Back

Өскемен – Қазақстандағы дуалды білім жүйесінің орталығы

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарқынды дамып, республика бойынша алдыңғы қатарларды иеленіп келеді. «Ел болашағы – жастардың қолында» демекші, облысымыздағы жастар саясатына қатысты өзіндік бағыт-бағдары көпшілік тарапынан қолдауларға ие болуда. Жастарға сапалы білім беру шараларының кідіріссіз жүзеге асуына облыстық білім басқармасының  еңбегі өлшеусіз.

Мемлекеттің өркениетті дамуы, әлемдік аренада алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналуы оның білім беру саласына тікелей тәуелді екендігін әлемдік тәжірибе айқын дәлелдеп келеді. Жиырма бірінші ғасыр – білекке емес, білімге сүйенген ғасыр. Олай болса, қазіргі күні Қазақ елі де білім беру саласын қарқынды дамытып, алдағы жиырма-отыз жылдық перспективаға нарықтық бәсекелестік талаптарына жауап бере алатын сапалы мамандар даярлау ісін жетілдіре түсуі тиіс. Өйткені, жиырма-отыз жылдан кейін бүгінгі берілген білім сапасы қоғамның бүкіл саласына өз ықпалын тигізбек. Сәйкесінше, бүгінгі қоғамдағы келеңсіздіктер, кешегі мектеп жіберген қателіктердің көрінісіне айналады.

Ағымдағы жылы 4 балабақша қолданысқа берілді (Риддер қаласында –  140 орындық, Шемонаиха қаласында – 280 орындық, Зырян қаласында – 280 орындық және Абай ауданының Қарауыл ауылында 140 орындық балабақша). Таяуда 140 орынға арналған бір балабақша Аягөз қаласында қолданысқа берілмекші. Ал 2016 жылы Риддер қаласында тағы бір балабақша бөбектерге есігін айқара ашпақшы.Билим ШКО01

2015 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1 млрд. теңге бизнес қаржысына 2142 орындық 29 жекеменшік балабақша ашылған. Осылайша мемлекет пен жекеменшіктің әріптестік аясында қолға алынған жұмыстар өз нәтижесін берді. Осындай іргелі жұмыстардың арқасында 2014 жылы 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту – 74,2%, 3 жастан 6 жасқа дейін 98,3%-ды құраған. Барлық 5-6 аралығындағы балалар мектепке дейінгі даярлықпен қамтылған.

Республика бойынша алғаш Шығыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың білім беру жүйесінде ағылшын тілінде білім беруге сатылы көшуде берілген міндеттерін жүзеге асыру мақсатында 2015-2018 жылдарға арналған көптілдікті дамытудың Аймақтық бағдарламасы жасалды. Аталмыш бағдарлама аясында тілдік пәндердің ұстаздарын 100% ағылшын тіліне үйретуді ұйымдастыру мақсатында Назарбаев Университетінің ұстаздары мен халықаралық мамандар келіп, тәжірибе алмасуынан да айта кетуіміз керек.

Жалпы білім беретін мектептерде білім сапасын арттыру және шынайы патриоттар даярлау үшін, ең бірінші, ертеңгі мектептің тұтқасын ұстайтын жас педагог мамандар бойына терең білім және ұлттық тәрбие бастауларын қатар сіңіру қажет. Ал оны жүзеге асыру үшін педагогикалық оқу орындарының жағдайын жақсартуға ерекше назар аудару керек, яғни білімді, тәрбиелі ұрпақ өсіреміз десек, білікті педагог мамандар дайындау үрдісін дұрыс жолға қоюға тиіспіз. Сондықтан педагогикалық орта және жоғары оқу орындары түгелдей мемлекет меншігіне беріліп, оған талапкерлер қатаң іріктеу арқылы ғана өткізілуі тиіс және оларға мемлекет есебінен тегін білім алуға мүмкіндік берілуі керек.

Өскемен қаласында 100 орындық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернат құрылысы басталды. Онда балаларға тұруға және толық оңалтудан өтуге жағдайлар жасалмақ. Сонымен қатар пансионатта тұратын балалар бухгалтер, программист, дизайнер мамандықтары бойынша қосымша кәсіби білім және әлеуметтік оңалту қызметтерін алу мүмкіндіктеріне ие болады.

Аймақтағы 41 білім беру мекемесі дуалды білім беру жүйесіне көшірілді. Модульді бағдарламалар негізінде облыстың 166 кәсіпорны колледждердің әлеуметтік әріптесі ретінде 36 мамандық бойынша білім беріп, 2517 студентті (жалпы контингенттің 8,2%-ы) қамтыды.

Балабақша құрылысы кешендерінің концессиялық жобалары бойынша 2015 жылғы 5 тамызда «Өскемен қаласында 6 балабақша құрылысын жүргізу және пайдалануға беру» концессиялық жобасы бойынша ШҚО Білім басқармасы мен «Global Construction Technologies» компаниясы арасында 4,1 млрд. теңге соммаға концессиялық келісім жасалды.

2015 жылғы 30 қарашада ШҚО Білім басқармасы «Семей қаласында 6 балабақша құрылысын жүргізу және пайдалануға беру» концессиялық жобасы бойынша «KAZ–AZMECO (КАЗ-АЗМЕКО)» ЖШС келісімге қол қойды.

Патронаттық ұйымдармен 1600-ге жуық әлеуметтік келісімдер жасалып, жыл басынан бері балалардың «Тұрғын үй құрылыс банк» есеп шоттарына 237,7 млн. теңге аударылды.Билим ШКО03

Бүгінде Өскеменде дуалды оқыту жүйесі арқылы білім алып жатқан жастар көп. Олар болашақта өздерінің жұмыссыз қалмайтынына сенімді. Қазақстанда тұңғыш болып дуалды оқыту жүйесі Шығыс Қазақстаннан бастау алғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Мамандардың пилоттық жоба өзінің өміршеңдігін дәлелдегенін алға тартуда. Оқуының 65%-ын кәсіпорындарда, тәжірибе түрінде өткізген студенттердің алды бүгінде білікті маман атанып, жұмысқа орналасқан.

Дуалды оқыту бұл – білім мен тәжірибені бір мезгілде ұштастыруды көздейтін жүйе. Бүгінде өңірдің әр жоғарғы оқу орны кәсіпорындардың тапсырысы бойынша мамандар дайындай бастаған. Сондықтан болар, табақтай дипломға ие болса да жұмысқа орналаса алмай жүрген мамандар аз. Кәсіпорындар болса техникалық бағыттағы мамандардың көбейіп келе жатқанына қуанышты.

Дуалды оқыту жүйесі бастау алған 2011-жылы жоғарғы оқу орнының 35% түлектері жұмысқа орналасса, ал былтыр бұл көрсеткіш 50%-дан асқан. Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысында сәтті іске асқан дуалды оқыту жүйесіне қызыққан ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов:

– Біз бұл жобаны Шығыста бұдан әрі дамытамыз. Өзге өңірлерге тәжірибе алмасу арқылы енгіземіз. Білім беру туралы Заңға дуалды оқыту бойынша өзгеріс енгізіп, алдағы бесжылдықта білікті маман даярлауға күш саламыз, – деп ағынан жарылған болатын.

Шығыс Қазақстан облысында тұрақты экономикалық даму кәсіптік-техникалық мамандарға деген сұранысты арттырғанын байқау қиын емес. Қазіргі таңда Шығыстағы іргелі кәсіпорындардың өздері дуалды оқыту жүйесі бойынша маман даярлау ісіне бел буып, білек сыбана кірісіп отыр. Осы ретте «AES Өскемен ЖЭО» компаниясы кәсіптік бағдар беру жұмысына баса мән беріп отырғанын атап айтуға болады. Өз кезегінде «AES Өскемен ЖЭО» бас директоры Георги Илчовскиге бұл бағыттағы жұмыстарға былайша баға берді.

– «AES Өскемен ЖЭО» – бұл жас кадрлардың кәсіптік-техникалық даярлығына үлкен назар аударатын серпінмен дамып келе жатқан кәсіпорын. Біз ШҚО Кәсіпкерлер палатасының белсенді араласуымен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі жергілікті оқу орындарымен ынтымақтастықтамыз. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Өскемен ЖЭО-ға «Серіктестік көшбасшысы-2014» атағын беруі жетістігіміздің мойындалғанына куә. AES компаниясы Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасымен және облыстың білім беру басқармасымен бірге қала мектептерінде кең көлемді кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізеді. 2014 жылы «Нұр Орда» халықаралық мектебінде кәсіптік бағдар беру кабинетін ашты. 2014-2015 оқу жылында студенттер, оқу орындарының түлектері, сонымен қатар оқу орындарының оқытушылары үшін 35 экскурсия өткізілді. Кәсіпкерлер палатасымен бірге дайындалған кесте бойынша қала мектептері оқушылары үшін AES компаниясы кәсіпорындарына экскурсиялар ұйымдастыру жұмысы жалғасуда. AES компаниясының Өскемендегі оқыту орталығы қазірде Шығыс Қазақстан облысындағы ірі корпоративтік оқу орталығы болып табылады. Орталықта оқыту процесіне қажет құралдармен жабдықталған оқу аудиториялары бар. Компьютер сыныбы, қауіпсіздік техникасы сыныбы, екі оқу полигоны (электр жабдық және жылу энергетика жабдығы), заманауи конференц-зал жасақталған. Аталмыш орталықта жылына Компаниямыздың, мердігер ұйымдар мен серіктестеріміздің 3 мыңға жуық қызметкері білім алады, – деп дуалды білім берудің маңызына қатысты ойын ортаға салған болатын.

 

Думан Танабасов