Back

Бірлік пен татулық – береке басы

Үстіміздегі жыл біздің елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және Конституцияның 20 жылдығы атап өтілмек. Осыған орай Ассамблея өкілдеріне үлкен міндеттер жүктелуде. Облыстық Достық үйінде аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қатысуымен өткен этномәдени бірлестіктер жетекшілерінің, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің, ғылыми-сараптамалық топтың кездесуінде биылға арналған жоспарлар және өткен жылдың қорытындысы туралы әңгіме  өрбіді.

«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы атап өтіледі. «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше. Ал жыл сайын атаулы мерекеде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде ел аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын кең көлемде атап өтеді.

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстанда өзге елдер өкілдерімен мәдени байланыстар күшейіп, Қытай, Моңғолия және Ресейдің этномәдени бірлестіктерімен шекаралық ынтымақтастық дамып келетінін, сонымен қатар «Алтай – біздің ортақ үйіміз» акциясы аясында өзара ықпалдастық белсенді түрде іске асуда.  Өңірдегі қалалық және аудандық Достық үйлерінің, этномәдени бірлестіктердің қызметі де ерекше атап өтілді.Ассамблея 7 бет

Қазақстан халқы Ассамблеясының  басты міндеті – мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру болып табылады.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. 2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты.

2008 жылғы 20 қаңтарда Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. ҚХА еліміздің саяси жүйесінің толыққанды субъектісіне айналды. Оның қызметінің нормативтік-құқықтық негіздері айқындалды.

Бүгінде Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізеді. Сонымен қатар ҚХА мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз етеді, этномәдени орталықтардың, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етеді.

Шығыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері елдегі тыныштықты сақтауда ең бастысы ақпараттық тәуекелдерге дұрыс әрекет ету деп есептейді. Өйткені электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бөгде идеологиялық ағымдар таратылады. Әзірше бұл Қазақстанға көп қатысты емес, ол барлық бірлестіктердің үйлесімді жұмысымен түсіндіріледі.

Еліміздің дамуындағы Ассамблея рөлін бағаламау мүмкін емес. Өйткені, Қазақстан халықаралық сарапшылардың «бұл ел ұлтаралық алауыздық салдарынан ыдырайды» деген болжамдарына қарамастан, үлкен жетістіктерге қол жеткізе алды. Мемлекетіміздің табысы халықтың бірлігіне, барлық ұлттық тілдер мен дәстүрлерге деген құрметке негізделген. Ассамблея жұмысының арқасында сенімнің, келісім мен өзара түсіністіктің ерекше ауаны қалыптасты, әрбір азамат ұлтына немесе діни нанымына қарамай Ата Заңда кепілдік берілген құқықтар мен еркіндіктердің бәрін толық пайдаланды.Ассамблея 7 бет01

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында: «Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Біздің жастарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді. Бүгінгі буын 90-шы жылдардағы этносаралық соғыстар мен қақтығыстарды, күйреуді көрген жоқ. Сондықтан көпшілігі Қазақстандағы тұрақтылық пен қолайлы өмірді туғаннан солай болуға тиіс сияқты қабылдайды», – деп атап айтқан болатын.

– Елдегі бейбітшілікті сақтаудағы маңызды рөл бірыңғай ұлтаралық саясатты жүргізуге арналған барлық ұлттарды біріктіретін биліктің бірегей органына жүктелген, ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Оның жұмысының табысты болуына көбінесе өңіріміздегі ғалымдар жүргізген зерттеулердің де көмегі бар, – деген болатын Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Даниал Ахметов.

– Дарынды ғалымдарымыздың еңбегі елдің дамуында маңызды рөл атқарды және оның жетістігіне айналды. Олар – көптеген республикалық құжаттардың негізіне айналған нақты ұсыныстар. Қуантарлығы, біздің ғылыми сараптамалық тобымыз тек Шығыс өңірімен ғана шектелмейді. Топ 14 халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, оларға әлемнің көптеген елдерінен ғалымдар қатысты. Біздің әзірлемелер әлемдік ғылым үшін үлкен қызығушылық туғызады және Еуропа мен Американың біраз кітапханаларында сақтаулы, – деді тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ философия және саясаттану кафедрасының профессоры Лилия Столярова.

Қазақстанда барша этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамытуға қажет жағдайлардың бәрі жасалған. Ассамблея қызметінің арқасында мемлекетіміздің этносаралық қарым-қатынастарды тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделі артып келеді.

– Қырғызстандағы және Украинадағы бауырлас халықтардың қақтығысы тұрақсыздықтың елге қандай зардап тигізетінін көрсетті. Украина кеңестік кезеңде экономикалық дамудың жарқын үлгісі болатын. Бірақ қазір келіспеушіліктер елді тіл принципі бойынша екіге бөліп отыр. Бізде Украинадағыдай зор әлеует жоқ, оның кеме жасау өндірісі дамыған, еуропалық елдерге тіке шыға алады. Алайда, бізде Елбасының жүргізіп отырған салиқалы саясаты бар. Бүгінде еліміздің ішкі жалпы өнімі Украинадағыдан жоғары, халық саны бізде үш есе аз болғанның өзінде. Мұның бәріне ұлтаралық тұрақтылықтың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Қаншама мектеп, аурухана, жолдар салынды, әлі де салынады. Дәл осындай тиімді саясатты бұдан әрі де жалғастыра берсек, өңірлер осы қарқынмен дами бермек. Жерімізде тұрып жатқан барлық халықтардың тілдері мен әдет-ғұрыптарына құрметпен қарау керек және осы игі дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруға тиіспіз. Біз – еуропалықтар емеспіз, еуразиялықтармыз. Біздің өз бет-бейнеміз бар, өзіміздің діліміз, тарихи негізіміз бар және біз осымен мақтанамыз! – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Әлібек ҚАҢТАРБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.