылар: Б.Мо­мышұлы, Қ.Аманжолов, М. Ғабдуллин, А.Бек, Ә.Нұр­пейісов, Т.Ахтанов, Ә.Нұр­шайықов т.б.

Соғыс жылдарында майдан қажетіне қарай бірде ашылып, бірде жабылып отырған қазақ тіліндегі әс­кери газеттерде істеген жур­налистер туындылары: Ә.Сәр­сенбае, Қ.Сағындықов, Ж.Жұмаханов, С.Сейітов, т.б.

Бұлардың бәрі де Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери әдебиеттің қалыптасып, дамуына өз үлестерін қосып, тақырып аумағын кеңейтіп, майдан жаңалықтарын дер кезінде жеткізіп, халық рухын көтеріп отырды. Жоғарыда аталған әскери әдебиеттің өкілдеріне қарағанда үшінші топтағы ақын-жазушылар туындысы арасынан Б.Мо­мыш­ұлының алар орны бөлекше. Ол ата-бабадан бермен келе жатқан әскери әдебиеттің дәстүрімен терең таныс болып, ата дәстүрді дамыта жалғастырып, түрік халықтар әскери әдебиетінің негізін салып, қалыптастыру­шы қайталанбас тұлғаға айналып үлгерді.

 

Б.Момышұлы қатысып, қолбасшылық еткен майдан төрі соғыс жүргізудің маши­налық дәуірі еді. Мұндай тарихи тағдыр шешілетін соғыс жүргізудің бұрын-соңды болмаған жаңа техни­калық құралдарды пайдалану, оны жете меңгеру, майданда шеберлікпен қолдану үшін қолбасшы әскери ғылым салаларын жетік білу шарты алға қойылды. Ал, ширек ғасыр өмірін кеңестік тұрақты армия қатарында қызмет атқарып, соғыс кезінде аға лейтенант шенінен, батальон, полк, одан полковник болып, дивизия командиріне дейін өсу жолында Б.Момышұлы армия уставына өзгеріс ен­діріп, стратегия мен тактика саласында жаңалық әкелген, әскери ғылым саласында мейлінше жетіліп, теңдессіз ерліктер жасап, атағы әлемге танылып, халық мойындаған дарынды тұлғаға айналды. Жеңістен соң Ұлы Отан соғы­сының ең озық әскери қолбасшыларынан іріктеп таңдап алынған 250 коман­дирден жасақталған бір мезгілдік әскери академияға оқуға алынған жалғыз Азия халқының өкілі еді. Әскери академияны бітіріп, әскери академияға стратегия мен тактика саласы бойынша дәріс беретін профессор қыз­метін атқарған әскери сала­дағы тұңғыш қазақ болумен де ерекшеленетін.

 

Б. Момышұлын қан майданда жасаған көзсіз қайталанбас ерлігі үшін генерал-майор, 8-гвардиялық дивизияның командирі әрі әскери ұстазы И.В.Пан­филовтан бастап кейінгілер оны Совет Одағының Батыры мен генерал атағына талай рет ресми түрде ұсынған еді. Бірақ Б.Момышұлының әлемге танылған даңқы мен әскери ілімдегі тереңдігін, дарабоз қолбасшылығын көре алмаған пенделігі басым Бас штабтың және тікелей Қор­ғаныс министрінің қарсы­лығына ұшырады. Осы себеп­ті, 1956 жылы 46 жасында отставкаға шығып кетті. Отставкаға шығу себебінің өз ұстазы, генерал Чистяковке жазған хатында айтылуында көп сыр жатыр. Оны ақын Әзімбек Жанқұлиев сөзімен өрнектесек:

 

Батыр таппай баһадүр алашымнан,

 

Орыстардың онда да бағы ашылған.

 

Қазақ батыр болмауын қадағалап,

 

Жол бермеуге жан салып аласұрған.

 

Көгенкөзді көк көздер көп түртетін,

 

Солар жаудың алғандай жағасынан …

 

Басқа ұлттың баласы болғандықтан,

 

Батырлығы Баукеңнің зорға ашылған, — деген өлең жолдарында (“Ар Ай” 01.12.2005) Ұлы Отан соғысы кезіндегі ресми атақ берудегі алақолдылық Ауған­стан соғысында да қайта­ланып отырғанын әшкере­лей­ді. Ауған­-Кеңес соғысына біз жақтан негізінен мұсыл­ман жастары қатысып, қолбасшылық билігі орыстар жағында болатын. Осыған қарамай батырлық атақ соларға бұйырып жататын. Осы әділетсіздік ақын тара­пынан таңбаланып айтылуы да заман шындығынан туындап жатқан заңдылық еді

 

Б.Момышұлы өзінің әскери жолдағы болашақ карьерасы болмайтынын біл­ген соң, жазушылық өнерге бағыт алып, тез танылды, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын алды. Бұл өзгерісті Б.Момыш­ұлы­ның екінші ерлігі деп бағалады оның замандастары.

 

Б.Момышұлы өзінің жазу­шылық өнері әскери әде­биетке тікелей қатысты болу себепті бастапқы кезде жазы­лып танылған мақал-мәтел, афоризмдері мен өлең­дері, эпистолярлық жанр­дағы туындылары да майдан өмірі шындығынан туындап жатуы табиғи құбылыс еді. Әскери әдебиет саласында ол күн­делікті соғыс жағдайында қанды майдан ішінде бастан кешкен өмір тәжірибесін ойда қоры­тып жазған теориялық дең­гейі биік мақалаларымен таныла бастады. Қазақ КСР Ғылым Академиясында бір апта бойы таңдаулы ғалымдар мен өнер қайраткерлерінің алдында соғыс жайы туралы оқылған лекциялары (“Пси­хология войны”, “Қанмен жазылған кітап”) мен әскери академияда стратегия мен так­тика пәнінен өткізген дәріс­тері арқылы, әскери көр­кем әдебиеттің ғылыми тұғыры мен теориялық негі­зін салды. Ал, оның көркем әдебиеттегі көріністері жазу­шының қолы­нан шығып, басылым көрген шығарма­ларында жатты.

 

Б.Момышұлының әскери ғылымды терең меңгеріп, полковник атағымен-ақ дивизия командиріне кө­терілуі, әскери академияда профессор атағымен дәріс беруі және осы әскери саладағы ой-танымын, майдан шындығын көркем шығарма­лары арқылы әскери әдебиеттің шыңына көтеруі жолдары оның бірден бір түркі халық­тары әскери әдебиетінің негізін салуына алып келді. Өйткені, түркі халықтары тұтас (Түркия түріктерінен басқалары) Ұлы Отан соғы­сына түгел қатысып, олардың ақын-жазушылары да ата-бабаларынан рухани мұра болып қалған әскери әдебиет дәстүрін жалғасты­рып жатты. Ал, Б.Момышұлы болса, осы­лардың арасынан сұрыпталып, ерекше әскери әдебиет саласында қалыптасты, ғылым әрі көркем шығармалары арқылы әлем халықтарына танылуы себепті “түркі халықтары әскери әдебиетінің негізін салушы” деген тарихи тұғырға көтеріле алды.

 

Филология ғылымдарының докторы., профессор Мекентас Мырзахметұлы